Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  106


Автор: Еділбек Дүйсен

Ақ қыс айшықтары

Түсіп дүние түр-түрге,
Кештіреді күй қызық.
Жер - сұлуға бір түнде,
Кетті ақ көйлек кигізіп.

Аймалап күн ақ маңдай,
Сансыз сәуле шарқ ұрад.
Қар бетінде жатқандай,
Ақ моншақтар жарқырап.

Аңшылар жүр қуанып,
Күтті мұны қанша олар?!
Болатындай бұл анық,
Қызғылықты "Қан сонар".

Тып-тынық күн...ой, Алла-ай,
Үнсіз қанша жата алар.
Жосылған із жоғалмай,
Арманыңа апарар.

Сиқыр күшті танытты-ау,
Қолын оның көрмедім.
Тереземе салыпты-ау,
Қырауменен өрнегін.

Бүгін ғажап мүлде күй,
Қарап тұрмын ауладан.
Қардан "телпек"киген үй,
Дәу балмұздақ аумаған.

Кіршігі жоқ ақ ұлпа-
Ақ тілегім, арымдай.
Келе берші, сағынта,
Қатыгез боп, тарылмай.

Шат-шадыман шақтарды-ай,
Көбелек-қар қонғай көп.
Тұрғандай қыс:"Ақ қардай,
Жаның таза болғай" - деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу