16.03.2023
  456


Автор: Әсерлі әңгімелер

Анамның тағдырын қайталадым - 2 бөлім

Әкем базарда біраз уақыт жүк тасушы болыпты. Анам болса бір үлкен супермаркетте еден жуушы қызметін атқарған екен. Маған аяғы ауыр болса да біраз еңбектеніп тырбаңдап ақша жинаған екен. Көп ұзамай көктемнің бірінші айында мен дүниеге келдім. Иә, есімім Назима. Әкем қойыпты. Мен туылғанда да анам мені де жұмысқа ертіп алып барып істеген екен. Көп ұзамай сіңілім Назира дүниеге келді. Оның да есімін әкем қойған. Ол менен екі жасқа кіші. Екеу болғандықтан анамның жұмысында қиындықтар шығып, біраз үйде болдық. Жанымызда әкеміз болды. Ал, анамыз күндіз түні жұмыс жасап жүрді. Бізге әкем қарады. Әкем қанша мүгедек, құлағы естімейтін, үлкен кісі болғанымен бізге мықты тәрбие берді. Жан жақты шыңдады. Тазалықты мықтылап үйретті.

Бірақ әкем мен Ерманның бастары сыйыспады. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды, деуші еді ғой. Екеуі үнемі ұрысып қала беретін. Себеп жоқ бірақ ұрыс көп. Ермен ағам нағашы ата әжемнің үйінде тұратын. Назира екеуміз онда барғымыз келетін. Бірақ әкем ол жақта Ерман болғандықтан бізді үнемі жібермейтін. Төрт немесе бес рет қана барған шығармыз. Нағашыларымның үйіне барайыншы десем әкемнің төбе шашы тік тұратын. Назира екеуміз бір мектепте оқыдық. Ол менен екі сынып төменде болды. Арамыз екі жас қана болғандықтан ба, тым тете болып өстік.

Мен он бірінші сынып оқып жүрдім. Ал Назира тоғызыншы сыныпта болды. Екеумізде сұлу әрі ұзын бойлы ақ құба болдық. Көп адам бізді байдың қыздары деп ойлайтын. Жүріс тұрысымызда, көкіректігіміз, асып тасып бара жатқан сөздеріміз біздің жағдайымызды білдіртпейтін. Біздің үй ішімізді бірен саран ғана адам білді. Оның өзінде көршілеріміз ғана. Көп жігіттер сөз салып, қаладағы танымал студиядар жұмысқа шақыратын. Бірақ он сегізге толмағандықтан ол жерлерде жұмыс жасай алмаймыз.

Арада біраз айлар өтті. Мен мектепті бітіріп кондитерлікке оқуға түстім. Сіңілім де тоғыздан соң сол жерге түсті. Екеуміз үнемі бірге жүрейік, деп бір жерді таңдадық. Бір жағы қаражаттың жеткен жері сол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу