Өлеңдер ✍️

  07.04.2023
  1044


Автор: Аманжол Мақажанов

Тәрбиелік таным...

Үлкенге- құрмет, кішіге- ізет қалған ба?!
Кінәмшіл болма,кішірейуден арланба!
Тәкаппар болу, тектіден қалған іс емес
Тәрбие керек, кесірлік толы талғамға.

Мейірім қайда, жат бауыр бәрі мейман ба?!
Кердеңдей басып, керілу басым кей маңда.
Қомағай ойлар, қарынның қамын ойласа
Қонақ асы да, бұйырмай қалған мейманға.

Қазағым қайда?
Пейілі дархан, тасыған!
Береке кетіп, айрандай болма ашыған!
Таусылып бара жатқандай, қайран қазынаң
Қария тектес,қарымы қайсар асыл ән.

Толтырған көңіл, тостағандарың тесілген,
Жастарың анау, алатын жаға,төсіңнен.
Бәстесіп жүріп, бақталастықпен бас бермей
Адасып қалма, бағыты бірге көшіңнен.

Арақпен сыйлап, алқынған қайран пенделер,
Ұяттың бетін қалмады жабар перделер.
Батысқа қарап, қара көздерім арды озды
Әуреттін ашып, шын ойнақ жасап сенделер.

Жігіттер анау, қой демей оны қостаған,
Арсыздың әнін әлпештеп бірге қоштаған.
Ағалар анау, алпыстан асып кетсе де
Жөніне салып, ақылды ойын қоспаған.

Жақпаймын күйе, халқымның бірақ бәріне,
Асылдарым бар, арымен жолдас әлі де.
Бар үміт сенде-еңселі ер мен аналар
Тек сендерсіңдер- елімнің нәрі, әрі де.

Тәрбие басы, бесікте ана тербеген,
Тектілік қана, тәуелсіз елді теңдеген.
Тәлімді күннен сабақ ал, саны сапалы
Ақылың болсын, арың да лағыл тең денең!..

Аманжол Мақажанов 7.04.2021




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу