Өлеңдер ✍️

  30.03.2023
  2025


Автор: Мұқағали Мақатаев

Өмір деген

Өмір деген - ұлы сапар осынау,
Қиындықтар кезіксе де жасымау.
Өмір деген - қарап жүрмей досым-ау,
Жұмыс жасау, жанұяңды асырау.
Өмір деген - міне солай жан бағу,
Әр қызыққа тамсану да, таң қалу.
Өмір деген - өкініш пен қуаныш,
Өмір деген - алдау және алдану.
Өмір деген - өз-өзіңді басқару,
Басқара алмай кейде шалқып мастану.
Өмір деген - баю, тою, шірену,
Өмір деген - тиын санау, аш қалу.
Өмір деген - жалындыру, жалыну,
Өмір деген - сырқаттану, сауығу.
Өмір деген - күнә жасап, артынан
Тәубаға кеп заңдылыққа бағыну.
Өмір деген - жыл қарсы алып, жас қосу,
Танымайтын біреулермен достасу.
Өмір деген - бір адамды қарсы алып,
Бір адаммен мәңгілікке қоштасу.
Өмір деген мақталу да, датталу,
Жан досыңа бар сырыңды ақтару.
Өмір деген - күн артынан күн өту,
Бірде жылап, енді бірде шаттану.
Өмір деген - азу, тозу, семіру,
Жастық өтіп қартыққа да жеңілу.
Өмір деген - сағыну һәм ұмыту,
Өмір деген - ғашық болу, жеріну.
Өмір деген - арғы жақты сөз қылу,
Өз-өзіңе риза болу, жазғыру.
Туған күнді тойлай жүріп бір күні,
Өмір деген - аңдаусызда көз жұму.
Біздің мекен - бағзы өлке, ескі алаң,
Кімдер сірә, табанымен баспаған.
Жердің жүзін билегісі келсе де,
Мәңгілікке ешкім есік ашпаған.
Міне сондай, мен қозғаған ой мынау,
Өмір деген - тек тіршілік жайлы дау.
Қойшы досым, адамбыз ғой бастысы,
Жоқ болғанда қайтер едік деймін-ау...

М. Мақатаев




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Шаймардан Аяжан
Өте керемет ?
Каусар
Каусар 04.02.2024 10:18
Оте керемет

Пікір жазу