09.05.2023
  71


Автор: Мәжит Дәулетбаев

БЕТПЕ-БЕТ

 


Алпысбайдың Қостанайдағы қызыл партизандардың отрядынан аман қалып бері келгеніне, бірталай уақыттар өткен.


Мұны ауыл адамдарының көбі білмейтін.


— Қайдан келдің?— деген адамға, Алпысбайдың беретін жауабы:


— Жәй әшейін... Жер көріп, дәм татып келдім...


Алпысбайдың жатқан жері «К» ауылындағы Темешбай дейтін бір бақташының үйі. Бұл ауыл. Тұңғат қажының ауылынан 22—23 шақырым қиғаш отыратын.


Алпысбай Қостанайдан партизандар отрядынап келген соң қарап жатпады, әйтеуір қашанда болса бір күні қызылдар келеді ғой. Оған дейін, олардың жолын біртіндеп арши тұрайын, деген оймен, «Жанбота», «Самал», «Көбек», «Жоталы» деген ауылдарды өте сақтықпен аралап жүріп, кедей-батырақтардың арасынан орыс−қазағы аралас отыз кісілік бір отряд құрды. Ол отряд бері келе зорайып, алпыс-жетпіс шамалы кісі болып, «Қызыл партизандар отряды», «Алпысбай отрятары» аталып кеткен еді.


Көп уақытқа дейін бұлардың бәріне бірдей винтовка мылтық, қылыш түспеді. Найзалары үш сала айыр, басына істік темір шегелеген сырық құсаған сойыл. Біразында берденке, бытыра, шиті мылтықтар болды. Бірен-саран қолға түскен винтовка болса, оған патрон табылмайды. Табылған күнде, бұрын мұндай соғыс мылтығын ұстап көрмеген ауыл кедейлері, батырақтар, оны атудың тәсілін таба алмады. Алпысбай, бір жағынан отряд жинаса, екінші жағынан, бұларды мылтық ұстауға, винтовка атуға үйретті. Бірақ өте сақтықпен істеді. Бертін келе Алпысбайдың отрядына Владимировка, Мусин, Арканыской, Ровлевке, Балтавка деген поселкелерден азды-көбін орыс крестьяндары қосылды. Олардың көбі мылтық атудың тілін жақсы біледі. Қазақтардың көбін солар үйретті.


Алпысбай бұрын отрядта жүргенде бірнеше бомбыны беліне тізбектеп алып жүретін, аяғында сол бомбыларды еш адамға көрсетпестен елге ала келді. Бірнешеуін өзіне помощник болып жүрген Тарасқа (Тарас Иванович) берді. Өйткені, Тарас Иванович бұрын Герман соғысында жүріп бомбаны қалай қолданудың әдісін біліп қалған адам еді.


Бip күні бірнеше қазақтарды бомбамен таныстыру керек бола қалды да Алпысбай, Тарас Иванович екеуі ауылдан аулақ ойпаңдау бір жерге бомба лақтыруға келді. Ол кезде де ақтардың шұбыртынды бөлшектері айнала сабылып жүретін. Бірақ Алпысбай жатқан төңірекке ондайлардан ешбіреу қалған жоқ еді. Өйткені қара жолдан көп бұрыс жер.


Алпысбай бомба лақтырардың алдынан еріп келген бірнеше адамдарға (қазақтарға) кейінірек барып бұғып атудың керектігін айтты. Сөйтті де, сырты қыртыс-қыртыс бомбалардың біріне капсул салып (бомбаны жарғызатын тетік) қасындағыларға:


─ Ал, кейін барып жатыңдар, шапшаң!— деп айқайлады.


Бұрын мұндайды көрмеген Ақпанбек, Болатбек, Тамбай, Жарымаған сияқтылар жиырма қадамдай жерге барып етбетінен түсіп, енді не болар екен деген кісілерше көздері жылтырап, демдерін әлсін-әлсін алып, бұғып жатты.


Алпысбай бомбаны лақтырып тастап, Тарас екеуі жүгіріп келіп жата қалды.


Әлден уақытта бомба түскен жердің топырағы аспанға ұшты, қап-қара түтін болып кетті. Даусы құлақтың ішін жарып кете жаздады.


...Көрдің бе бәлем деген кісілерше, етбетінен жатқандар бір-біріне қарады.


— Жоқ ойбай! Мынауыңның ебін біз әлі білмеспіз!..— деп отрядтағы қазақтар (тіпті кейбір орыс жолдастар) бомбаға жоламады.


Алпысбайдың отрядына бірталай адам болса да, олардың барлығын бірдей бір жерге топтап жату қиын болды. Өйткені, ауыл арасында байлардың сыбыр−күбірі көтеріліп, ең аяғында бұл хабар Тұңғат қажының ауылындағы ақтардың құлағына шалынды. Тұңғат қажы:


— Алпысбайды жапырақ қып тураймыз!— деген хабар таратты. Сол «мүддесін» орындау үшін, ақтарды партизандармен күресуге көмекке шақырды.


Бір күні кеш еді.


Тұңғат қажының үйінде ақтардың шенділерімен аралас, байлар, Бұзаубай, Қабысбай, Аулабай, Әбді қажылар тегіс жиналып отырып мәжіліс құрды. «Түн ішінде барып, абайсызда Алпысбайды отрядтарымен қоса қамап ұстап алу керек» десті. Әрқайсысы әр түрлі ұйғарды. Біреулері «Сол ауылды түн ішінде мүлде өртеп жіберу керек. Бәрі де қызылдар жақ»— деді біреулері: «Алпысбайды тірідей ұстап, терісін жону керек»,— деді.


Офицерлердің бірінің даяршысы бір башқұрт солдаты бастығының айтқанын перевод қылған болып:


— Айқай, бай абзилар, қажы абзилар. Білмейдіңіз. Бид бит аңдай енеңді... Қызылдарды ит орнына қойдық. Қызылдар бит олар, бідінің Заки абди әйтмисли, иһламға қарсы иоғысалар. Әйда тұтабыз да өлтірабыз,— деді.


Бұл неменің сөзін Тұңғат қажы аса қуаттап әкетті. Сақалын салалап, қарқ-қарқ күлді де былай деді:


— Әлеумет! Қызылдарға жем болғанша, ақтардың қатарында, дін үшін, патша үшін соғысып өтейік. Ысырайдың аруағын көтереміз десеңдер мынау атқа мінген арыстандай елу жігіт, әуелі құдай, екінші, мына кісілердің (ақ бандылардың дегені ғой). Менің соңыма еріп жүріңдер. Өлсек шәйт, қалсақ қазы боламыз!..


Сол серттен кейін басы Тұңғат қажы, елу жігіт, жиырма шамалы ақ бандылар болып, сол күні түнде атқа мінді.


Бұлар сол күйімен бара тұрсын, енді Алпысбайға келейік.


Сол күні кешке Алпысбай жатқан ауылға шапқыншы болып кісі келді. Бұл келген кісі дәл Тұңғат қажының ауылынан емес, онан екі-үш шақырымдай ғана қашық отырған ауылдағы Саналы деген бір батырақтың (бұл батырақ Алпысбай отрядына жазылған адам) әйелі еді. Саналы сол ауылда болып, Тұңғат қажының манағы ыңғайын естігеннен кейін-ақ, өз ауылына қайтқан болатын. Кісі көзіне түсіп қалмастай оймен, әйелін жіберген мәнісі сол еді.


Тұңғат қажының бұл хабарын естігеннен кейін әйелді ауылына қайтарып жіберіп, Алпысбай кісілерін жинады. Уақыт тығыз, етек-жеңді түгел жинап алуға мұрсатана жоқ. Тарас екеуі кеңесіп, төңірегіндегілерге істің мәнісін түсіндіргеннен кейін, мынадай серт қойды:


— Бұл жатқан ауыл, қайда барғанымызды білмесін, бұл бір. Екінші, біз келе жатқан қолдың алдынан шығайық. Қол келетін жолдың жиегінде «Түлкібас кардоны» дейтін кардон бар. Соның ішінде жасырын күтейік. Бұйрық бермей, ешбір адам мылтық атушы, көзге көрінуші болмасын. Ешбір дыбыс білдірмеңдер, үшінші қақ жарымың мынау Тарас Ивановичтың қол астында болыңдар. Олар жолдың екінші жақ жиегінде, картонның екінші бетінде тұрады. Мұндағы мақсат келген жауды екі жақ бүйірден соғу. Біздің жақтан қиқу шыққанда, сендер де қиқуды салып тұра ұмтылыңдар!.. Ұқтыңдар ма!— деді отрядқа.


Тарас Иванович орыс жолдастарға түсіндіріп жатты.


— Ұқтың!— деді отряд.


Естеріңде болсын, жаңадан қосылғандардың арасында кейбір жүрегі тұрмайтындарың болса, осы бастан айтып қойыңдар. Ондай адамдар қалып тұрсын,— деді Алпысбай.


Ешкім бұған жауап бермеді. Әрқайсысының жүрегі асау аттай тулап, «не болса да бір көрсек екен, не болса да, жауды мұқатсақ екен!» деп тұрды.


— Қане, аттандық!— деді Алпысбай, атына мініп. Ауылдың сыртына шығып, отряд екі лек бола қалды. Бір бөлегі Тарастың соңынан, бір легі Алпысбайдың соңынан ерді. Бірақ кардонға жеткенше бірінен-бірі қалған жоқ.


Түн жым-жырт...


Аттардың тұяғы қарды кірт-кірт басады. Бірдеңенің боларын аттар да сезген сияқты пысқырады. Әлдеқайда жол үстінде ерешке арбаның салдырағаны естіледі. Отряд кейде тоқтап, құлақ салып тыңдайды. Кейде желе-жортып кетеді. Отряд кардонға жеткенше, жолдан қашық жүрді. Кардонға жеткенше ешкім біріне-бірі ым қаққан жоқ.


Алпысбай есіне Қостанай отрядында жүрген кезі, Далбашевкедегі атыс сырғып түсті. Онда да партизандар отряды айнала қамаған жаудың ортасында жүрді. Онда да осындай түнгі аттаныстар, қауіпті уақыттар болды. Бұ да сол сияқты. Айнала шұбырған, қашқан-пысқан ақтар. Фронт әлдеқайда алыс, жетпіс шақырым жерде. Онда қызылдар ақтарды бері тықсырып келе жатыр. Ақтардың алды соғыста, арты ауыл-ауылды басып кейін қарай қашуда. Сол екі ортада жүрген мынау Алпысбай отряды... «Бір ойласаң қызық-ау!»— дейді Алпысбай өз-өзіне.


Тарас Иванович та өз басындағы оқиғаны ойлап кетеді. Ол 1919 жылы Герман соғысынан қайтып келді. Поселкесі — Владимировка. Әйелін, баласын өзі жоқ кезде ақтар, «Байыңды тап!» деп қамшысының астына салып, ең аяғында «қарсыластың» деп зорлап басып, найзамен шаншып өлтірген. Мұны көріп тұрған он жастық баласы қыстың үскірік аяз түнінде далаға жүгіріп шығып, поселканың көшесінде үсіп өлген.


Міне, сонан бері Тарас Иванович амал таба алмай қашып жүріп, бұрынғы ашына, досы Алпысбайдың отрядына келіп бірнеше адамдармен қосылып еді.


Алпысбайдың отряды екі жақтап кардон кіріп, біраз тұрғаннан кейін, ақтардың келетін жағында, жол үстінде дыбыстар естілді.


Ақтар ауылдан шыға сала ән шырқады. Басы офицер Мерошкин болып, мас еді. «Тәйірі, бұл жерлерде бізден басқа кім бар дейсің. Айналдырған бір төбет қазақ отрядынан қорқамыз ба?» деген оймен, олардың көңілденіп «герой» құсап келе жатқан беттері болатын. Кейде ескі жорудың өзі де дұрысқа шығып қалады. Мұны қазақ «сәт» дейді. Сондай «сәт» жол үстінде Тұңғат қажының отрядында да болды. Алдымен аты сүрініп, барып Тұңғат қажы омағатып барып бір жығылды. Осыны Тұңғат қажы іштен жорып келіп, «әй, алла, өзің дұшпанға таба қыла көрме!»— деп бетін сипап, сақалын салалап қойды.


Алпысбай отрядының жау тосқан жері кардонды қақ жарып өтетін жолдың екі жақ жиегі еді. Екі ортасы қатарласқанда жиырма атты адам сиып өтетіндей ғана жер болатын.


Алпысбай манағы жоспарын азғантай ғана өзгертті. Бұл жөнде Тараспен мына түрде ақыл қосты.


— Менімше, осы жер өте қолайлы. Біз жаудың алдыңғы тарауы бір жағымызға өте бергенде-ақ, екі жақтап бомба тастауымыз керек. Ол екі ортада отряд, екі айырылып кейіндеу барып тұрсын. Сен де сөйт, өз бастаған легіңді оңды-солды екіге бөл де, кейінірек қой. Алдыңғы бомбаны мен тастайын, ол жарылып болғанда-ақ сен екінші бомба таста. Сонан кейін-ақ жаудың алды-артын орай от қояйық!— деді Алпысбай.


Тарас Иванович Алпысбайдың бұл амалын өте жарамды деп тапты.


Уақыт жақын қалды, ақ бандалар шулаған бойларымен кардонға еніп келеді. Солардың шуының бір пайдасы кейде Алпысбай отряды жағындағы аттардың осқырығы оларға естілмей қалып тұрды. Аттар дамыл таппайды. Аяғымен қарды теуіп, құлақтарын қоқырайтып осқырады.


Алпысбай өз атын отрядтағы біреуге ұстатып, кейіндеу қойды да, беліндегі бомбаны алып «кәпсіл» алды. Тастайтын ыңғайда алдында бір жуандау қайың ағаш тұр еді. Онан қашығырақ кетті. Бандылардың отряды қақ жартысы тұсына келіп өте бергенде бомбаның ырғақ темірін уысына қысып, «талмау тұсың осы ғой» деген кезде, серпіп кеп жіберді.


Бомбаның тас-талқан жарылған дауысы мылқау түннің жым-жырт қалпын бұзды. Кардон өкірді. Ащы дауыстар естілді. Алпысбай басын көтергенше болған жоқ, екінші бомба түннің қараңғы кескінін быт-шыт еткен тәрізденді.


Жиырма минуттай уақыттан кейін, бір топ атты адам жау келген жаққа қарай сытылып шыға қашты. Оның соңынан бір топ адам қиқу салып тұра ұмтылды. Онымен кардон ішіндегі атыс-шабыс тынған жоқ. Әр жерде, әр ағаштың түбінде жұлқысып жатты. Біреулер ыңыранды, біреулер шыңғырды. Біреулер бассауға сұрады. Тағы жиырма минуттан кейін Алпысбайдың ат үстінде тұрып: «Өй, қайдасыңдар?» деп отрядындағы адамдардың кейбіреулерінің аттарын атап, айқайлаған даусы естілді. Әлдеқай жерде мылтық атылды, қиқу естілді. Әрі-беріден соң жым-жырт бола қалды. Алпысбайдың даусын естіген соң−ақ:


— Алпа! Біз мінекей!— десіп, бірнеше адамдар тұс-тұстан шапқылап келді.


Алпысбай, аяқ астында тұс-тұста қарайып құлап жатқан денелерге, тыпыршып тұрған аттарға қарап, төңірегіндегілерге:


— Тарас қайда?— деді


Ешкім үндемеді. «Шынымен Тарассыз қалдық па?» деді ішінен Алпысбай. Жүрегі мұздай болды. Басы айналған тәрізденді. Аттан түсіп, маңдайындағы терін жеңінің ұшымен бір үйкеп қойып:


— Жігіттер! Түгелсіңдер ме!.. Біріңді-бірің байқаңдаршы!— деді.


Тағы да ешкім үндемеді.


— Тарас бір топ кісі болып қашқандарды қуып кеткен сияқты болды-ау, осы!— деді шетте тұрған біреу.


— Иә, Тарас Иванович қашқандарды қууға жөнелді, рас!— деді орыс жолдастардың бірі, шала тілмен.


«Бәсе солай болса керек еді»,— деді Алпысбай өз-өзіне.


Сүйдеп тұрғанда алды жаяу, арты атты бір топ адам жақындап келіп қалды. Алпысбай Тарас Ивановичтың дауысын танып жетіп барды.


— Тарас Иванович, саумысың?


— Саумыз. Мынау иттерді тірідей ұстап алдық.


— Бұларың кім?


— Офицер Мерошкин және бірнеше бандалар. Орыс, қазақ аралас.


Мерошкин өкіріп келіп, Алпысбайдың аяғын құшақтай жығылып еді, Алпысбай теуіп жіберді. Офицер сылқ етіп барып құлады.


— Қане, өз кісілерімізді түгендейікші!— деді Алпысбай.


Тарас тұтқын бандаларды бір топ атты партизандардың ортасына иіріп қойып, Алпысбаймен екеуі аяқтың астында әр жерде жатқан адамдарды сіріңке тұтатып кейпін байқады.


Түн салбырап қарап тұр. Ешқайдан бөтен дыбыс білінбейді. Азғантай жел үрледі. Аспанда түнеріп тұрған қараңғы қара бұлттар бірте-бірте жоғала берді. Жұлдыздар тұс-тұстан жымыңдай берді.


Алпысбай мен Тарас екеуі, өз адамдарын байқап болып отрядқа мынаны ескертті:


— Жігіттер!.. Бізден жеті кісі төңкеріс жолына құрбан болған, төрт адам жаралы. Бандылардан өлген адамдар жиырма сегіз... Тұңғат қажы бұлардың ішінде көрінбейді. Тегі бірталай адам қашып құтылған болар.


Сүйдеп, Тарасты аулағырақ шақырып алып, екеуі біраз сөйлесті. Артынан Алпысбай тағы да:


— Біз жаудың ортасында, қамауда жүрген адамдармыз. Біз жүрген төңіректе не тау, не онша бір қалың ағаш жоқ. Сондықтан, біз тұтқын алып жүре алмаймыз. Екінші, бізді ұстаса, бандылар бастан сипап қоя бермейді, ит қорлықпен өлтіреді. Тұңғат қажының қасындағыларының кімдер екендігін өздерің білесіңдер. Сондықтан бұлардың... Көзін жоғалту керек. Бірнеше кісі қазір соны орындаңдар!


Тарас Иванович бұл сөзді орысша айтты. Сонан кейін бірнеше атты адам бандыларды ағаштың тасасына айдап алып жөнелді.


Бір кезде мылтық тарс-тұрыс етті. Әрі-беріден соң тағы да жым-жырт.


Алпысбай мен Тарас Иванович партизандардың алдына түсіп, кардон ішінен шығып бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу