16.03.2023
  347


Автор: Әсерлі әңгімелер

Ажал тұзағы - 4 бөлім

Ашу үстінде анама қаншама ауыр сөздер айтты.
- Осы тайрандағаның да жетер. Осы күнге дейін қиналып келген екенсің ғой. Ендеше бұдан былай еш бір тірлік істемейсің. Аллаға шүкір күш-қуатымнан арыла қойған жоқпын. Құдай күнімді саған қаратпасын. Бұдан былай сенің қолыңнан Құдайдың қара суын да ішпеймін. Маған жолаушы болма.
- Келініңіз бар емес пе? Сол істеп берсін ас-ауқатыңызды.
Әжемнің қаһарынан аяқ тартар анам жоқ. Анам сол кұннен бастап үйдің бірде бір шаруасын істемей қойды. Бәрін әжем өзі істеп жүрді. Тіпті сиырдың астынан бүгілген аяғы жазылмай орнынан тұра алмай қалса да алған бетінен қайтар емес. Анам болса күнде қыдырып өзімен өзі рақаттана жүрді. Алайда көз жанарынан әжеп үшін уайымға салынып жүргенін аңғаруға болатын еді. Әсемді үй шаруасына әжем баптап жүрген. Алайда оның сүйінші хабарын естіген әжемнің қуанышы жер көкке сыймай оның аяғын аспанға көтеріп жатқызып қойды. Ия, Әсем құрсақ көтеріп ана атанатын еді. Әжеп өте намысшыл адам болатын. Бар шаруаны жасау қиынға соқса да анамның алдына барған жоқ. Қазіргі техникалардың тілін білмеген соң әжеп есік алдында қолданыстан шыққан өзінің тандырына нан жауып жүрген. Ыстықтан ба, әлде анама деген ашу-ыза, өкпесінен бе қан қысымы көтеріліп есік алдында есінен танып құлады. Анам бөлмесінде терезеден қарап отырған болса керек бірден жүгіре жетіп келді. Мен көтеріп әкеліп үйге жатқыздым. Анам дереу тілінің астына дәрісін салып шырылдап жылап жүр.
- Апа, апатайым, мендей ақымақ келініңізді кешіріңізші. Мен үшін тірі жүргеніңіздің өзі бақыт. Менің арқа сүйер сүйенішім өзіңіз ғана емессіз бе? Мені тастап кетпеңіз апатайым.
- Мама, әжеме ештеңе де болмайды.
- Шық бұл жерден. Жатып ішер арам тамақ неме. Осының барлығы сенің кесіріңнен. Өз еркелігің аздай балалығы басылмаған тағы бір ерке-тотайды алып келіп берекемізді қашырдың. Жоғал әрі.
Анам мені осылай бөлмеден қуып шықты. Сол кезде мен анамды өзіме жау көрдім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу