09.02.2023
  199


Автор: Жабал Ерғалиев

Бұлтты түнгі толған Ай

(трагедиялық хикаят)


 


Қатысушылар:


Бибіжан–қарт ана.


Байбек Жұмажанов–Бибіжанның ұлы. Үміт–Бибіжанның келіні.


Майқы Әлиев–ауыл Совет төрағасы.


Бәтжан–Майқының әйелі.


Ерқасым Рахманов–колхоз басқармасы.


Бұғыбай Шалабаев–соғыстан жараланып оралған жауынгер.


Төлеубай Наркенов–аудандық сот төрағасы. Жексенбай Қарасартов–НКВД тергеушісі. Манақ Зәкіров–милиция қызметкері.


Бесіктегі бала.


Ауыл адамдары, қарттар, әйелдер.


 


І-көрініс


Жұпыны үй. Жүдеу тіршілік. Төрде төсек тартып қарт ана жатыр. Бұл– Бибіжан. Ұлы Отан соғысы аяқталғанына біраз болса да, қарт ананың майданға кеткен бес ұлының біреуі ғана оралған. Төртеуінен әзірге еш хабар жоқ.


Ыңырсып, сөйленіп жатыр. Қолындағы таяғымен төсегінің бас жағында тұрған бесікті тербетіп қояды.


***


 


Бибіжан:–Әй, бармысың біреуің?! Қайсың барсыңдар?! Жолға шығып қарап келіңдерші! Барыңдаршы енді, құлындарымның біреуі келе жатқан жоқ па екен?! (Үнсіздік).


Әй, бардыңдар ма? Қарадыңдар ма, көрінбей ме екен, құлындарым?! Қайғы басып, жатып қалмасам, сендерге жалынар ма едім шіркін?! (Басын көтеріп, отырады).


УҺ… А, құдайым-ай! Бір көруге зарықтырып қойғаның не құлындарымды?! Соғыс бітті ғой! Құлындарым-ай, қайдасыңдар, қайда жүрсіңдер?!


(Азаланған жан күйігімен).


Шалқыған шалқар дүние-ай… суалайын десең шөл екенсің! Жайнаған жарық дүние-ай… тартылайын десең көл екенсің! Бастағы бақ… үркейін десең пырақтай, сөнейін десең шырақтай екенсің!.. (Үйге Бұғыбай кіреді).


Бибіжан: (елеңдеп)–Бұл қайсың, әй?!.   Мұқатпысың?.. Нұрғалимысың?!


Нәбікенбісің?! Қинаятпысың?! Құлындарым-ай, қайсың келіп қалдыңдар?!


Бұғыбай:–Бұл–мен, Бұғыбаймын ғой апа!


Бибіжан:–Е, сенсің бе, шырағым?! Құлындарымның біреуі болмаса біреуі келіп қалды ма десем… (Үнсіздік) Айналайын-ай, жараң жазылып келе ме әйтеуір?!. Анада қатты бір сырқаттанып қалды деп еді өзіңді. Шүкір болдың ба?


Бұғыбай:–Шүкірмін, апа, шүкірмін! Үйде жалғызсыз ба, апа? Әлгі Байбек пен Үміт қайда?


Бибіжан:–Неге жалғыз болайын? Ананы көрмейсің бе, пысылдап ұйықтап жатқанды? (Бесікті нұсқайды) Келін мен бала егістікке астық соғуға кеткен. Оларды үйде отырғыза ма, колхозыңның бастықтары?


Бұғыбай:–Апа, үйде жалғызсыз ба?


Бибіжан:–Ой, құлыным-ай, жалғызбын… жалғызбын… Қайра-қайра сұрай бердің ғой…жалғызбын… Ана бесікте жатқан сәби болмаса жалғызбын, айналайын…


Бұғыбай:–Апа! Апа-ау, мен неге соғыста өліп қана қалмадым екен!..


Бибіжан:–Астапыралла! Тек, күнім, олай деме? Аман-сау оралғаныңның өзі бақыт қой. Жараң күні ертең-ақ жазылып кетеді айналайын…


Бұғыбай:–Жоқ, апа! Мен сол соғыста өліп қалуым керек еді. (Егіліп жылайды).


Бибіжан:–Тек, айналайын, осыншама қиналып, күйзелетіндей не болды?!


Бұғыбай:–Жоқ, апа! Жоқ!.. Кеудесіне қорғасын оқ қадалып, жан тәсілім еткен талайлардан мен артық па едім! Немістің қаңғыған бір оғы келіп, мына жүрегіме келіп қадалғанда бар ғой, мен күнде бір қазіргі мына азапты көрмес едім-ау! Мына аяғымды қара саннан жұлып әкеткен, атаңа нәлет, сол снаряд мына менің иығымдағы сорлы басымды неге ғана жұлып әкетпеді екен?!


(Егіс басынан Майбек пен Үміт оралады).


Байбек:–А. Бұғыбай, сенбісің, бой қалай?


Үміт:–Қайным-ау, тәуір болдың ба, әйтеуір? Қабағыңда кірбің тұрғаны несі?


Уайымдай берме. Күні ертең-ақ тәуір болып кетесің.


Бибіжан:–Бұл айналайынға мен де соны айтып отырмын. Қайтсін-ай, байғұс, ана-мынаны ойлап қиялданады да… Тән жарасы жазылар-ау, жан жарасының азабын тартқызбасын де…


 


Үміт:–Қойшы, апа! Сіз тағы да сары уайымға салынайын деп отырсыз ғой…


Бибіжан:–Е, қарағым-ай, соғыстан әлі оралмаған ана төртеуінің, төрт ұлымның қайғысынан сарғаймақ түгілі, солып бара жатырмын ғой… солып… Тек соларды бір сәт қана көріп, “Апа” деген бір ауыз сөздерін естіп барып, өліп кетсем жарар еді!..


Үміт:–Қойшы, апа! Біз қойын-қоншымызға тығып бір азырақ бидай әкелдік! Онан да соны қуырып, шәй ішіп, бір жайланайықшы! Мына қайным да шәй ішіп кетсін!..


(Байбек пен Үміт етіктерінің қоныштарына, қалталарына, қойындарына тығып әкелген бидайларын ыдысқа төге бастайды)…


Бұғыбай:–(Орнынан тұрады) Әй, Байбек! Әй, Үміт! Сендер мына бидайды бекер әкелдіңдер! Әй, бекер… бекер әкелдіңдер! (жылайды) Бекер…бекер…әкелдіңдер!


Үміт:–(таңданған үнмен) Қайным-ау, не болған саған осыншама бордай егіліп?! Бар болғаны бір шелек толар-толмас суы ағып тұрған осы бір қара бидай үшін бізді айдаттырып жіберер деймісің?! Қазір-ақ тыға саламын ғой… Қой, не тұрыс бар. Мен қазандыққа от жағайын. Шай қайнаған кезде әлгі келіншектер де келіп қалар. Бәрі де егіс басынан қалжырап қайтты ғой, белдерін бір жазып, қуырған бидай жеп отырмақшы едік… (Шығып кетеді).


Байбек:–Бұғыбай, осы сені ауданға жиі шақырады деп естимін. Жайшылық па?


Бұғыбай:–(кекесінді, ашынған үнмен) Жай шақыра ма екен бұлар? Мына ауданның шаруасы қараң қалып барады… Соны түзе, сол үшін ауданның райкомына хатшы бол деп жатыр маған…


Байбек:–(аңқылдап) Әп, бәрекелді! Райкомға хатшы бол десе несі бар?!


Бұрынғы хатшылар сенен артық болды дейсің бе?


Бұғыбай:–Кеммін ғой мен, кеммін ғой олардан!.. Бұрынғы хатшылардың өзгесі кем болса да, әйтеуір аяқтары түгел болатын… Бір аяғы жоқ маған аудандарыңды басқартып қойсаңдар, талай-талай екі аяқты хатшыларың басқарғанда оңға баспаған істерің, сыңар аяқпен жүріп мен басқарғаннан кейін оңалып, шаруаларың төрт аяғынан тік тұрып кетер деймісің?! Жай шақырталы да…


 


ІІ-көрініс


Аудандық НКВД-ның кеңсесі. Төрде–Сталиннің портреті. Кеңседе отырғандардың қабақтары қатулы, бойларында үрей бар. Жеке орындықта Бұғыбай отыр.


***


Жексенбай:–Так, жолдас Бұғыбай Шалабаев!.. Сіз бар ғой өткендегі бір жауабыңызда: “мен Отан үшін, Сталин жолдас үшін адал соғысып қайттым”,– демеп пе едіңіз?..


Бұғыбай:–Иә, солай дегенмін… Ақиқаты да сол ғой енді, жолдас тергеуші!


Міне, бір аяғымды да беріп кеттім емес пе?!


Жексенбай:–Кімге беріп кеттің сонда ол аяғыңды?


Бұғыбай:–(абдырап) Енді Отанға… Сталин жолдасқа…


 


(Бәрі күледі де, тез ширыға қалады).


Бұғыбай:–(әбден сасқалақтап) Қайдан білейін енді?!. Қалды ғой Сталинград майданында…


Жексенбай:–(ақырып) Сен Отан мен Сталин жолдасты енді осылай мазақ еткің келді ғой, ә! Не, сонда, Отан сенің аяғыңды отқа жағып жылынды дейсің бе? Әлде Сталин жолдас… (сәл үнсіздік).


Кәне, сот төрағасы, Төлеубай Наркенович, Сіз айтыңызшы, мынаның (Бұғыбайдың маңдайына сұқ саусағын қадап) мына сөзі үшін-ақ бұған неше жыл беруге болар еді?


Төлеубай:–РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-ші статьясы бойынша ату жазасы, болмаса, 25 жылға бас еркінен айырып, соттауға әбден болар еді.


Манақ:–(орнынан атып тұрып) Абақтыға апарып жауып қоя тұрайын ба өзін?!


Жексенбай:–Па, шіркін! Жасасын Совет милициясы! Сендер, әйтеуір, қамауға келгенде қатырасыңдар! О жағынан молодецсіңдер енді! Ал, маған мұны қамаудан бұрын…бұған анау аяғын жау снарядының жұлмағандығын… әйтеуір, жаным аман қалса болды деген арам ниетпен… өз аяғын танкінің астына өзі салғанын мойындатуым керек…


Бұғыбай:–Әй, Жексенбай! (отырған орнынан тұрады) Жабар жалаң, жағар күйең енді осы ма еді?! Талай дананы да, талай баланы да, талай қатынды да Совет үкіметінің жауы деп жазықсыз айдатып, жазықсыз атқызып, талайларының обалына қалғаның аз ба еді сенің? Совет үкіметінің ел ішіндегі жауларын елдің жылы-жұмсағын жей жүріп, әлі жойып бітіре алмап па едің?! Ал, мен сол Совет үкіметінің жауларын қан кешіп жүріп, жеңіп келген жауынгермін! Сен сияқты қотанда жүріп, елдегі қатын-қалашқа қоқаңдап, біресе алты атармен қорқытып, біресе айдатамын деп қорқытып, біреудің қан жылаған жесірінің қойнына барып, дүниені арамдаған жоқпын. Көкейіңде қандай арам ой, арам пиғыл жатқанын білмеймін мен. Әйтеуір, өзіме аян, қара саннан жұлынып түскен… қызыл қаны шапшыған аяғымның жығылмай… жау жақ бетке қарай жүгіріп бара жатқанын еміс-еміс көріп, есімнен танып түскенім бар еді. Әй, Жексенбай, күйдірдің-ау! Тәнімнен ажыраса да, үзіліп түссе де жүгіріп бара жатқан сол сыңар аяғымның, шапшыған қызыл қанымның киесі атсын сені!


Ал, нені мойындайын? Жаз енді андағы қағазыңа! Иә, мен қайтсем жанымды аман алып қаламын деп өз аяғымды өзім кестім. Кесуден қорқатын мен емес. Бала кезімде бір жерімді қожа кескенінде де қыңқ еткен жоқ едім, сол қыңқ етпестен аяғымды да өзім кесіп алып, сол арадағы иттерге тастап кеткенмін…


Жексенбай:–(ашулы, қатулы үнімен) Қысқарт, тарт тіліңді! Иттерің кім сенің сондағы айтып отырған?! Мана ғана аяғымды Отан үшін, Сталин жолдас үшін беріп кеттім деп едің?! Сонда сен Отанымызды, Сталин жолдасты итке теңеп отырсың ғой!


Бұғыбай: –Қалай ойласаң, олай ойла! Кескенім бар, айтқаным бар, статьяңа сай келіп жатса… не атқызып, не айдатып жіберсеңші тезірек!


 


Жексенбай:–(бір бұрышта бұғып, зәрелері кетіп отырған колхоз басқармасы мен ауыл Совет төрағасының алдына келеді. Олар орындарынан ұшып тұрады). Так, жолдас колхоз басқармасы мен ауыл Совет!


Майқы, Ерқасым:–(екеуі қосарланып) Иә…иә…сізді тыңдап тұрмыз… Жексенбай:–(кекшіл әрі зілді үнмен) Иә, кәне, қай жерлеріңмен тыңдап


тұрсыңдар.


Майқы:–(сасқалақтаған үнмен) Енді…әлгі қай жермен тыңдаушы еді… сол жермен тыңдап тұрмыз да…


Ерқасым:–О не дегеніңіз! Құлағымызбен, міне мына құлағымызбен тыңдап тұрмыз!


Жексенбай:–Жарайды, біреуің құлағыңмен, біреуің ана жеріңмен тыңдап тұрсаңдар, бұлай енді… мынаның (Бұғыбайды нұсқайды) жаңағы сөзі үшін де, соғыста жасаған ісі үшін де екеуің де жауапқа тартыласыңдар. Понимаешь, бұл бір аяғын бұлдап, әңгір таяқ орнатып отыр. Бұл, біле білсе, Советтік Отан үшін, Сталин жолдас үшін аяғын емес… жанын беріп келуі керек еді ғой, а!


Майқы, Ерқасым:–(тағы да жарыса) Дұрыс айтасыз… өте дұрыс айтасыз… Тауып айттыңыз… Бұл шын отаншыл, шын сталиншіл болса, жанын беріп қайтуы керек еді, әрине!..


Бұғыбай:–Әй, әлі де кеш емес! Отаншыл екендіктерің рас болса, осы тұрған өздерің сол Сталин жолдасқа кеуделеріңдегі жандарыңды қолдарыңнан өздерің-ақ неге апарып бермейсіңдер?!


Ерқасым, Майқы:–(Бұғыбай тап береді) А, атаңа нәлет, құрттың ғой бізді!


Құрттың-ау, құрттың-ау!..


Бұғыбай:–(алысып жатып) Әлі құрымассыңдар сендер! Басқа шығып алған балақтағы биттер… сендер көпсіңдер ғой, тым көпсіңдер! Арам жеп әбден тойынып алдыңдар ғой… Әзірге құрымассыңдар! Тойынып алған сендерді әзірге сорлы бастан түсіру де оңай болмас!..


Жексенбай:–(алты атарын қолына ұстап) Хватит сволочи! Қазір бәріңді де жайратып саламын!


(Шошып кеткен Ерқасым мен Майқы тік тұра қалады, Бұғыбай балдағына қарай еңбектейді. Сол арада Жексенбай аяғымен Бұғыбайдың басын жерге тұқыртады. Колхоз басқармасы мен ауыл Совет төрағасына ақырады).


–Совет үкіметі орнаған 29 жылдың ішінде, Ленин-Сталин идеясына адал колхозшы тәрбиелей алмаған сен екеуіңді қазір-ақ атып тастаса еш обалы болмас еді…


Ерқасым, Майқы:–(қосарланып) Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз! Енді бір жолға кешіріңіз, ғафулық өтінеміз…


Төлеубай:–(маңғазданып) Әрине, бұл үшеуін де ешбір сотсыз-ақ, ешбір тергеусіз-ақ атып тастауға, немесе колонияға, не Сібірге айдатып жіберуге болар еді. Мына басқарма мен ауылсоветті бір жолға кешірейік. Ал, мына оңбағанның ісін онан әрі зерттейік.


Майқы, Ерқасым:–(қосарланып, жарамсақтана) Е, бәсе! Иә, иә, сөйтсеңіздерші! Зәреміздің кеткені соншалықты…бұтымызға жіберіп қоймасақ та…соған жақын тұрмыз…


 


Бұғыбай:–(кекесінді үнмен) Әй, бұттарыңа жібермей-ақ сасып, мүңкіп тұрған жоқсыңдар ма?! Бәріңнен жүрегім айнып, құсқым келіп тұр…


Майқы, Ерқасым:–(Бұғыбайға ұмтылады) Қап, мынаны-ай!


Жексенбай:–(қолын көтеріп бөгейді) Жә, болды енді! Мынау жатқан… (Бұғыбайды нұсқап) сволочь өз аяғын танкінің астына өзі әдейілеп салғанын мойындамаса, мойындамай-ақ қойсын! Оны біз кешіре де саламыз… Ал енді бұл өзімен Аралағаштың даласында бірге өсіп, бірге ер жеткен, тіпті Сталинград үшін болған шайқаста да бір окопта жатып соғысқан қызыл әскер Нұрғали Жұмажановтың не өлілердің, не тірілердің есебінде не себепті болмай шыққандығын… немесе жау қолына өз еркімен түсті деген біздің күдігімізді қуаттайтын болса… не болмаса, сол Жұмажанов дезертирство жасап соғыстан қашып кетіп, осы төңіректе тығылып жүрсе…соны ұстап берсе болды бізге. Бұл онда ақталады… судан таза, сүттен ақ болып шығады.


Бұғыбай:(басын көтеріп) Әй, имансыздар… (ашу ызадан қалшылдап кетеді. Егіліп жылайды. Үнсіздік)–Сорлы… сорлы… басым (маңдайын жұдырығымен соғып) сол жолы сен неге ғана жұлынып қалмадың екен?! Әй, сыңар аяқ, (балдағымен аяғын қағып) неге ғана мені тірі алып келдің екен сен мыналардың арасына?!. (жігерленіп).


Шыбын жанымды аман алып қалайын деп өз аяғымды өзім танкінің астына салған қылмысымды мойындаймын…Ал, енді еркек тоқты құрбандық деген, мені атып-ақ тастай беріңдер… Тек Нұрғалидың… атын қорлап, аруағын қозғағандарыңды қойсаңдар болды. Қайтып қана жүректерің қарайды екен сендердің?!. Нұрғали ол кешегі… ессіз кезде елімізге ес болған, ашыққандарға ас берген…дүниеден озған әкелерің мен аталарыңның намазын шығарып, иман айтқан қажының баласы еді ғой. Сол қажы атаның аруағынан қорықсаңдар етті тым болмаса… (көзіне жас алып, тебіренген үнмен).


Шыбын жанымды аман алып қалайын деп өз аяғымды танкінің астына өзім салған қылмысымды мойындаймын…


Нұрғалидың аруағын мазаламаңдар… Бір құдай, онан кейін мен куә! Біз бір окопта жатқан едік. Пулеметімен жауға қарсы оқ жаудырып жатқан Нұрғалидың дәл үстінен келіп бомба түскенін көзіммен көрдім… Нұрғалидың “Апа” деген жан дауысының шыққанын өз құлағыммен естідім… Нұрғалидың сол дауысы… сол үні… сол жан айқайы құлағымның түбінен күні бүгінге кетпейді… Түн баласы оның “Апалаған” жан даусы ұйқы да бермейді маған… (Бұғыбай талықсып кетеді. Сахнада сарт-сұрт етіп атылған оқ жарқылы, ызыңдаған мина, бомба жаңғырығы, “Апа” деген шырқараған жан даусы тұрып алады).


Жексенбай:–Так, сен екеуің…сендер…


Майқы, Ерқасым:–(қосарланып) Иә, иә… біз…


Жексенбай:–(маңғаздана) Колхозға барғаннан кейін, әлгі қажының үйін… Оның кемпірі әлі де тірі ме еді?


Майқы, Ерқасым:–(қосарланып) Иә, иә, тірі. Өлген жоқ әлі ол қақбас!..


Жексенбай:–Сол үйді, әлгі соғыстан аман келген баласын, келінін көзден таса қылмай бақылаңдар. Не деп сөйлеседі, не дейді, не ішіп, не жейді, міне, соған дейін бақылап, аңдып біліп отырыңдар. Ұқтыңдар ма, ей?!.


 


Майқы, Ерқасым:–Ұқтық, ұқтық, тақсыр!


Жексенбай:–Так! Онан кейін, мына басқарма мен ауыл Советті алып ауылдың маңын тағы да шолып шығыңдар. Ескі қорымдарды, зираттарды байқаңдар. Тіпті әлгі қажының зиратын қазып та көріңдер.


Майқы, Ерқасым:–(шошып кетеді) Астапыралла!


Жексенбай:–“Астапыралла” дегендерің үшін-ақ сендерді, “ан-на, ан-на” жаққа (саусақтарымен тор көз жасап сығараяды) жіберуге болар еді?


Майқы:–Ойбай, кешіріңіз! Құп болады, бәрін де істейміз. Қажының зиратын да қазамыз. Айтқаныңыз болады.


Ерқасым:–(жасқана) Аруақ атып жүрмей ме?!


Жексенбай:–Әй, сен не деп міңгірлеп тұрсың мұрныңның астынан?!


Ерқасым:–Аруақ атып жүрмей ме деп сескеніп тұрмын да!


Жексенбай:–Жолдас, милиционер! Мынаны көзін жылтыратып абақтыға қазір-ақ апарып қамап тастасаңыз. Н…К…В…Д…нің тапсырмасын тәлкек етіп тұрған кәкой-то колхоз басқармасын қарай көр, ә!..


Әй, бала… Совнаркомның председателі болған Сәкеннің де халық жауы екендігін әшкерелеген біз екенімізді білемісің ей?!. Бейімбет… ілияс…Тұрар Рысқұлов…тағы кім еді әлгі… Мағжан…Байтұрсынов…сияқты халық жауларын да біз…әшкерелегенбіз. Шәкәрім Құдайбердиевті де…құлан жығылар құдыққа да құлақтан Н…К…В…Д…і екенін білемісің, ей, сен?!.


Ерқасым:–(үреймен) Білем ғой, білемін. Әрине, НКВД-ңыз халықтың жауы солардың бәріне де дұрыс істегенсіздер, дұрыс құртқансыздар, соларды!..


Жексенбай:–(рахаттанған күймен) Е, бәсе, солай деп жөнге кел, үйреншікті көлге қон, біз илеген көнге көн, шырақ! Әйтпесе…Әлгі қажының зиратын қазатын күні маған хабар жіберіңдер. Қазуымыз керек! Мүмкін соғыстан қашып кеткен Нұрғали өз әкесінің көріне кіріп алып, жасырынып жатқан шығар?! Ал, әлгі…аруақ атады деп қорыққанды қойыңдар…Мына мен (тапаншасын қолына алап) мына тапаншаммен-ақ аруақты…өзім атып, өзім-ақ жайратып салайын!.. (қарқылдап күледі).


Төлеубай:–Бұл екі жігіттің енді екеуі де коммунистер, ел басқарып жүр дегендей… Өзіңіз істің партиялық мән-маңызын әбден ұқтырдыңыз ғой бұларға. Елдеріне тезірек қайтып, сол сіз тапсырған істі дөңгелетсін енді…


Жексенбай:–Барыңдар! Онсыз да видет не хочу сендерді… (НКВД тергеушісі орнында отырып қалады. Төлеубай, Майқы, Ерқасым сыртқа шығады).


Майқы:–(жарамсақтанып) Апыр-ай, Төке-ай! Қысқа күнде біздің жанымызды екі рет аман алып қалдыңыз-ау! Рахмет, рахмет! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!


Ерқасым:–Иә, иә… Арандалайын деп тұрған жерімізден арашалап қалдыңыз. Бүгін кешке атқосшымнан үйдегі жеңгейге бір қой, бір қап ұн, бір қарын май беріп жіберемін. Тағысы, тағы да бола жатады ғой…


Төлеубай:–Енді біз советтік халық соты дегенің… өздерің сияқты халықтың өздерің беріп жатқан нанын жегеннен кейін де, сол халықтың қамын ойлаймыз да…


 


Бұғыбай:–(балдағына сүйеніп, сахнада жалғыз қалады). Әй, шіркіндер-ай! Сендер халықтың нанын ғана жеп жай жатсаңдар бір сәрі ғой. Сорлы, халықтың, жанын да бірге жеп, қанын да қасықтап ішіп жатқан жоқсыңдар ма?!


 


ІІІ-көрініс


Бибіжанның үйі. Қарт ана төсек тартып жатыр. Дастарқан жайылған. Біраз ауыл адамдары қуырған бидай жеп, шай ішіп отыр. Жүздерінде мұң бар.


***


Бибіжан:–(сандырақтап) Әй…бармысың біреуің?! Қайсың барсыңдар?! Қарап келсеңдерші! Барсаңдаршы енді! Құлындарымның біреуі келе жатқан жоқ па екен?!


Үміт:–(орнынан тұрып Бибіжанның жанына келеді). Апа-ау, жаңа ғана қарап келдім. Күн болса кешкіріп кетті ғой, енді ешкім де келе қоймас бүгін. Қызылжардан Тайынша стансасына поезд енді ертең түске қарай келеді. Құдай жазса, сонымен келіп қалар. Шай ішесіз бе?


Бибіжан:–(басын көтеріп). ішпеймін шайыңды! Мені қаталап өлер деймісің?! Мен өлсем төрт құлынымды сағынып, сарғайып өлермін. Нәбікенімнің майданнан жазған өлеңін көптен бері айтпай қойдың ғой осы сен… Құлыным- ай, зарықтырдың-ау әбден…


Әйелдер:–(бәрі жамырап) Иә-иә…апам дұрыс айтады. Бәрін қой да, Нәбікеннің өлеңін айтшы. Көңіліміз бір жұбансын!..


Үміт:–(көз жасын сүртіп) Қазір…қазір.


(Үміт Нәбікеннің соғыстан жазған ән сәлемін айта бастайды. Әйелдердің біреуі жылайды, біреулері сол әнге қосылады).


Туған ел, жаздым сәлем өскен елге, Талпынып талай аяқ басқан жерге. Жаз болса жан-жануар саялайтын, Бағалы біздің колхоз берік жерде.


 


Ақсақал елдің құты үлкендерге,


Жалғанда жасты аяйтын шешейлерге. Қаталық ісім болса ғапулық қып,


Салатын талай жасты бейбіт жөнге.


 


Жасы үлкен қадырласқан, аға-жеңге, Замандас ойнап-күлген бейбіт күнде. Жалпыңа еске алатын менен сәлем, Кейінгі, бала-шаға, інілерге.


 


Қадірлі ел ішінің жастарына, Әр түрлі мекеменің бастарына. Сәлемім барлығыңа аманатым, Алыңдар біздің үйді естеріңе.


 


Уа, көңілім, жақсылықтан күдер үзбе,


 


Жекелеп хат жазар ем әрбіріңе. Кіші іні, үлкен аға, естеріңе ал.


Уақыт жоқ, түгел жазып үлгеруге.


(Ән аяқталады. Бәрі де үнсіз, әйелдер жағы сыңсып жылап отырады).


 


Бибіжан:–(қайғылы үнмен) Құлыным-ау, жетемін деп, жете алмай жүрсің-ау еліңе. Көремін деп, көре алмай жүрсің-ау жеріңді. Қайтейін енді, бір құдайға тапсырдым.


4-әйел:–Келгенде қандай! Әлі осы үйде той да болады, сол тойда талай бір әнге де саламыз әлі…


Бибіжан:–(жадырап) Айтқандарың келсін!.. Кәне, тағы да бір ән бастаңдаршы!..


4-әйел:–Осы Бұғыбай да баяғыда тәп-тәуір әнші еді. Кәне, қайным, бір ән салып берші.


Бұғыбай:–(күрсініп) Е, бізде не ән, не сән қалды дейсіңдер?! Айтайын, айтайын. Көңілдегі қай-қайдағы бір жайды қозғап, жүрек түкпірінде жатқан мұзды жібітіп отырсыңдар-ау. Айтайын, айтайын. (Ән бастайды).


 


Бұл дүние–жеткізбейтін арман дүние, Бұрынғы бабалардан қалған дүние.


Барында оралыңның ойна да күл, Бізден де өте шығар жалған-дүние.


 


Дүние–ойлап тұрсам, терең теңіз,


Жақсылық жамандықпен болады егіз. Басқайсың аяғыңды аңдап-аңдап, Болғанда досың біреу, дұшпан сегіз.


 


Дүние–ойлап тұрсам, шолақ екен, Адамдар бір-біріне қонақ екен.


Барыңда оралыңның ойна да күл,


Қызығы бұл жалғанның сол-ақ екен.


 


(Әйелдер жағы бәрі бірдей сүйсініп, Бұғыбайға риза болып жатады).


 


І-әйел:–Ой, пәлі-ай, десеңші! Дүние жайлы айтқан мына әніңіз қандай тамаша еді. Шіркін, дүние-ай!..


ІІ-әйел:–“Шіркін, дүние-ай” деп күрсінетіндей не болып қалды саған. Соғыс болса бітті. Күні ертең-ақ бәрі бірдей ұмытылар әлі.


І-әйел:–Әй, қайдам! Кешегі күні осы ауылдың қотанына сыймай жүрген арыстай-арыстай азаматтардың біразы болса жоқ арамызда. Соларды қалай ғана ұмыта аларсың?! Көз алдыңнан кетер ме екен сол бейнелер?!


ІІ-әйел:–Иә… Иә…соғыстан оралмай жатқан сол ағалар көңілден кете қояр ма екен?! Айтпақшы, Үміт сенің осы майдандағы ағаларға арнап анада бір жазған өлеңін бар еді ғой. Кәне, соны тағы да бір айтшы!


 


(Үміт ән бастайды)


Сағат бес тұратұғын уақытымыз, Ашылар қай уақытта бақытымыз. Ағалар армиядан аман келіп,


Көретін күн болар ма шаттықты біз.


 


Ертемен даласынан егін жақтың


Таң салқын аз жатқанда жаурап қаппын. Өгізім айданғанға жүрмеген соң,


Сиырын кіші апамның жегіп жаттым.


 


Соқамыз жеңіл жүрді сиыр тартқан, Ауылдан көлік шықты тұқым артқан. Обалы көп сиырдың фашистерге,


Қан төгіп, бейбіт елді зар жылатқан.


 


Ағалар, осынау жайды жаздым хатқа, Бой түзеп, дем алу жоқ қарындаста.


Көзде жас, көңілде мұң, зат күтеміз,


“Жеңіс бер” деп тілейміз майдан жаққа.


 


Майданнан батыр боп қайт, ағаларым, Осымен тәмамдаймын сөз аяғын.


Кегін ал, қас батыр боп қаймықпайтын, Туған ел, Отан ана сүйген жардың!..


(Ән аяқтала бере қолында ұршығы бар Бәтжан кіреді)


 


Бәтжан:–Әй, өздерің шай ішіп, қуырған бидай жеп, қызара бөртіп, желпініп, ән салып, сайрандап та, жайраңдап отырсыңдар ғой.


Үміт:–Кел, жоғары шық! Біздікі не қылған сайран дейсің. Жайраңдап не көрініпті бізге, қайраңдап қалған көңілімізді бір көтерейік дегеніміз ғой! Кел, шайға кел!..


(Бәтжан дастархан басына отырады)


 


Бәтжан:–осы мен жаңа ғана басқарманың үйінен шай ішіп шықтым. Әй, бар ғой, сол басқарманың үйі дәл осындай қуырған бидай жеп отырған жоқ. Сендерге бұл қайдан келе қалған?!


Үміт:–Мұны бізге құдайдың өзі берген. Немене, басқарманың үйі мына сияқты қуырған қара бидайды ғана талғажу етіп отыр деп едің. Басқарманың ана қатпа қара қатыны бар жылы-жұмсағын сенің аузыңа тоса қойды деп пе едің?


Байбек:–Осы бір уыс қуырған бидайды сөз қылып не қылайын деп едіңдер.


Еңбек күніме берген бидай ғой. Мен әкелдім.


Бәтжан:–Қайдам… Колхоз әлі еңбек күнге бидай үлестіре қойған жоқ еді.


Байбек:–(ұнатпаған кейіппен) Үйінде отырып-ақ, сен осы колхоздың шаруасын қайдан біліп отырасың?!


Бәтжан:–(шаптығып) Үйімде отырсам да осы ауылдың не істеп, не қойып жүргендерін, не дейтіндеріне дейін бәрін де біліп отырамын мен.


Бұғыбай:–(әзілмен) Әй, осы сені соғысқа ала кетіп, разведчик қылмаған екенмін. Фәшистердің не істеп, не қойып жатқанын біле алмай, не тіл ала алмай, талай бір азапты көріп едік. Сен енді бұл жағын қатыратын едің. Тыңшылық жағынан сен әлдеқашан Герой болар едің-ау!..


Бәтжан:–(кектеніп) Көрерміз, әлі кімнің Герой болғанын! (кетіп қалады).


(Дастархан басында отырғандар орындарынан тұра бастайды).


І-әйел:–Қой, біраз отырып қалыппыз-ау. Жұмысқа баратын да уақыт жақын қалды. Ұйықтап қалып жүрмейік, әлгі бригадир тағы да әңгір таяғын ойнатып жүрер.


Үміт:–Қазір мына баланы емізген соң мен де барып қалармын. Сендер, бара беріңдер енді.


(Үйде қарт ана, Байбек пен Үміт, Бұғыбай ғана қалады)


Бұғыбай:–(ойланып) Әлгі Бәтжанның сұрланып, кегін ішіне түйіп кеткенін көрдіңдер ме? Бір нәрсені бүлдіріп жүрмесе жарар еді. Әй, осы сендер, осы бидайды бекер…бекер әкелдіңдер!..


Байбек:–Е, не қылар дейсің. Әкелген мен…Басымда шауып алар деймісің?!


Үміт:–(бесікке баланы бөлеп жатып) Мына бидайды мен әкелдім деп айтайын. Емшектегі алты айлық мына бала барда маған түк қыла қоймас. Тек, сен әкелдім деуші болма, құртады сені бұлар. Сені ұстатып, айдатып жіберсе, онсыз да қайғы кеміріп жатқан сорлы апам өліп қалып жүрер. (көзіне жас алады) Мен…мен әкелдім дейін.


ІV-көрініс


Үйге Бәтжан кіреді. Біреудің қайғысынан қызық қуып, әлдекімнен ала алмай жүрген кегі бардай ширығып алған.


***


Бәтжан:–Апа! Апа-ау!.. Әлгі екі ортада ұйықтап қала қойдың ба?!


Бибіжан:–(басын көтеріп) Е, менде не ұйқы бар дейсің. Не болып қалды осынша? Ақырын… мына баланы шошытасың. Не айтайын деп едің? Бәтжан- ау, не болып қалды? Ала құйындатып жүрсің ғой.


Бәтжан:–Апа, мен сіздің балаларыңыздың хабарын әкелдім.


 


Бибіжан:–Не дейсің, жарығым-ау. Сүйінші сұрамайсың ба? Уа, құдай, ақсарбас, ақсарбас! Құлындарым аман-сау көзіме көрінсе бәрін де…бәрін де… ал осы үйден сүйіншіңе!


Бәтжан:–Түктерің де керек жоқ сендердің. Аулақ… Бүлінгеннен бүлдіргі алма деген. Сендерден бірдеңе алып…басыма пәле тілеп алар жайым жоқ…


Бибіжан:–Аллам-ай! Бүлініп не болып қалыпты бізге… Бізден не пәле жұғар дейсің… Сөзді қой да, онан да әлгі менің құлындарым жайында әкелген хабарыңды айтшы, айналайын. Құлың болып кетейін…


Бәтжан:–(қалтасынан қаралы қағазды алып) міне, мынау үш бірдей қара қағаз, сенің ұлдарыңнан келгелі қашан…


Бибіжан:–(жүресінен отыра кетеді) Не дейт! Шырағым-ау, не деп тұрсың?! Рас па… шыныңды айтшы. Андағыларың (қолын созып) расында да менің үш бірдей ұлымнан келген қаралы қағазың ба?! Сен рас қаралы хабар әкеліп тұрмысың?! Құдай-ау, ол сұмдық хабарың қашан келіп еді?! Қайсы… (үні дірілдеп) қайсы…оққа ұшты екен құлындарымның?!


Бәтжан:–Бұл қара қағаздың келгеніне де үш жылдай болып қалған…


Бибіжан:–Өзім де сезгенмін… Құдай-ау, құдай…қаралы қайғыны жеткізген сол бір тарақ қағазыңды келісімен неге ғана әкеп бермедің, Бәтжан-ау?! Осы ауылдың бар хат-хабарын жеткізіп, күн сайын зыр жүгіріп жүруші едің ғой… Тап бір іргеде отырған мына мен бейбақа жете алмадың ба сен?!


Бәтжан:–Енді қайт дейсің?! Әлгі сельсовет байым бергізбеді. Қара қағаз келген сайын қажысымақтың үйі бүкіл елді жинап, құран оқытып, дұға жасап, колхоздың шаруасын бөгейді, соғыс біткен соң апарып берерсің деген…


Бибіжан:–Апыр-ай, ә!.. (еңіреп жылайды) Менің оққа ұшқан… үш бірдей ұлымнан да… сендердің колхоздарыңның шаруасы қымбат болған екен-ау!..


Қалай… қалай ғана… шыдадыңдар! Төрт бірдей құлындарымнан бір хабар ала алмай… не өлісін… не тірісін… біле алмай, зар илеп отырған… мен бейбақты күн сайын көріп жүріп мына қаралы қағазды бәлен жылдан бері жасырып, бермеуге дәттерің қалай ғана жетті екен сендердің?! (үнсіздік) Бәтжан-ау, сен осы мені қинай түсейін деген оймен, жалған айтып тұрған жоқсың ба?! Бәлкім, қара қағаз келген де жоқ шығар… ойнап айтып тұрған жоқсың ба?! Кәне, рас болса, көрсетші соларыңды!..


Бәтжан:–Тапқан екенсің ойнайтын адамды! Қара жүрегіңді қақ айырар, шаңырағыңды ортасына түсірер қара қағазың, міне…қолымда тұр…


Бибіжан:–(селк ете түседі) Әй, пәтшағар! Не деп тұрсың?! Қажы атаңның шаңырағы ортасына түссе, есептерің түгенделер ме еді сендердің. Қара жүрек дедің-ау мені. Бұл шаңырақтың басынан бағы тайған соң ғана босағасын сен сияқты қара жүректілер аттайтын, ауыздарына келгенді оттайтын болды ғой. Бұл шаңырақтың ісі де, дастарханындағы асы да, азаматының басы да ақ… адал болатұғын… Қара ниеттерің өздеріңмен кетсін!


Бәтжан:–Қаңсырап жатсаң да тектімін деп тепсініп тұрсың-ау?! Жаңағы… сендердің колхоздарың деп тантығаның не, ей сенің!.. Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деуші еді… Совет үкіметіне әлі де тосырқап қарайсыңдар-ау сендер…


 


Бибіжан:–Әй, сенің үкіметіңде не шаруам бар дейсің?! Тосырқап қарайын… емешем үзіліп, емірене қарайын, содан сол үкіметіңе келіп-кетері бар ма кәні?!


Бәтжан:–Неге сенің үкіметің дейсің? Сонда бұл үкімет сенікі емес пе?


Бибіжан:–Әрине сенікі… әрине сендердікі. Бүйірің тойып тамақ ішпеген қу кедейлер… Тойынып алып, міне төске шауып… басқа секіріп тұрған жоқсыңдар ма?!


Бәтжан:–Бүйірім тойса, үкіметімнің бергені де! Ау, сендердің сыйынған құдайларыңның жарылқағаны, бергені осы ма?


Бибіжан:–Кет, сайтан! Құдайға тіліңді тигізбе!


Бәтжан:–Әй, әлі де құдай… құдай дейсің. Бес уақыт намаздарыңды оқып, арып-ашып оразаларыңды ұстап… тіпті сенің байыңның жаяулап-жалпылап Мекке-Мәдинаға қажыға барғанда… құдайларыңның жарылқағаны осы ма? Қара басын сауғалап Совет үкіметінен қашып, іш жаққа өтіп кетіп, жанын аман алып қалған қажыны жарылқағаны осы ма, сол құдайыңның?


Бибіжан:–Бәтжан-ау, қажы атаңның аруағын қозғап қайтесің енді. іш жаққа өтіп кетсе сендер сияқты кедей-кепшіктің қорлығын көрмейін деді ғой. (Үнсіздік. Әлдене есіне түскендей болады) Бәтжан, сен осы сол қажы атаңның сенің әкеңе не айтқанын білесің бе?!


Бәтжан:–(елең ете түседі) Жоқ, білмеймін? Естіген жоқпын. Не деп еді?!


Бибіжан:–Е, ол бір ұзақ әңгіме ғой. Жарықтық, қажы атаң шешен еді ғой. Әлгі қызылдардың үкіметі орнап, осы қотандағы мұрнын сүрте алмай жүрген бар кедей-кепшік жаппай көменніст болып шыға келген жоқ па шікірейіп! Сол бір заманда сенің көмменіс әкең мал біргәдірі болып шыға келді ғой. ұұмыр бойы біздің үйдің жылқысын баққан әкең, қанша айтқанымен, мал таниды ғой… Қажы атаңның қара айғырын ұстап мініп алыпты. Малының құты болған қара айғырды мініп, жарықтық қажыға қыр көрсеткісі келді ме, әкең біздің үйге шауып жетіп келмесі бар емес пе?! Жау шапты ма деп тысқа атып-атып шықсақ, желігіп алған сенің әкең екен… “Қажы, қажы, міне, мен де адам болдым” деп ыржиып тұр… Е. Басынан бағы, астынан тағы тайған соң не десін оған…


Шырағым, әкең сенің пақыр еді, Ол да бір түк бітпеген тақыр еді. Алдыма ат ойнатып кеп тұрғаның


Бұл да бір заманның ақыры енді,–деп қажы атаң үйге кіріп, теріс қарап жатып алып еді, сол жатқаннан оңбады ғой, әйтеуір…


Бәтжан:–Әй, не айтқың келіп тұр сонда сенің? Не сонда, сенің қажыңнан… менің көмменнис әкем кем болып па?!


Бибіжан:–Артық па, кем бе, оны енді өзің біл, айналайын. Сен оқыған адамсың… сен де көменнессің… Бәрін оқып, біліп жүрсің… Қой, айналайын, тереңге барып қайтеміз енді. Сен әлгі… менің құлындарымнан келген қара қағазың рас болса да, онан да, кәне, соларды оқып берші. Өзі қай тілде жазылды екен?!


Бәтжан:–Немене… қажының қатыны орысша оқи алмайды деп… арабша жазып жіберді деп пе едің.


Бибіжан:–Жарайды енді. Жай бір сөзге ілінсе бермей, оқышы қағазыңды.


 


Бәтжан:–(қара қағазды оқи бастайды). Қызыләскер Жұмажанов Мұқат… 1941 жылдың желтоқсан айының 2 күні Москва түбіндегі шайқаста хабар- ошарсыз кетті… Не өлілердің… не тірілердің… тізімінде болмай шықты… Қызыләскер Жұмажанов Қинаят 1943 жылдың 15 наурызда Курск майданында хабар-ошарсыз кетті… Қызыләскер Жұмажанов Нәбікен 1943 жылдың қараша айында Волхов майданында хабар-ошарсыз кетті…


(Үнсіздік)


Бибіжан:–(үні дірілдеп) Бәтжан-ау, Нұрғалиымның қағазы қайда?.. Осы үйден… осы шаңырақтан менің бес бірдей ұлдарым соғысқа кеткенін білесің ғой сен! Төртеуі… ана төртеуі… қайда деймін?!. Бәтжан-ау, Мұқатым… Қиянатым… Нәбікенім, Нұрғалиым… қайда… қайда деймін…


Бәтжан:–“Қайда, қайда” деп менен сұрайды ғой… Не, менің малымды бағып, шөбімді шауып келуге жіберіп пе едің? О несі, әй… Үшеуінің бірдей соғыста хабар-ошарсыз кеткенін, міне, мына қара қағаздан оқып бердім ғой мен саған…


Бибіжан:–Хабарсыз кетті дегені несі? Аты бар… Анасы бар… Туған елі… Өскен жері бар адам баласы қалай ғана хабар-ошарсыз… іс-түссіз жоғалып кетеді, ә?!


Бәтжан:–Е, соғыста не болмайды? Соғыста көрген талай бір сұмдықтарды әлгі Бұғыбай да айтып жүрген жоқ па?! Бәлкім, тас төбелерінен бомба түсіп, бір тал шаштары да қалмай, өртеніп, жанып кеткен шығар…


Бибіжан:–Тәйт, әрі! Аузыңа келгенді сандалмай…


Бәтжан:–Ә… кемпір! Балаларың өлді дегенге әлі де сенбейсің, ә… сенгің келмейді… ә!


Бибіжан:–Айналайын-ай! Өлді демеші… мүрделерін өз көзіммен көрмей… арулап, ақ жауып қолыммен қара жердің қойнына бермеген соң… қалай ғана өлді дермін… Құлындарым-ай…


Бәтжан:–Ал, енді…бәлкім сенің ұлдарың расында да…тірі шығар!


Бибіжан:–Е, айналайын! Бір мезгіл осылай бір жақсы да сөз сөйлеші! Сенің де көрер қызығың бар ғой алда… тірі болса, тірі де шығар менің ұлдарым… Кеуделеріндегі шыбын жаны аман болса…бір келіп қалар, әйтеуір…


Бәтжан:–Рас… рас… тірі болса, тірі де шығар сенің ұлдарың… Бәлкім, олар Герман жақта жүрген шығар…


Бибіжан:–(таңданып) “Керман жақта жүр” дегені несі мұның тағы?! Ол жақта қай ағайыны бар деп едің олардың?


Бәтжан:–А… бәлкім… олар елін сатып… немістерге беріліп кетіп… қазір совет үкіметіне қарсы әрекеттер жүргізіп жатқан да шығар…


Бибіжан:–Бәтжан-ау, не деп отырсың өзің?! Елін сатар менің ұлдарым деп пе едің?! Бұл қай сұрқиялығың енді. Қара аспанды қай жағымыздан жаудырайын деп тұрсыңдар енді…


Бәтжан:–Қара аспанның қай жағынан жауғанын көресің әлі. Сен соны көрмей өлмессің де… Ал жарайды енді… үшеуі бірдей өйтіп-бүйтіп… енді… хабарсыз кетті дейік. Ал, әлгі төртінші ұлың… Нұрғалиың қайда сенің? Не өлілердің, не тірілердің… не хабар-ошарсыз кеткендердің есебінде жоқ…


Бибіжан:–Иә… иә… Бәтжан-ау, Нұрғалиым қайда, расында да…


 


Бәтжан:–Нұрғалидың қайда екенін… мен сенен сұрайын да онан да… Соңғы екі-үш жыл бойы үйіңді, қора-қопсыңды… онан қалды, зиратқа дейін тінтіп жүрген НКВД-нің сенің үйіңнен алтын іздеп жүр деп пе едің. Олар із-түссіз жоқ… сенің Нұрғалиыңды іздеп жүр. Немістерге беріліп кетті деген күдік бар…


Бибіжан:–Жауға беріліп кетті дегенің не сұмдық?! Нұрғалиымның қалай опат болғанын әлгі Бұғыбай айтып жүрген жоқ па осында?! Соның айтқанын естімеп пе ең, әлде ұмыттың ба сен…


Бәтжан:–Ұмытқан жоқпын! Біздің еш нәрсені де ұмытуға хақымыз жоқ. Сендердің күні кешегі совет үкіметінің жаулары екендеріңді де ұмытуға болмайды.


Бибіжан:–Е, баяғы “жау-жау” деген әндеріңді әлі қоймап па едіңдер? Сенің үкіметіңе жаулық қылатындай бізде не дәрмен, не қауқар қалды дейсің?!


Бәтжан:–А, неге болмасын?! Мәселен, сенің жаңағы із-түссіз жоғалып кеткен Нұрғалиыңды немістер тапсырма беріп, бізге қарай өткізіп жіберіп, ол қазір астыртын әрекет етіп, қастандық жасап жатқан болар. Ал, біз оны қайдан білеміз, ә…


Мәселен, анада найзағай оты түсіп өртеніп кетті деп жүрген колхоз маясындағы шөпті сол жандырып жіберген шығар, а?!


Бибіжан:–Алла! Алла! Тауығың ақсап қалса да біз сорлыдан көретін болдыңдар-ау осы! Жабар кінәлерің, жағар күйелерің бітер күн болар ма екен, шіркін?!


Бәтжан:–Болмайды ондай күн, болмайды… Ешқашан болмайды… ешқашан


Бибіжан:–Е, неге болмасын, айналайын! Құдай оңдаса, туар ол күн де.


Қашанғы жылата берер дерсің бізді…


Бәтжан:–Жылайтын күндерің әлі алда сендердің…


Бибіжан:–Не деп тұрсың осы сен? Тағы да не пәлеңді жапқалы тұрсың, айналайын?! Тағы да не білгенің бар еді?!


Бәтжан:–Білгенім дейсің бе?! Кеше сендердің… қырман басынан бір шелек қара бидай әкелгендеріңді де біліп отырмыз… Оны біз түгілі аудан да біліп отыр қазір…


(Үйге, Бұғыбай, Байбек пен Үміт, әйелдер кіреді)


Үміт:–Апа-ау, не боп қалды? Жан даусыңыз шығып жатыр ғой!


Бибіжан:–Жан дауысым шыққанша сол жанымның өзі неге шығып кетпейді екен мына кеудемнен?! Мұқатымнан да… Нәбікенімнен де… Қинаятымнан да… қара қағаз келіпті.


(Суыт хабарды естіп, әйелдер жағы сыңсып жылай бастайды. Жоқтау айтады)


1-әйел:


–Дүние жылдан-жылға өзгеріп тұр, Не сұмдық қасіретті көз көріп тұр. Ағалар оққа ұшты деген хабар


Жанымды қайғы болып езгілеп тұр…


 


2-әйел:


–Қай ғапыл, мына ғапыл, дүние ғапыл, Басасың аяғыңды апыл-тапыл.


Ағалар, енді қайтып келмейсің бе, Туған ел, туған жерге адыр-адыр…


 


3-әйел:


–Күш-қуат қайдан келсін аш адамға, Қуатсыз аяғымды баса алам ба?!


Ағалар қан майданда опат болса, Несімен жақпады екен жасағанға?!


 


(Жоқтауды Үміт жалғастырады)


 


Үміт:–Ұшады аққу көлден ұзай алмай, Айрылдым ағалардан құдай алмай.


Күйігі бұл қайғының жаман екен Түйіліп қалдым тынып, жылай алмай.


 


Терең көл шым тастасаң шымырлайды, Ағалар, бастан біздің бақыт тайды.


Дұшпаның басынып тұр, кіл есерлер, Кім білер ендігісін біздің жайды.


 


Жоқ еді, артымда іні, алдымда аға, Асқар тау ағаларым болдың пана.


Тағдырға не жазып ем зар тұтқызып, Қалдырды-ау қасіретпен жеке дара.


 


Тұрмайтын жайнамаздан қайран атам, Болмады-ау ешбір қабыл еткен батаң. Апажан, ақ тілеуден шыға алам ба, Тілекті бермес тағдыр неткен қатаң…


 


Ауылым Қарағаштың қойнауында,


Қаларсың қайран басым қай дауыңа?! Ағалар, өздеріңсіз қиын болар, Отырмын дұшпанымның қамауында.


 


Жел мая қайыра енді желермісің,


Кеудемді қайғы мен мұң кернермісің. Туған жұрт, туған үйге қайыра оралып, Ағалар, енді қайтып келермісің?!


 


Құсмұрын, төбең биік өрлейміз де,


 


Біз сорлы, толған айды көрмейміз бе?! Ағалар, біз сіздерді, сіз біздерді,


Сұм жалған қайтып енді көрмейміз бе?!


 


Бибіжан:–(жан дауысы шығады). Не дейсіңдер?! Құдайым-ау, не дейсіңдер осы сендер?! (зар еңіреп жылайды).


Құлындарым-ай!.. Құлындарым-ай!.. Енді өздеріңді қайырып көре алмайтыным, енді қайыра өз үйлеріңе келмейтіндерің рас па, рас па құлындарым-ау?!


Менің Мұқатым… Нұрғалиым… Нәбікенім… Қинаятым… Жоқ, жоқ!.. (жан дауысы шығады). Өлген жоқ, өлмейді олар. Олар тірі… тірі олар… (үні дірілдеп) Айтыңдаршы… тірі ғой олар, ә… тірі ғой, ә…


Неге үндемейсің, сұм дүние! Ботасын алдырған аруанадай аңырап тұрған мына менің… зар үнімді неге естімейсің, сұм дүние!.. (зарланады).


Құлындарым!.. Құлындарым!.. Мен өліп қалып, сендер аман-сау өз үйлеріңе оралып, мен өздеріңді қайра бір көре алмайтын күн болса… мына сорлы аналарың… ақ сүтін… кешті деп ойлаңдар… кештім… ақ сүтімді, құлындарым, кештім…


О… мен сендердің бәріңді де қалай жақсы көрем десеңдерші… Қазір… дәл қазір жанымда болсаңдар ғой… сендерді аналық құшағыма алғанда бар ғой… жүрегімдегі сағыныштың отымен күйдіріп те алар едім-ау деп қорқамын…


Өздеріңді сағындым… сарғайдым… зарықтым… құлындарым!..


Айтыңдаршы… келеді ғой… келеді ғой… менің құлындарым?! Тірі ғой. ә… тірі ғой… құлындарым… (үнсіздік).


Неге үндемейсің, сұм дүние?! Керең, мылқау-саңырау болып қалдың ба, неге үндемейсің, сұм дүние?! (зарланады).


Сұм дүниені неге жауықтырып, неге тарықтырып қойдың, жаратқан ием?!


Өзің жаратқан пенделерің–Адам баласын бір-бірімен неге жауластырып қойдың, жаратқан ием?!


Сол жауласқан дүниенің… сол жауласқан Адамдардың кек оғының құрбаны болсын деп ұрпақ әкеліппін бе, дүниеге?!


Мен–Ана… сорлы Ана… зарлы Ана… Ей, Тіршілік… сен өлмесін, сен менің ұрпағыммен жалғассын… ей, жарық күн… сен сөнбесін деп ұрпақ әкеліп едім ғой мына–жарық дүниеге!..


Ей, дүние! Жарық күнді сөндіргің келмесе… тіршілікті тұншықтырғың келмесе… тимеңдер… тимеңдер менің ұрпағыма!


Ей, жауласқан, сұм дүние!.. Бір-біріңнен кектеріңді алғыларың келсе… біріңді-бірің… дүние атаулыны жойғыларың келсе… мына… мына… жарық күнді сөндіргілерің келсе… заманақыр орнатқыларың келсе… мына мені… Ананы құртыңдар әуелі… мені құртыңдар!


Бәріңнің… бәріңнің де құрбандарың мен… мен болайын, құлындарым!.. Тоғыз ай көтеріп, ақ сүтімді беріп асырап, өсірген, Адамзаттың баласы-ау,


бір-біріңмен жауласып… соғыс ашып… біріңді-бірің құрта берсеңдер ақ сүтімнің киесі атпай ма сендерді!..


 


Өмір–Ана!.. Дүние–Ана!.. Тіршілік-ана!.. Жарық күн де–Ана!.. Бақыт та– Ана!.. Байлық та–Ана!..


Мен сияқты аңыраған сорлы Ананың жалғыз ғана бақыты… жалғыз ғана байлығы… баласын оққа байлап неге ғана зарлаттың, сұм дүние!


Ананың зарын тыңдай алмасаң–керең боларсың, сұм дүние…


Ананың жүрегін жаралап, зар илетсең–қатал боларсың, сұм дүние…


Ананың бауырындағы баласын ала берсең–тасбауыр боларсың, сұм дүние… Ананың бауырындағы ұрпағының қанын төге берсең–тажал боларсың, сұм


дүние…


Анаңды зарлатып өтсең–зар дүниеге тап боларсың… Анаңды тарықтырып өтсең–тар дүниеге тап боларсың… Нақақтан-нақақ көз жасымды төксең–тозарсың…


Ақ сүтімді… аяққа бассаң–соларсың…


(Үнсіздік)


Әй… әй… естисіңдер ме?! Әне… әне… апалап менің құлындарым келе жатыр… (сахна “Апа” деген дауыспен жаңғырып кетеді)


Әне… әне… көріп тұрсыңдар ма, ей. (Үнсіздік, сәлден соң аңырап жылаған ана, қайғылы үнмен) Неге үндемейсің, сұм дүние!.. Ботасын алдырған аруанадай аңырап тұрған мына менің… зарымды, неге естімейсің, сұм дүние!..


 


V-көрініс


Колхоз басқармасының кеңсесі. Аудандық халық сотының көшпелі мәжілісі өтіп жатыр. Айыпталушы–Үміт. Сотқа қатысып отырған колхозшылар үрейлі. Көз жастарын сүртіп отырған әйелдер де бар.


***


Төлеубай:–Айыпталушы, азаматша Үміт Жұмажанова! Сіз өзіңіздің колхоз қырманынан он килограмм, понимаешь, бақандай он килограмм… бидай ұрлап, соны үйіңізге алып келген қылмысыңызды мойындайсыз ба?!


Үміт:–(орнынан тұрып) Жолдас сот! Енді бір кішкене бидайды, бас орамалыма түйіп алып, үйге әкелгенім рас. Қырманнан бір де бір түйір дән алған жоқпын. Бұйырмасын!.. Егістік үстінде және жол бойы шашылып жатқан бидайды жинап, біраз масақ теріп алғаным рас енді… нансаңыз сол күні үйде бір таба нан салатын ұн қалмап еді. Үйімде қарт анам бар… Күйеуім де соғыстан арып-ашып келді… Емшекте алты айлық балам бар… Солар талғажу қылсын деп әкелгенім рас еді… Сол күні бір дорба бидайды әкелмесем кәрі шешем.. күйеуім… жалпы үй-ішіміз ашығып та қалар едік. Тап сол күні үйімізде аш өзегімізді жалғайтын бір үзім нан болмай қалып, жолдас сот… Оның үстіне, білесіз… біздің шаңырақтың төрт бірдей азаматы әлі соғыстан орала да қойған жоқ. Солар түгел болып, төрт құбыламызды түгендеп тұрса (көзіне жас алады) даладағы шашылып жатқан бидайды жинап алып, үйге әкелер ме едім, мен сорлы?!


Манақ:–Жолдас сот! Айыпталушының астық ұрлаған қылмысына ғана емес, үй-ішімізбен ашығып қалар едік деген сөзіне де назар аударуыңызды сұраймын. Бұл не деген масқара! Біз сияқты қой бағып… мал соңында жүріп мал болып кеткен халықтың қолын теңдікке жеткізген Совет үкіметінде аштан өлер едік


 


деуінің өзі үлкен айып! Бұл осы сөзімен тұтастай бір… Совет системасын қаралап отырған жоқ па? Мен коммунист ретінде мынаның бұл сөзін айыптамай тұра алмаймын…


Үміт:–(ширығып) Әй, Манақ! “Ашықтық” деген сөзден неге шоши қалдың?! Не, әкеңнің ана бір жылы қыс ішінде аштықтан бұратылып айдалада өліп қалғанын… сүйегін менің атам жинап әкеліп, өзіне деп алып қойған ақыретіне орап көмгенін де ұмыттың ба?!


Манақ:–(Үмітке тұра ұмтылады) Қап, бәлем, сен қатынды ма! Көзіңді тұздай құрттырмасам ба?!


Жексенбай:–(қолындағы наганын кезеніп Манақты бөгейді) Тоқта! Тоқта деймін… Бұл не қылған бассыздық… Орныңнан қозғалсаң… жайратып саламын…


Төлеубай:–(айқай салады) Сволочи! Хватить!.. Бұл не қылған масқаралық, ә!.. Халық сотын сыйламағанды көрсетемін бәріңе де… кәне, тынышталып, орындарыңа отырыңдар…


(Тыныштық орнайды. Үнсіздік. Сотқа қатысып отырған әйелдер жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, үнсіз жылап отыр)


Так!.. айыпталушы жолдас! Сіз менің ғана сұрақтарыма жауап беруге тиіссіз.


Сот тәртібін бұзбауыңызды ескертемін…


Үміт:–Кешіріңіз, жолдас сот! Енді қайтейін. Шыдай алмай кеттім. Отызыншы жылы әкесі аштан өліп, өзі біздің үйдің кебегін жеп, аман қалса да көкіп тұрғанына шыдай алмай, қанымның қайнап кеткені де…


Манақ:–(кектеніп) Көзіңді құртамын… құртамын мен сені…


Үміт:–Е, дүниенің әділдігі мен адалдығы бір саған тіреліп қалды деп пе едің? Сол әділдік пен адам тағдырының үкімін саған айтқызбасын де… (жігерленіп) Әй, Манақ! Әй, Әлиевтің баласы!


Етегі көйлегімнің бәсең деймін, Баласы Әлиевтің есер деймін.


Қаралап сен ісімді бергенменен, Әділ сот бұл ісімді шешер деймін…


Қарғыс атсын сені! Көрем деген қызығыңды көрсетпесін бұл құдай!.. (өксіп жылайды).


Төлеубай:–(даусын көтеріп) Так, жолдас айыпталушы! Бұл ара сіздің өлең айтатын әйелдерің бастаңғысы емес… қысқартыңыз анау-мынау деп тақпақтағанды… қарғағанды… Так, ал енді осы іс бойынша куәлерді тыңдаймыз. Кәне, куәлерді бір-бірден шақырыңыздар… (Сырттан Бәтжан кіреді. Қобалжитыны сезіліп тұр). Жолдас, азаматша Бәтжан Әлиева, егер сіз жалған куәлік беретін болсаңыз, өзіңіздің жауапқа тартылатыныңызды білесіз бе?


Бәтжан:–(абдырап) Қайын аға, ол не дегеніңіз! Жалған куә болып, үкіметті, болмаса, сотты алдайды деп пе едіңіз? Көрген-білгенімді… анық-қанығын айтып беремін де…


Төлеубай:–(түсін суытып) Жолдас куәгер! Во первых… бұл арада мен сізге ешбір қайын аға емеспін әзірге… Мен қазір… халық сотымын… сотпын… соны біліп қойныңыз…


 


Бәтжан:–(сасқалақтап) Иә, иә… кешіріңіз, сот қайын аға!


Төлеубай:–“Жолдас сот” деңіз… Так куәгер! Сіз азаматша Үміт Жұмажанованың колхоз астығын ұрлап, үйіне әкелгенін растай аласыз ба?.. Және де қалай растайсыз?!


Бәтжан:–(әбден сасқалақтап) Қайын аға!.. ойбай көтек… жоқ-жоқ, қайын аға емес… сот, сот… айтайын… айтайын… Осы бір екі кештің арасында бұлардың үйлерінен ән салған дауыстар естілді. Содан е, бұлар неменесіне жетісіп ән салып отыр деп сол үйге бара қалсам… дастарханның үстінде қуырылған бидай… өздері қызара бөртіп отыр екен…


Төлеубай:–Иә, бұл қайдан келген бидай екен?


Бәтжан:–“Бұл сендерге қайдан келді” деп мен де сұрадым дәл осылай. “Онда не шаруаң бар, бізге құдай берген бидай бұл” деді мына Үміт.


Төлеубай:–Сонда сіз қуырып жеп отырған бидайды… ұрлаған деп санайсыз ба?


Бәтжан:–Иә… иә… Әрине… ұрланған астық… әйтпесе егін орылып жатқан сол тұста тіпті өз үйімізде де бұйырмасын бір түйір бидай жоқ болатын.


Төлеубай:–Жарайды! Мұның ұрланған бидай екендігіне көзіңіз жетсе, сіз коммунист ретінде айыпталушыға, бұл бидай–социалистік меншік… оған қол соғуға борлмайтынын… оны колхоз қоймасына апарып, өткіздіруге неге әрекет жасамадыңыз?


Және де Сталин жолдастың өзі қол қойып, “Социалистік меншікті талан- таражға салуға қарсы күрес” туралы 1936 жылдың 7 авгусында шығарған заңы да бар екендігін бұлардың естеріне неге салмадыңыз?!


Бәтжан:–Айттым! Құдай ақына, айттым! Көп болса бір тостаған бидай қуырып жеген шығарсыңдар, қалғанын қоймаға өткізіңдер деп айттым… Сталин жолдас тіпті есімнен шығып кетіпті… Жо-жоқ, Сталин емес… ол есімде… әлгі заңы да есімнен шығып кеткені… Бұлар бет бақтырмаған соң, үйге келіп… әлгі ағаңа… әлгі… әлгі ауылсәбет байыма… Майқыға айттым. Ол тез киініп, қорадағы атын ерттей салып, ауданға шауып, мына мелиция қайным Манақты алып келді ғой… (маңдайындағы терін сүртеді).


Төлеубай:–Куәгер Майқы Әлиевті шақырыңдар! (Майқы кіреді).


–Так, Майқы Әлиев! Бұл іске куә болудың заң алдындағы жауапкершілігін білесіз ғой?!


Майқы:–(сәл-пәл тұтығыңқырап) Бі-бі-лемін!


Төлеубай:–Сіз мынау айыпталушы Үміт Жұмажанованың колхоз бидайын ұрланғандығын қалай растайсыз?!


Майқы:–Ме…мен…бе?! Әйелім айтып келді ғой енді. Сосын атқа міне салып, түн болса да шауып отырып аудан орталығына барып, милицияны аяғынан тік тұрғыздым ғой. Мына Манақты ертіп әкеліп… осындағы колхоз басқармасы Ерқасым Рахмановты алып, бірден үйлерін тінттік… Содан бидай тауып алдық… Кірге салып өлшесек тура жеті келі тартты. Бір кесе қуырған бидай да бар екен… Жаңағы табылғаны бар… қуырып жегендері бар… енді он келі бидай ұрланды деп протоколдадық қой…


(Сотқа қатысып отырған ауыл адамдары бір-бірімен сыбырласып, гуілдесіп кетеді. “Ә…жауыз… Ә…қара жүрек” деген сөздер естіліп қалады)


 


Үміт:–Әй, Майқы! (жұрт елең ете қалады) Мен бүгін айдалармын, сор кешермін,


Бұл жолдан не қайтпаспын, не келермін. Өзіңді көріңде де қарғап өтем,


Қызығын жалғызыңның көрсетпесін…


(Әйелдер жағы күрсініп, дауыс шығарып жылай бастайды) Төлеубай:–Жолдас, колхозшылар! Тынышталыңдар! Бұл сот!


Тыныштықты сақтамасаңыздар бәріңді де осы арадан тырқыратып қуып шығуға правом бар.


(Тыныштық орнайды)


Так, келесі куә… Ерқасым Рахманов кірсін!.. (Ерқасым кіреді)


Сіз…жолдас    Рахманов    сот    ісіне    куәгер    болудың    заң    алдындағы жауапкершілігін білесіз ғой, ә…


Ерқасым:–Білемін…білемін…


Төлеубай:–(кекетіп) так, тағы да не білесіз?.. Өзіңіз басқарып отырған колхоздың меншігін талан-таражға салғызып қойған сізге де іс қозғалатындығын да білесіз бе?!


Ерқасым:–(батылдау) Оныңызды білмеймін енді. Менің не жазығым бар?


Бұлар бидай ұрлайды екен… ал мен оған жауап беруім керек…ә!..


Төлеубай:–(шамданып) Жолдас, басқарма! Ақырын… ақырын… Қазір осы жерден-ақ қолыңызға кісен салғызып… айдатып жібере алатын құдіретім бар екендігін білесіз бе…ә?!.


Ерқасым:–(жүні жығылып) Білемін… білемін! Енді қайтейін… күйіп кетемін де… Қай қатынның қайсы бидай ұрлап бара жатыр деп… қайсысының қойнына қолымды салып тексеріп жүремін…


Төлеубай:–(масаттанып күледі) Ха-ха-ха!.. Тап мұның… өз қатынынан басқа қатынның қойнына қол салмай жүргендей мүләйімсінуін қарашы… Әй… басқарма… біз… мына біз… сенің талай қатынның қойнына қол салмақ түгілі… ышқырына қол салып жүргеніңді білмейді деп ойлайсың ба?! Ха-ха- ха!..


Так… НКВД-шник… Жексенбай Қарасартович!


Жексенбай:–(орнынан ұшып тұрады) Мен, жолдас сот!


Төлеубай:–Сенде… мына басқарманың қолына салатын кісенің бар ма дәл қазір?!


Жексенбай:–Бар… бар болғанда қандай… Айтсаңыз болды, мұның қолы түгілі аяғын да кісендеп тастай аламын… тіпті осы арада отырған халықтың тең жартысын да кісендеп тастаса жетерлік кісендерім бар…


Міне… міне… (кісен алып шығады).


Төлеубай:–Жарады, Жексенбайым! Жарадың! Наганыңда оқ бар ма?


Оқтаулы ма наганың?!


Жексенбай:–Оғы бар, бар!.. Оқтаулы! Оқтаулы! Шүріппесін бассам болды.


Жайратып саламын…


Төлеубай:–Жарадың Жексенбайым! Жарадың!.. Қатырдың Қарасартовым! Қатырдың!.. Так… куәгер Ерқасым Рахманов! Айтыңызшы… Мына айыпталушының бидай ұрлағандығын сіз қалай растай аласыз?


 


Әлде, жоққа шығара аласыз ба?


Ерқасым:–Мұның (Үмітті нұсқайды) колхоз бидайын ұрлағаны рас. Енді мына ауылсовет Әлиев, мына милиция Манақ Әлиев бар… үйлерін тінтіп едік, жеті келі қара бидай екен… Үш келідейін қуырып жегендері бар… он келі бидайды ұрлап отыр ғой бұл қатын… (үнсіздік).


Айтпақшы, сот жолдас! Осы бидайды мына Үміт емес, соның күйеуі колхоздан ұрлап әкелді деген де сөз бар…


Төлеубай:–(елең ете түседі) Так… так… міне, қызық! Айтыңыз… айтыңыз… ол қайда, кәне?! Мына арада… айыпталушының мына орындығында неге Байбек Жұмажанов отырмайды, ә?!


(Халық шуылдап кетеді. “Бүлдірді-ау мынау… аузынан қағынып”–деген сөздер естіліп қалады).


Төлеубай:–Так..тынышталыңыздар…тынышталыңыздар!..


(Халық тына қалады)


Үміт:–(орнынан тұрып, жан даусы шығады) Жоқ! Жо-жо-жоқ! Бұл–жалған… Бидайды мен… мен әкелдім үйге… наныңыздаршы маған… мен… мен…айыптымын…


Төлеубай:–Так… Басқарманың жаңағы айтқанын да тексере жатармыз… Бізде уақыт бар… Біз анықтаймыз… Тексеру… тергеу… соттау… ол–біздің кәсібіміз… жұмысымыз… Сол үшін бізге үкімет ақша да төлейді… Әгәрда, Байбек Жұмажанов өз қылмысын… яғни… он келі бидайды әйелі емес… өзі ұрлап әкелгенін өзі мойындаса… әлемдегі ең әділ советтік сот оған кешірім де жасауы де мүмкін… Қарасартов солай ма?..


Жексенбай:–(орнынан ұшып тұрып) Солай… солай…


Төлеубай:–Жарадың,   Жексенбай!    Жарадың!    Қатырдың,    Қарасартов!


Қатырдың!..


Байбек:–(баяу орнынан көтеріліп) Жолдас, сот! Мен күнні кеше ғана қан майданнан оралған жауынгер едім. Совет үкіметінің қас жауы–пәшістерге қарсы аянбай соғыстым… Бас қолбасшы Сталин жолдастың алғысын да алдым… Оның үстіне… екі бірдей ағам… екі бірдей інім соғыстан қайтпай қалды… Мына менің әйелімнің түк те жазығы жоқ. Бидайды ұрлаған мен едім… (үнсіздік. Үміт жылап отырады) Ұя бұзбаған… обал болады деп тіпті қасқырдың бауырындағы күшігін де алмайтын халық едік қой… бауырымда мына (алдындағы бесікті көрсетіп) сәбиім бар… мына мені соттамас…айыптамас деген оймен менің қылмысымды мына сорлы әйелім өз мойнына алып отыр…


(Халық шулап кетеді. Жылап, сықтаған дауыстар)


 


Үміт:–(көз жасын сүртіп, орнынан шапшаң көтеріліп) Жоқ! Жо-жоқ! Мен айыптымын! Мен… мен ұрладым бидайды… Бұл қанша айтқанмен ер-азамат қой, мәрттік жасап, менің қылмысымды өзі арқалағысы келіп тұр да!..


Төлеубай:–Так… міне… мәселе қайда жатыр, ә?!


Сот бұл жағдайды да тексеріп, тергеп, анық-қанығына жетеді әлі. Ал, әзірге айыпталушы Үміт Жұмажанованың ісін тыңдау осымен аяқталды. Қазір сот өз үкімін шығаруға үзіліс жариялайды! Айыпталушы, Сізге соңғы сөз беріледі. Сөйлейсіз бе?!


Үміт:–Сөйлеймін!.. Бірақ та мен ақталып жатпаймын. Қылмысымды мойындаймын… Баяғыда хан қылышы басын қиып түсейін деп тұрған сәтте де, жазаланушыдан: “Не тілегің бар, ақырғы үш тілегіңді айт” дейді екен. Жұмыс басты адамсыздар ғой… мен үш бірдей тілегімді айтып… бастарыңызды қатырмай-ақ қояйын… Менің екі-ақ тілегім бар… Сол екі тілегімді беріңіздер…


Бірінші тілегім… (үнсіздік) Біздің үйден бес бірдей… бес бірдей… азамат соғысқа кетіп еді… солардың… (үні дірілдеп) төртеуі… төртеуі бірдей майданда мерт болды деген суық хабар бар… Бірде-біреуінің соңынан ұрпақ ермеді… тым болмаса… сыңар тұяқ та қалмады… Анау отырған… Байбек… кешегі өздерің көзін көріп… қасиетін таныған… еліңе иманын айтқан қажы аталарыңнан қалған соңғы бір ұрпағы еді… Құдай тілеулеріңді берсін… Сол қасиетті қара шаңырақтың түндігі жабылып қалмасын.. десеңдер Байбекке… Байбекке тимеңіздер… Он келі қара бидайдың қара қасіретін мен-ақ тартайын… (үнсіздік)


Екінші тілегім (үні дірілдеп) мына арман дүниенің… мына жалған дүниенің… қулық-сұмдығын, опасыздығы мен сатқындығын сезбей… тал бесікте пысылдап ұйықтап жатқан анау кіп-кішкентай ботақанымды… соңғы рет… соңғы рет… емізіп, ақ сүтіме соңғы рет тойдырып кетуіме… рұқсат беріңіздер!..


Төлеубай:–Жә… емізсін баласын… Сот өз үкімін шығаруға үзіліс жариялайды….


(Төлеубай, Ерқасым шығып кетеді. Үміт бесікке сүйеніп, баласын емізе бастайды. Жексенбай мен Манақ күзетіп тұрады. Бәрі үнсіз)


 


Үміт:–(қайғылы ананың көкірегінен сүт шықпай, бала жылай бастайды. Ызалы үнмен) Неменеге жұлмалайсың?! Неменеге тістелейсің?!. Неменеге жылайсың?!


Сүт шықпай қойса мен бе екен жазықты?! Жарытпай қойған мен бе сені?!


Жылайтын күнің алда… алда әлі сенің!..


(Бесікті итеріп жібереді де, ащы зарын төгіп аңырап жылайды).


Құдайым-ау!.. Құдайым-ау… Зар еңіретіп жылататындай, айыптап… айдататындай не жазып едім?! Жазығым не, айыбым не, құдайым-ау!.. Мені… мені болмаса да… төрт… төрт бірдей боздағынан айырылып қан жылап… қан құсып отырған сорлы апамды аясаңдар етті… Қара жүректеріңе осыншалықты қалай ғана қан қатты екен сендердің?!


 


Замана зардабын тартып жылағаның аз ба еді, халқым-ау?! Біріңді-бірің дұшпан санап, біріңді-бірің орға жығып, оққа байлап жылатқаның да, құлатқаның да аз болып па еді, халқым-ау?!


Жылап қалған, боздап қалған, тентіреп кеткен жетімдерің аз ба еді?! Құдайым-ау… (бесікті көрсетіп) ананы… анау жарық дүниеге келгеннен басқа ешбір айыбы жоқ… ешбір жазығы жоқ… анау сәбиді шырылдататындай не жазып едім, халқым-ау?! (зар еңірейді)


(Бесіктегі баланы шешіп, Үміттің қолына әкеліп береді)


Құлыным!.. (тебіренген, еміренген үнмен) титтей ғана, қарғам-ау, менің!


Арқамды аяз қарып, табанымнан суық өтіп, талай бір ызғардан тұла бойым қалтыраса да… сені ойласам болды… тұла бойымды ысытып сала беретін періштем-ау… Енді, міне, ақ сүтімді иіп бере алмай… мына елімнің залымдығынан қалтырап… дірілдеп… өз тағдырымның үкімін күтіп тұрған мына менде не ақыл… не ес қалды дейсің, құлыным-ау?!


(Баланы қос қолымен жоғары көтереді).


Халқым-ау, мына қараңдаршы… мені соттатып, құртақандай мына сәбиді анасынан, мені бауырымдағы сәбиімнен айырып, шырылдатуға қалай ғана дәттерің барады екен?! О, құлыным, жыларсың әлі! О, құлыным, зарларсың әлі!.. О, құлыным, тарығарсың, сағынарсың… іздерсің анаңды!


О, құлыным! Сорлы анаң да… сені ойлап сарғаяр… баяны да жоқ… аяры да жоқ… аяны да жоқ… көрсоқырлардың қамауында сен де… сен де… қалып барасың! Бидай ұрлап сотталған жауыздың баласы деп көзге де түртер бұл ел… (өксіп жылайды)


Халқым-ау, мына сәби жазықсыз ғой, айыбы жоқ қой мұның! Өздеріңе аманат, жалғызым, туған жұрт, ағайыным! Ей, Күн мен ай, ел мен жел, көк аспан, сендерге аманат жалғызым! Сақтай көріңдер менің жалғызымды! Сақтай көр Тәңірім жалғызымды!..


(Баланы бесікке бөлейді “Бесік жырын” айтып, емізе бастайды)


Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!


Жылама, бөпем, жылама, Сорлы анаңды қинама!


 


Әлди, әлди, әлди-ай!.. Әлди, әлди аппағым,


Жылама менің жүрегім! Айдалып барат сорлы анаң, Бір құдай болсын тірегің!


 


Әлди, әлди, әлди-ай!..


Жылаған біздей зарлыға, Қуғын көрген жарлыға. Жаным менің ер жетіп


Көсем болар ма екенсің?!.


 


Әлди, әлди, әлди-ай!?? Әлди, әлди, бөбегім, Ақ бесікке бөледім…


Тезірек еміп, бір тойшы, Анаңды қамап қойғанша Әлди… әлди… әлди-ай!??


(Әлденеге абыржыған әйелдің біреуі, дауыс салып жылап кіреді).


 


Әйел:–Ой-бай!.. Сорлы апам… сорлы апам… Екі көзі төрт болып, көкірегін дерт билеп өтіп кетті-ау өмірден… Апам-ау… апам-ау!..


Үміт:–(орнынан ұшып тұрып) Ойбайламай айтсаңшы енді, не болып қалды?!


Апам жүріп кеткен жоқ па о дүниеге…


Әйел:–Иә…иә… Басында күзетіп отырдым тапжылмастан. Әлден уақытта қимылдап… көзін ашты да, “бар, қарап келші, құлындарымның біреуі болмаса біреуі келе жатқан жоқ па екен” деген соң тысқа шығып, лезде қайтып келдім. “Келді ме, құлындарым” деді де иегін бір қағып жүре берді… Сорлы апам-ау… екі көзі төрт болып, зарығып өткен, апам-ау.


Байбек:–Үміт, жаным! Бір құдайға тапсырдым сені! Әділдік біз жақта ғой! Әйтеуір, соған көңілім сенеді. Сот қазір-ақ өз үкімімен ақтап, осы арадан босатып қоя берер… Еш нәрсені уайымдама! О дүниелік болған анам бір үйде иесіз жатып қалды-ау… барып бетін жаба берейін… өйтіп-бүйткенше сен де келіп қаларсың…


Үміт:–(көзіне жас алып) Бар, бар енді тезірек. Апам мен бақылдыққа да келе алмадым-ау!..


(Төлеубай, Жексенбай, Майқы мен Ерқасым кіреді. Халық іштен тына


қалады).


Төлеубай:–Халық сотының үкімін тыңдаңыздар! Азаматша Үміт Жұмажанованың он келі колхоз астығын ұрлаған қылмысы толығынан анықталып, мойнына қойылды. Халық соты Үміт Жұмажанованы он жылға бас еркінен айырып… соттауға өз үкімін шығарады. (үнсіздік)


Бұғыбай:–(ашудан түтігіп) Не дейсіңдер, оңбағандар?! Он жыл… обал емес пе мына сорлыға! Әй, жетесіздер, далада шашылып, іріп-шіріп, көр тышқан жеп жатқан бір шелек қара бидай үшін он жыл кескендерің пәшістердің қаталдығынан да асып кетті-ау. Қап, әттеген-ай, қолдарыңда өлейін… (сыңар балдағын судья Төлеубайға жіберіп қалады да, атылып барып Жексенбайдың қолындағы қаруына жармасады. Алыс-жұлыс басталады)


Қап, әттеген-ай, ә!.. Бір оқтың болмағанын қарашы. Тұрған жерлеріңде жайратып салар едім. Сендер де бір… пәшістер де бірдей екен-ау… Талай пәшістерді жайратып едім… сендерді де обалсынбай атар едім… Әй, Жексенбай, андағы наганыңа қолым бір жетсе бар ғой…


Жексенбай:–Тыныштал, жауыз! Әйтпесе қазір жайратып саламын!..


Бұғыбай:–(еңбектеп Жексенбайға жақындай береді) Ат, ат!.. Жақындашы кәне бір… мен жаралы арыстан… алысқан да… жұлысқан… жақындашы кәні?


Жексенбай:–Кері қайт, жолама! Атамын!.. Атамын қазір!.. (атып салады.


Әйелдер улап-шулап жылайды. Баланың шырылдаған жан дауысы шығады).


 


***


Лагерь. Темір тордың арғы бетінде сотталған бір топ әйелдер сап түзеп кетіп барады. Солардың соңында–Үміт те бар. Тоқтап, темір торға таяу келіп, мұңды да ойлы жүзбен қарап тұрады…


Дауыс:–Басқа салғанды, тағдырыма жазғанды көріп, тар жерде жүріп жатырмын. Ешкімнің басына бермесін де мұны… Бесігінде шырылдап қалған құлынымды күні-түні ойлаумен, жылаумен, кесілген мерзімнің әр күні тезірек өтсе екен деп тілеумен жүріп жатырмын. Зарықтым… Сарғайдым… Сары уайым мүжіп жеп барады… Көптен бері ешкімнен де хат ала алмай қойдым… Апыр-ау, құлыншағым аман ба екен?! Әлде, ұмытты ма бұлар мені?..


Гудегі айқайлайды сағат сайын, Әрдәйім барып тұрам, почта дайын. Поштада бір мыңдаған хат жатады,


Оқимын соның бәрін шықпайды атым.


 


Анадан жетім қалған мен бір мұңды, Жүремін жалғыз басым сары уайым. Сіздермен хат арқылы сөйлескенмен, іштегі тарқамайды қалың қайғы.


 


Жаралған сорлы болып, қу маңдаймы, Жүремін жалғыз басым сары уайым. Құдай-ау, мұныңа да көнбек үшін,


Тәуба қып ақылыма ой саламын.


 


Қар жауып жердің жүзі ағарады, Дария сулар мұз болып көгереді. Сіздерді көрмеген соң көптен бері, Сағынып менің жаным сарғаяды.


 


Хат жазам амандықтың түгел бәрін, Тұрмысың қандай-қандай жағдайларың. Денім сау, аман есен жүрмін әзір,


Жалғыз-ақ бар уайымым балапаным!


***


Тордан ұстап тұрған Үміт талықсып, тізерлеп отыра береді. Бала шырылдайды. Бір сәтте темір тор көрінбей кетеді де, тербетілген ақ бесік қана қалады. Бұлттар көшіп, сол көшкен бұлттың ара-арасынан толған ай сәулесі тал бесікке түсіп тұрады. Бесік тербеліп, бала жылап жатады.


 


(Шымылдық).




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу