Өлеңдер ✍️

  11.02.2023
  512


Автор: Тоқтарәлі Таңжарық

ҚОҢЫР КӨЛЕҢКЕ

 
Сен қайдасың, қоңыр көлеңке?
Ояу жүрсем де түс көргендей 
Сені сағынам. 
Кәрі еменнен саулаған жапырақты иіскеймін, 
Бірін бірі шимайлаған 
жолдардың өткелінде тұрып. 
Қаңыраған көшелерді жалғыз кеземін 
Иен аралдай көкірегім құлазып, 
Әлі жаттамаған дұғаларды күбірлеймін. 
Ашқылтым түс көріп ұйқымнан оянсам, 
Ойымнан әлдебір әуен сарыны кетпейді – 
Жорылмаған түсім секілді, 
Болжанбаған сағынышқа шомамын. 

Мүлгіген бақта мұңлы әуенді ыңылдап,
Мен иіскеген жапырақты 
маңдайыңа басып, 
Көлеңкеңнен көлеңке өрбіп, 
Мен кешпеген өзендерді кешіп, 
Мен жаттамаған дұғаларды күбірлеп, 
Сен қайда жүрсің, қоңыр көлеңке?!

***

Көкірегімнен ұзақ жылдар бұрын ұшып кеткен бір құс, 
Аппақ құс, 
Ұясына қайта қона алмай жүр... 
Тек шырылдаған дауысын естимін.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу