Өлеңдер ✍️

  08.03.2023
  373


Автор: Айдар Сайлауов

ЖҮРЕГІМНІҢ – АСТАНАСЫ


Қызы нұрлы, бәріне үлгілі ері,
Сыр суының сұп-сұлу сыңғыр емі.
Жаныңды ұғар жақсылар жүріп өткен,
Дарындылар мекені Сырдың елі.

Қуанышқа толатын ибалы ұям,
Нұрға тұнған, ұйыған жырға қиян.
Жан-тәлімің секілді Тұран төрі,
Қан-тамырың секілді Сырдарияң.

Сендей болсын самала өсер елің,
Көгергенін көретін көсегенің.
Қатпар-қатпар тарихтың куәгері,
Сыр бүгеді ішіне көшелерің.

Жолбарысым сен едің арыс бабам,
Жон арқасын уақыт жаныштаған.
Қалыспаған дәуірдің дүрмегінен,
Құм үстінде гүлдеген Қамысқалам.

Жағадағы Қорқыттың сор ізі мұң,
Оғландай ойнақтап оғыз ұлың.
Кешіміздің самалы соға қалса,
Есіңізге салады қобыз үнін.

Сабылысқан адамдар, асыққан кім!?
Жақсы көрші. Тек сонда қашықтар мұң.
Жарық шамдар әйтеуір жымияды,
Көз жасына жуынып ғашықтардың.

Әдебиетің дәйекті құйған ақ нәр.
Мәдениетің мәйекті жиған ақпар,
Дәулетіңе жатады кесенелер,
Сәулетіңе сән беріп ғимараттар.

Алғашқы қазағымның бас қаласы,
Қай соқпаққа тимеді қасқа басы!
Кең дала – бұл елімнің дарқандығы,
Сен ғана жүрегімнің – Астанасы.

Сыр елі жүрегімнің – Астанасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу