Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  159


Автор: Еділбек Дүйсен

Каспий. Қызыліңір

Бұрынғы өмір.
Бұрынғы ауыл.
Бұрынғы ән...
Бұрынғы Күн, көкжиекке тығылған.
Жөргегінен аунап түсті жүрегім,
Уақыттың уысына ұрынған.

Толқып...
Тасып...
Симай сезім арнаға,
Маған бейне қарайтындай маңдана:
Секпіл құмы табанымнан сүйетін,
Селеу басы зікір салған сардала.

Көктем кешіп...
Көңіліме ем іздеп,
Ойсыздықтан болмақ едім желі үзбек.
Әлденені ұқтыра алмай жатқандай,
Көбікауыз, көпіреді теңіз кеп.

(Ұғынғанға, жартас болу- бұл бір бақ,
Аймалайды... теңіз салған мұңлы ырғақ)
Бала қайлар*- балақайлар секілді,
Балағыма оралады былдырлап...

Табиғаттың мынау тұмса қалпынан,
Уыз самал есіп тұрды аңқыған...
Өрекпіген көңілімнің өңіндей,
Каспий жатыр, қызыліңір шарпыған...

-------------------
* қай- толқын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу