Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  114


Автор: Еділбек Дүйсен

Жұлдызым — "Егіздер"

Білеміз, сірә, не біздер!?
Сүйенген шығар негізге ел.
Жорамал айтып жатады...
Жұлдызым менің - "Егіздер".

Бойымда жүріп бір ағын,
Толғанып, іштей тынамын.
Келесің көзге көрінбей,
Қайдасың, айтшы сыңарым?!

Қос ішек, күй боп тіл қатты-ай,
Үйлесіп егіз ырғақтай.
Жұлдызым тұрды жарқырап,
Шешуі қиын жұмбақтай.

Түсінбей келем, түкке анық,
Қолға алған ісім құпталып...
Қос аққу сынды көлдегі,
Жата ма ойым жұпталып.

"Егіздер" сырын, себебін,
Келмейді тіпті елегім.
Қасымнан кетпес қашан да,
Егізім менің - өлеңім!

Тақ болған қандай, бақ қонбай...
Жеткізе көрме шаққа ондай.
Өмірде жүрсем арман не,
Жалғыздық, саған тап болмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу