Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  146


Автор: Еділбек Дүйсен

Қонақ

Келген қонақ шайынды,
Ақ дастархан жайылды.
Ас атасы - нан анау,
Танау жарып барады-ау...

Жұпар иіс аңқиды,
Ас мәзірі сан қилы:
Түр-түрі бар тәттінің,
Көлдей шалқыр шаттығың.

Үзген жүзім тұр, жаңа,
Алма, қияр, құрма да.
Қазы-қарта, бауырсақ...
Аққұман тұр әнін сап.

Марқа қозы сойылды,
Қонағымыз тойынды.
Сөздің көсеп отын біз,
Арқа-жарқа, отырмыз.

Құлақ тосып, тыңдайсың,
Өзгеге бас бұрмайсың.
Мағыналы, мәнді де,
Айтылар, көп әңгіме.

Қонақ күйі жайланды,
Күн бесінге айналды.
Ақ батасын берді де,
Ерге қонды, ер, міне...

..."Кем болмайсың, кең болсаң",
Жаны жайсаң ер болсаң.
Бақ жұлдызы жанады-ай,
Пейіл болса даладай.

Сақтар дәмін алтындай,
Қарсы алатын тартынбай.
Қонақ күткен, жарқылдай,
Ел бар ма екен, халқымдай!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу