14.04.2023
  88


Автор: 365 күн

28 мамырда қандай қызықты оқиға болды

Бүгін көптеген елде Қара шашты қыздардың күні аталып өтеді. Бұл арулар үріп ауызға салғандай сұлу, мінсіз мүсінді, ерік-жігері мықты әрі көркіне ақылы сай келеді. Мерекенің қалай шыққаны да өте қызық – 2006 жылдан бері Дүниежүзілік сары шашты қыздар күні тойланатындықтан, қара шашты арулар да көштен қалмай, бәскелестерінен басып озу үшін өз мерекелерін атап өтуді шешті. Қара шашты қыздар күні – бейресми мереке, алайда көп ұзамай ресми мәртебеге ие болуы ықтимал. 28 мамырда қара шашты аруларға жылы лебіз білдіріп, жүрекжарды тілектер айтып, гүл сыйлау керек. Мейрам жыл өткен сайын кең тарап барады – дүкендерде әртүрлі науқандар жүргізіліп, клубтарда марапаттау және басқа да рәсімдер өтеді, ал журналдар ең әдемі қара шашты сұлуды таңдайды.

28 мамырда майонездің туған күні аталып өтеді. Аңыздардың біріне сүйенсек, ол Жеті жылдық соғыс кезінде пайда болған. 1756 жылы Францияның Маон қаласын ағылшын әскерлері басып алды. Көп ұзамай қала ішіндегі маршал Луи дю Плесси бастаған француз гарнизонына азық-түлік жетпей жатты. Сол кезде қолда бар азық-түліктен жұмыртқа, өсімдік майы және лимон ғана болған. Сарбаздар омлетке әбден мезі болғанда, аспаз аталған ингридиенттерден соус жасапты. Дәмді шыққаны сонша, әзірлеу тәсілі бүкіл Францияға тарайды. Соусты шыққан қаланың атымен майондық, яғни французша "mayonnaise" деп атаған екен. Бүгінде соустың рецептісі аздап өзгерген. Оған өсімдік майы мен жұмыртқадан бөлек сүт, қыша, сірке суы және басқа да дәмдеуіштер қосады.

Сонымен қатар бүгін кәсіби мереке –  SEO оптимизатор немесе SEO-администратор күні. Бұл мерекенің әзірге ресми мәртебесі жоқ, тек осы саланың мамандары ғана бар екенін біледі. SEO дегеніміз іздеу жүйелерімен жұмыс істеу әдістері, оның мақсаты – қолданушылардың белгілі бір сауалдарына сүйене отырып, іздеу жүйелері арқылы өзіңізге қажетті дереккөздерді ілгерілету. SEO-оптимизатор мамандығы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында пайда болды. Содан бері қанша жыл ішінде іздеу жүйелері бірнеше мәрте алгоритмдерін өзгертті, тиісінше SEO оптимизация да дамыды. Қазір SEO  миллиондаған айналымы бар қуатты өнеркәсіпке айналды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу