Өлеңдер ✍️

  13.04.2023
  590


Автор: Мұқағали Мақатаев

Санаулы күн

Санаулы күн,
Санаулы ай,
Санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл.

Қанша күнің,
Санап көр текке кетті,
Қанша жанды,
Санап көр, өкпелеттің.
Адамдықтан адасып қаншама рет,
Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің?!
Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің,
Қанша жанның жүзіне шуақ септің ?
Қаншама рет қуанып бардың - дағы,
Қанша адамның алдынан жылап кеттің.

Ал,қанеки,
Санап көр, санағышым!
Сарқалмастан тұрғанда сана - күшің.
Не жақсылық көрсетті адам саған?
Не жақсылық жасадың адам үшін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу