Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  96


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

МАХАББАТТЫҢ ІШПЕСЕМ ШАРАБЫНАН

Махаббаттың ішпесем шарабынан,
Жан мен ділім қайғымен кетер, достар.
Аулақта өлсем Алламның талабынан,
Есіл ғұмырым арманмен өтер, достар.
Алла деген шын ғашық пырақ мінер,
Бейнет шегіп ышықтан, жылап сүрер.
Тарихаттың базарын мұрат білер,
Хақиқаттың дариясын кешер, достар.
Хақиқаттың селіне шомылған жан, –
Өзі мұңдық,
көзде жас,
көңілде арман.
Қорлық, зорлық көргені – небір зордан,
Хақ Дидарын талап қып, жетер, достар.
Хақиқатқа ғашықтың – нәпсісі өлі,
Нені іздесе шын сопы – тапты соны.
Тілі – шырын,
шындықтың ақты сөлі,
Пұшық пұлға дүниені сатар, достар.
Ғашық болсаң, азапқа әсте батқын,
Хаққа қарай дария-жаспен аққын.
Жалғаншының әуресін таспен атқын,
Таспен атсаң, менмендік кетер, достар.
Қияметтің қайғысын шекпегендер,
Тар лахаттың азабы жоқ дегендер,
Хақ кәрінен қорқып жас төкпегендер
Сансыз ғазап тозақта тартар, достар.
Уа, дариға, жетті әмір, біле алмадым,
Жаннан кешіп хазіретке кіре алмадым.
Хақ әмірін нәпсі өліп, қыла алмадым,
Қасіретпен өтті өмір бекер, достар.
Өтті ғұмыр, шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.
Ақиқатсыз мағрифатқа бет алмадым,
Жолдан қалай пірсіз жан өтер, достар.
 Құл Қожа Ахмет, бұл жолға салды нәпсім,
Қаштым, достар, сол үшін бәңгі боп шын.
Алланы айтпай, қайда енді қаңғымақсың?! –
Алла деген шауық шарап ішер, достар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу