Өлеңдер ✍️

  26.02.2023
  319


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Қыраным шықпай қойды неге үнің?

Сұңқылдап көкке самғар қайда күнің,
Қыраным шықпай қойды неге үнің.
Қара түнек жартысын мүжіп қойған,
Сәулесін төге алмай тұр айда бүгін.

Қара түнек қара бұлт қаптап кеткен,
Түнгі аспанғы жарықты таптап кеткен.
Некен саяқ жұлдыздар әлсіз ғана,
Сәуле шашып көрінер аспан көктен.

Қыран бүркіт мардымсыз, тұнжырайды,
Топшысынан қайрылып қан жылайды.
Бойын түзеп қанатын қомдай қалса,
Қарға, құзғын, шымшыққа болар қайғы.

Қыран Бүркіт дәрменсіз сұңқылдайды,
Әйтседе иментеді құрқұлтайды.
Жүн жыпырдан тоқылған әлсіз ұя,
Қыстан шықпай құласа болар қайғы.

Селкілдейді ақ қайың селкілдейді,
Құламасам болды да еркім, дейді.
Құтырынған тентек жел дүркін, дүркін,
Тарылғандай соғады бейне пейлі.

Ақыр соңы айылын жинай қойды,
Кең далаға бүркітте симай қойды.
Ақ қайыңда бір сәтте тыныш тауып,
Құтырынған дауылды қимай қойды.

Дірілдейді жер ана дірілдейді,
Мен сілкінсем қалмайсың бірің, дейді.
Адамзат тауып жүрсің пейіліңнен,
Үйден шық, қашып құтыл тірің, дейді.

Насыреддин Қожырбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу