09.02.2023
  520


Автор: Жабал Ерғалиев

Алдамшы өмір

Бір күн… шіркін-ай, тым болмаса бір күнге сауығып, екі аяғымды тік басып жүріп кетер ме едім?!


Сырқаты әбден меңдеп, жаны да, тәні де қиналып жатқан Жылқайдардың осы бір ойдан мазасы кетіп-ақ болды. Өз ауруының сырын біле тұра, тәңірінен бір күнге айықтыруды несіне тілеп жатыр? Сол тәңірі тілеуін бере қалса, сол бір күннің ішінде бұл не бітіріп, не қоймақшы?!


Қу тіршіліктің соңынан еріп, өз ғұмырының қалай өтіп кеткенін де байқамапты. Өмір бойы аңсап, сол үшін жанын жеп, беттің арын белге түйіп алып, өзінен дәрежесі үлкендердің алдында иіле жүріп, түбінде маған осы кедергі жасар-ау дегендердің обал-сауабына қарамай, қабырғасын қақыратып, жолынан сырып тастай отырып, биік бір мансапқа қолы енді-енді жеткені сол еді, тәңірі бір-ақ күнде аурухана төсегіне алып ұрды. Сайраны мол дәуренді күндерінің бар қызығы тап қазір сырқат жанын тыныштандыра алар емес. Бірдей бір мекемені басқара жүріп, алшаңдай басып, кең көсіле сөйлеп, өз қарауындағыларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап-ақ бақты. Обалы нешік, бұл не айтса да: “Жықа, сіздікі дұрыс”,–деуден басқа сөз айтуды білмеген өз қарауындағыларға бұл өлер шағында не айтсын енді?!


Жықа, Жықалап өткен сол мұңдардың бірде-бірі көңілін сұрап келіп кетуге жарамады-ау! Тәйірі-ай, бәрі де өз тіршілігіңде екен ғой! Аяғыңнан жүріп, қолыңда билігің болса, бәрі де маңайыңа үйіріліп, түшкіріп қалсаң да бірге түшкіріп, жарамсақтанған соларды да бұл азаматтар деп жүрді-ау! Бетіне келмей, өзіне қарсы сөз айтпағандардың бәрін досы санап келгендігі үшін өзін- өзі тұңғыш рет кінәлап жатыр тап қазір. Бірінің үстінен бірі өсек айтып, кімнің қалай сөйлеп отырғандығын өзіне жеткізіп отырған сол кездегі адал достарынан да жиіркенгендей еді.


Жылқыайдар ауыр күрсінді. Қарлыққан дауысы жарықшақтанып, ышқына шықты білем, бас жағында отырған әйелі Раушан селк ете түсті.


–Не болды? Шыдай тұршы, дәрігер шақырайын ба?–деп телефон құлағын қолына ала беріп еді, Жылқыайдар:


–Жоқ, әуре болмашы, қажет емес,–дегенді үзіп-үзіп, әрең айтты.


–Маған…ма-ған Тәкеңді шақыртып беріңдерші!


Жылқыайдардың мына сөзін естіген Раушан үндей алмай қалды. Өзі әрең сөйлеп, жаны азапталып жатқанда Тәкеңді қайтпекші екен?!


–Жықа-ау,–деді Раушан өзінің бұрынғы назды үніне басып,–Тәкеңді қайтпекшісің, онымен сөйлесуге әлің де келмес бүгін. Әбден сауыққан соң барып сөйлеспеймісің онымен!


Әйелінің бұл айтқандары санасына еміс-еміс кіріп жатқан Жылқыайдар жұмулы көзін ашты да, күшін жинап, Тәкеңді қайтсе де бүгін шақыртып беру керектігін айтты.


–Ертең кеш болуы мүмкін. Сол Тәкеннен кешірім сұрау үшін тәңірімнен бір күнге сауықтыра тұруды тілеп жатырмын,–дегенді Жылқыайдар бас жағында жыламсырап отырған әйеліне жаны қинала әзер айтып шықты.


 


Ет жүрегін езіп, кеудесін қысқан өксігін сыртқа шығара алмай булыққан Раушан келесі бөлмеге өтіп, анықтамалықтан Тәкен жұмыс істейтін мекеменің телефон нөмірін тауып алды. Ойын жинақтап, қоңырау шалып көріп еді, бір ер адам күрілдеуік дауыспен:–Тәкен жоқ, ол тапсырмамен жол жүріп кеткен,–деп сөзді бір-ақ үзді.


Қолындағы телефон құлағын өз орнына қояр-қоймасын білмей аңырайып тұрып қалған Раушан қарсы алдындағы үлкен терезе әйнегінен далаға көз салды.


Тіршілік сан құбылып жатыр. Есік алдындағы ақ қайыңдар бүршік жарып, балапан жапырақтар қаулап келеді. Төгілте не бір әнге салған құстар үні де айнала тіршіліктің қайғы-уайымы жоқтай әсер етерін қайтерсің?! Базары да, ажалы да көп дүние-ай, шіркін!


Есін жиып, көңіл толқынысын басқан Раушан сырқат жатқан бөлмеге қайра келіп енгенде, Жылқыайдар сәл-пәл тыныс алғандай болып жатыр еді. Көзі жұмулы болғанымен, көңілі, санасы ояу Жылқыайдар бас жағына келіп отырған жарынан ешнәрсе сұрамады. Тәкенге телефон шалып, іздестіріп жатқандығын көңіл түйсігімен сезгені бар-ды. Өзінің шақыртқанына Тәкеннің келер-келмесі беймәлім нәрсе. Келсе өзінің осы бір азаматқа кезінде нақақтан- нақақ қиянат жасағандығын айтар еді, ғапулық өтініп, бақылдасар еді. Ал енді, өзінің сол қиянатын әлі де ұмыта алмай, Тәкен кек сақтап мұның алдына келмей қалса да, өмірінің ақтық сәтінде тәубесіне келіп, кешулік жасасып, жанын бір күпірліктен тазартқысы келетіндігі бір тәңіріне аян.


Бұл да тәңірінің бір пендесі ғой! “Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ” жоқ дегендей, өз ғұмырында қателік жіберіп алмаған адам баласы жоқ-ау сірәда?! Қу тіршілік үшін алдап, арбап өмір сүруді үйренбесең өзің біреудің жемтігі болар едің. Адал, әділ боламын, турасын айтамын дегендердің талайы тайып жығылып, мансаптың тұғырына қайра шыға алмады. Ал бұл тайып жығылғысы келмеді, айналасындағы тіршілікке сақтықпен сығалай қарай жүріп, биліктің басында отырғандардың көзіне түсе білді.


Ақ сазандай толықсыған ақшылт жүзіне өң беріп тұратын бурыл шашты осы бір биязы жігіт жоғарыдағы басшыға да ұнап қалып еді.


Білдей бір мекемеге бастық болып тағайындалатындығын білгенде Жылқыайдар есі қалмай қуанып еді-ау. Бірақ, жүректе жатқан сол алып-ұшып тұрған қуанышын айналасына осыншама сездіргісі келмей бақты. Ондағы ойы партиялық мінездемеде жазылғанындай, өзін сыпайы, ізетті адам ретінде көрсетудің амалы еді.


Обалы нешік, сыпайы, ізетті көрініп, солай-ақ болғысы келіп еді әуелде. Бірақ, мына биік мансап дегеніңнің қызуы адамның ішінде бұғып жатқан қандай қасиетің бар, соларды шыдатпайды екен, сол бұғып жатқан пәлелердің бірте-бірте оянып, ақыл-есіңнен тандырып жібереді екен. Оның үстіне облысты басқарушының өзі бұған жылы шырай танытып тұрса, асқақтамай көр кәне! Қарауындағылар болса болмасын бұл келген күннен бері, біреуі “Жықа”, біреуі “Жылқыайдар Мырзаевич” деп асты-үстіне түскендей күй кешуде.


Мансаптың құлы болып өткенмін-ау!


 


Жылқыайдар қинала жатып осыны мойындады. Бұл ақиқатты мойындамасқа амалы да жоқ еді тап қазір. Өзін де, өзгелерді де алдап өмір сүргендігіне иланбасқа қайтерсің?! Ауруы меңдеп жатып қалып еді, мансабы, сол мансабына ғана бола бастарын шұлғып жүргендер көзінен бір-бір ұшып жатыр.


Әлден уақытта көз алдына Тәкеннің бейнесі келді. Екі көзі от шашып, тайсалмай бұған тура қарап тұр.


–Алла-ай!


Раушан шошынып қалды. Орнынан ұшып тұрып, Жылқыайдардың жанына тақау келіп, маңдайынан шығып жатқан суық терді ақ сүлгімен сүртіп алды.


–Түс көрдің бе, шошындың ғой?


–?!


Тәнінің жарасынан гөрі жанының жарасы есін алып бара жатқан Жылқыайдардың санасында бір ғана Тәкен сайрап тұр еді осы қазір.


–Жықа, мен тірімін, міне! Билігің барда жұмыстан да, партиядан да қуғызып жіберіп едің, өлген жоқпын! Не жазығым бар еді, айтшы кәне?


–Не жазығым бар еді? Не жазығым… не… Тәкеннің үнін құлағы анық шалғандай. Жанына Тәкен келіп қалған ғой деген болуы керек. Жылқыайдар басын көтеріп, төсегінен тұруға әрекет жасады. Басын сүйей берген Раушанға:


–Тәкен қайда?–деді үні үзіле.


Әттең, дүние-ай! Қу тіршілік алдапсың-ау мені! Алданғаным емей немене, өзімнің төңірегіме ылғиына араққұмар, жағымпаз, жарамсақтарды топтастырып, солардың пікірімен ғана санасатындығымды, кемшілігімді бетіме айтқан Тәкен-ау, сені неге ғана қас көріп кеттім екен?!


Әттең, шіркін!..


Бәрі де кеш енді. Апыр-ау, балама Алматыда операция жасайын деп жатыр, соған баруым керек дегенде неге ғана сені жұмыстан босатпадым екен, Тәкен?!


Осындай бір сұраулары көп күйкі тіршіліктің қай сауалына жауап берерсің?!. Жауап та берер-ау, бірақ оның ендігі арада кімге қажеті бар? Бірақ ақиқатты мойындап барып та өмірден өту керек шығар. Олай болса мойындайын, Тәкен мойындайын, мен саған қиянат жасадым, жазықсыз болсаң да қаралап, тереңге батырып жібердім. Мойындаймын, мойындаймын…


Тынысы ауырлап жатқан Жылқыайдарға жедел жәрдемнің дәрігерлері ине салып, түрлі ем жасаған болып жатыр. Бұрын дәрігерлер келгенде желпініп, қуанып қалатын ол бұл жолы көзін де ашқан жоқ. Мосқалдау біреуі сырқаттың тамырын ұстап, біраз уақыт отырып алды.


Тамыры соғып жатыр. Баяу, бірақ баяу да болса соғып, ет-жүрегіне қан жеткізіп беріп тұр әзірге. Осынау тамыры, осынау жүрегі соғып тұрған сәтте мансапқа арбалып алдамшы ғана өмір сүргендігін мойындай білді. Өз ғұмырында өз қателігін мойындап көрмеген жан үшін мұның қаншалықты азапты екендігі бір өзіне ғана мәлім. Қайдан оңай болсын, сол қателіктерін мойнына салып, көзіне көрсетіп беремін деп жағаласқан талайлардың біреуі Тәкеннің өзін майлы табаға салғандай шыжғырып, шырылдатып қоя берген жоқ па еді?!


 


Әй, Тәкен-ай, өзіңде де бар-ау енді! “Өлер бала молаға қарай жүгіреді”,– демекші Жылқыайдар Мырзаевичтің кемшілігін, қателігін айтып обкомға несіне ғана арыз жазып едің?!


Отқа май құйғандай болған сол оқиғадан кейін саған не істеуім керек еді, Тәкен-ау?!


Жанын жегідей жеп жатқан толассыз сауалдар мен түпсіз ойлардың азабы Жылқыайдарға ауыр тиіп жатыр. Тап қазір тәңірі сауықтырып жіберсе, көктен іздесе де Тәкенді тауып алып, кешулік сұрар еді. Бірақ бұған тәңірі босатар ма? Тегінде жер бетінде екі аяғыңды тең басып жүргеніңде қателесе көрме! Сүрін, өз маңдайыңды тасқа соқ, жардан құла, өз омыртқаң үзілсін, бірақ өзің теңдес екі аяқты адам баласына қысастық жасама, жамандық ойлама!


Бұл оның өзегін өртеген өкініші еді. Бір өкініші, бір үміті қосарлана жүрмесе мына өмірдің несі қызық? Өкінеді, әрине!


Сол Тәкенмен тіл табыса қоюы керек еді. Өкініші осы, міне!


–Ой, Жылқыайдар Мырзаевич, сіздей адамды жазып жүрген Тәкен сияқтылардың шіләпісін теріс айналдырып жібермейміз бе? Ол кім, сіз кім? Оның үстіне обкомдағы ана кісінің өзі бар…


Жанына жақын тартып жүргендерінің бұл сөзі Жылқыайдар Мырзаевичтің пәс болып қалған көңілінің бір үмітін оятып еді. Расында да айналасындағылардың бәрі сөзін сөйлеп тұрса, бұл неден қорықсын? Жоғарыда ана кісі ол отыр…


Осы бір үміт мұны қиянатқа бастап еді. Қайткен күнде де Тәкенді жұмыстан қуу керек,–деген ой билеп алды санасын. Бірақ, ол оңай жау еместігін де білмеді емес, білді. Жігіттер аман болса, бір амалын табармыз деген үмітпен ол ақиқатқа қарсы әрекет жасауға кіріскен-ді.


Иә, иә, сол бір жиналыс! Құрып қана кеткір-ай, сол жиналыс өткен күн менің ар алдында қылмыс жасаған күнім екен-ау!


Жағына пышақ жанығандай жұқа өңді, шынысы қара көзәйнегін үнемі тастамай тағып жүретін обкомның жауапты қызметкері Жәлел Асайынович бұл басқарған мекеме партия ұйымының жиналысына Тәкен жазған арыздың қорытындысын мәлімдеп тұр. Қайсы бірі есте қалсын, әйтеуір Тәкен көрсеткен біраз жайдың анықталғандығы сөз болды. Обком бюросы Жылқыайдар Мырзаевичқа сөгіс берді,–дегенді ол нығарлай айтты.


Тәртіп бойынша жиналысқа қатысушылар обкомның ұйғарымын ескере отырып, мұның қылығын талқылаулары керек еді. Обалдары нешік бірде-біреуі бұған бәлен деп ауыз ашқан жоқ. Сөйлегендердің біразы сол арада Тәкенге бас салсын.


–Сен неге арыз жазасың? Жалақорсың, пәле қуған оңбаған адамсың!


Тәкеннің өзін жұмыстан қуып жіберу керек.


Бәрін де мен білемін деп үнемі көкірек керіп, өзінің айтқанына көнгісі келмегендерге жұдырығын ала жүгіретін Нұржанның осылай деуі мұң екен тобыр шу ете түссін.


–Нұржан дұрыс айтып тұр! Тәкен оңбаған! Жұмыстан қуу керек.


Қуу керек… Қуу керек… Осы бір сөздер құлағының түбінде жаңғырып тұрып алды. Жалын атқан ішкі  қызуынан кебірсіп қалған  еріндерін тілімен


 


жалай бастап еді, шөліркегенін сезе қалған Раушан шай қасықпен аузына су тамызды.


–Қуу керек! Қуу керек…


Бір тамшы судан бойын жеңіл сезінгендей болды. Көзін ашып еді, үй ішіне күн сәулесі төгіліп тұр екен. Қарсы алдындағы үлкен әйнектен тылсым әлемге көз салып еді, не сиқыры бар екенін кім білсін, қарсы алдына тағы да Тәкеннің елесі келіп тұра қалды.


–Не жазығым бар еді?–Не жазығым… не…не… Санасын тағы да Тәкеннің үні билей жөнелді.


–Ағайындар-ау, не жазығым бар? Жылқыайдар Мырзаевичқа мен ешбір жала жапқан жоқпын. Жазған мәселелерімнің бәрі де анықталды ғой, солай емес пе, Жәлел Асайынович,–деп Тәкен осы арада обком қызметкерін пана тұта сөйлеп еді, онысы төмен қараған күйінде үндемей отырып қалды.


–Нұржанның мені атарға оғы болмай жүргендігінің себебін бәріңіз де білесіздер,–деп шырылдап тұр Тәкен. Өйткені оның бірнеше рет мас күйінде айықтырғышқа түскендігі жөніндегі анықтаманы осы сіздерге мен өз басым талай әкеліп бергенмін де. Бірақ, партия ұйымы, одан қалды сіздер бұдан ешбір қорытынды жасамап едіңіздер. Енді міне, сол Нұржан маған үкім айтып тұр!


Қуу керек… қуу керек.


–Не жазығым бар еді, не жазығым не… не…


Күш-қуаты әлсірей бастаған осы сәтте екі құлағының түбінен жарыса естіліп, жаңғыра қалған осы екі ауыз сөз Жылқыайдардың тынысын тарылтқандай болды.


Шіркін-ай, адалын айтып, екеуін табыстырып жіберетін бір азаматтың болмағаны-ай сол сәтте! Тәкенді бұған, мұны Тәкенге шағыстырып, бірімен бірін шабыстырып қойған сол, сонау бір күндерден ұтылған екеуі ғана болып шықты ақыры. Қалған жұрттың несі кетті? Сөзімді сөйлеп, дұшпанымды табаныма басып бергендердің талайларының қызметтерін жоғарылатып, жақсылықтарына бұл да жақсылық жасап еді. Сол сеніп, сүйенгендерінің біразы кейіннен тойда отырып жаман бір жел шығарып алған қыздың кебін киді.


Бір күн… шіркін-ай, тым болмаса бір күнге сауығып, екі аяғымды тік басып жүріп кетер ме едім?!


Жылқыайдардың санасына сыналай кіріп, әбден орнығып алған осы бір ой оның өмір деп соққан жүрегін бейуақ іңірдің қара көлеңкелі шағында талықсыта берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу