Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  171


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ПЕЙІШ ПЕН ТОЗАҚТЫҢ АЙТЫСЫ

Пейіш, тозақ таласар, таласуда баян бар,
Тозақ айтар:
«Мен артық, менде Перғауын, Һаман бар».
Пейіш айтар:
«Білмейсің, сенде қандай талғам бар?! –
Перғауын, Һаман сенде-дүр, менде Жүсіп, Кенған бар».
Тозақ айтар:
«Мен артық, дүниепарас көп құл жүр,
Қолдарына салынған алмас кісен, от-шынжыр».
Пейіш айтар:
«Мен артық, мен – пайғамбар мекені,
Алдарында олардың: кәусар, һүр мен нөкері».
Тозақ айтар:
«Мен артық, менде жөйіт, тарса бар,
Жөйіт, тарса тәндерін сансыз азап паршалар».
Пейіш айтар:
«Мен артық, менде иманды құлдар бар,
Момындардың алдында шексіз нығмет – гүлзар бар».
Тозақ айтар:
«Мен артық, залым құлдар бар менде,
Залымдарға беретін зәһар – менде, зәр – менде».
Пейіш айтар:
«Мен артық, ғалым құлдар – төрімде,
Аят, хадис, құран бар ғалымдардың көңілінде».
Тозақ айтар:
«Мен артық, алаяқ бар – қойынымда,
Оттан ескен кісен бар мұнафықтар мойынында».
Пейіш айтар:
«Мен артық, менде – хақ жол тұтқандар,
Сопылардың көңілінде зікір, пікір, Сұбхан бар».
Тозақ айтар:
«Мен артық, бейнамазды аяр бар,
Бейнамаздың мойынында жылан менен шаян бар».
 Пейіш айтар:
«Мен артық, менде – Дидар-Мұратың,
Жар Дидарын көрсетер бар Рахман-Рахым!»
Тозақ сонда тақ тұрды,
Пейіш көкке самғады, ал,
Құл Қожа Ахмет, не білдің? –
Білдіруші Алла бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу