Өлеңдер ✍️

  03.03.2023
  555


Автор: Болат Құрсақбай

Әз-Наурыз көктемім

Нәсіп етіп жаратқан жанымызға.
Аман жеттік мінеки науырызға.
Көш керуені өмірдің келе жатыр,
Қанағат қып әйтеуір барымызға.

Жер қыртысы бусанып, тершіп қырат.
Жан-жануар жадырап алды қуат.
Көктем исі кеудеңді аймаласа,
Желпінеді тал, қайың алып шуақ.

Күнгей жатыр жамбастап жәйбырақат.
Маңдайынан күн сүйіп, жайды қанат.
Жауқазындар жапыраққа асылады,
Төбесінен төңкерілген күнге қарап.

Теріскейге тығылып қасат қарлар.
Иек артып қарайды терең жарлар.
Бүршік жарып тобылғы томпияды,
Сыбырласып самалмен нәзік талдар.

Көк аспанда тыраулап аққу, қаздар.
Сағынышпа, даусында сырлы наз бар?
Құт мекенде еркін жүр еміреніп,
Сені күткен тағы да, жаз бар, күз бар.

Боз адырда бозторғай салып әнін.
Табиғаттың келтіріп сұлу сәнін.
Он сегіз мың ғаламды әз науырыз,
Мейіріне бөледі жебеп бәрін.

Болат Құрсақбай




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу