31.03.2023
  207


Автор: Лашын Әзімжанова

Жас ақындарды топ-тобымен ертіп келетін

 


Мұқағали өзі қатарлы білімді адамдармен тез тіл табысып, достасып кететін. Бірде Қалжан Нұрмақановты үйге ертіп кеп бізбен таныстырды. Бірде Қажығұмар Қуандықовпен бірге келді. Ол кісіні «қазақтың тұңғыш зерттеушісі» деп таныстырды. Әнуарбек Дүйсенбиевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді. Әнуарбектің «Қаһарман қорған» деген жыр кітабы баспадан жаңа шыққан екен. Екеуі кітапты алып, біздің үйге кеп жуып жатыр. Кетерде бізге біреуін тас­тап кетті. Онда: «Мұқашқа! Бір-бірімізді өзімдей түсінетін ұлы туысыма! Алтын құрдасыма! Іздейтін жалғыз бауырыма! Ә.Дүйсенбиев» деп жазылған қолтаңбасы тұр… Шәміл құрдасын да ұнататын. Бәрі де арасына бір жыл, екі жыл салып қайтыс болды, қайран боздақтар!
Орыс жолдастары да болушы еді. Геннадий Кругляков деген ақын келіп жүретін. Оған бір жинағын аудартпақ болды, кей жерде аударма Мұқағалидың көңілінен шықпай жататын. Кейін «байтал түгіл, бас қайғы» болды да кетті. Сергей Киселев деген әрі жас, әрі жақсы талантты ақын болды. Оны да әкеліп жүрді. Украин ақыны Е.Летюк, ақын А.Елковтар да Мұқағалидың дархандығына бас иді.



Мұқағали, әсіресе, өзінен кейінгі сөздің қадірін білетін студенттерді, жаңа жаза бастаған жас ақындарды топ-тобымен ертіп келетін-ді. Мен басқа ештеңе болмаса да, қысы-жазы арпадан, тарыдан көже ашытып қоям. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатарлап отырғызып қойып, «мынау көже – атаңның асы, іш!» деп беріп жатады. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығам. Оны Мұқаң есептемейді, кек тұтпайды, ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар қалай болар екен деп, есік жақта иіріліп тұрады. «Ой, қызталақтар! Жоғары шығыңдар! Жеңешең оттай береді, оған қарама!»– деп ашыған көжесін беріп жатады, дарханым. О да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой!





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу