09.02.2023
  239


Автор: Жабал Ерғалиев

Сыр

Алатау көрінісі ғажап-ақ. Тау бөктерін қиялай, биік шыңға қарай таласа өскен шыршалардың қойнауына орналасқан аққудың еркесіндей ақ шаңқан еңселі үйдің сән салтанаты табиғаттың сұлулығымен жымдасып, жарасып тұр. Сылдырлап аққан тау өзенінің бір тынбайтын гүрілі де бұл араның тіршілігінің қоңырауын қағып, бірден адам жанын баурайды. Кез келген келгіншінің құлағына әуелі тау өзенінің әуені жетер еді де, ол бір сәт бұлбұл әнін естуге құмартқандай тұра қалып, құлағын түрер еді. Табиғаттың осы бір зерлі сұлулығы адам көңілін жадыратып, бойыңа сергек те серпінді күш құяды.


Демалыс үйіне келгелі бар тәртіпке үйреніп, ауа қысымы жоғары болатын таулы мекенге де көндігіп алдық. Жырға да, әнге де, аңызға да арқау болған қасиетті Алатаудың сұлулығын көбірек танысақ, соған молырақ сүйсінсек деген ынтық көңілмен серуенге ерте шығып, кеш қайтып жүрдік. Бүгін де Медеу шатқалына барып, адам қолымен жасалған ғаламат платинаны көріп, үлкен әсермен оралып, тыныс алып отыра бергенім сол еді телефон безілдей жөнелді.


–Кеш жарық, Ербол Есенович! Қалай дем алып жатырсыздар, маған келіп кетіңізші,–деген бас дәрігердің даусын бірден таныдым. Бірақ оған жауап қатып үлгергенімше телефонның ауық-ауық гуілі естілді.


Демалыс үйінің бас дәрігері мені көңілді қарсы алды. Үстіне киген шыттай ақ халаты мен бас киімі бөлме шамының жарығымен нұрланып, қоңырқай жүзінің реңін ажарландырып, әрлендіріп тұр.


–Ә Ербол, келіп қалдың ба? Жақсы болды ғой. Көңіл күйіңіз қалай,–деп ол орнынан тұрды да ежелгі танысындай ақжарқын әңгімеге көшті.


–Рахмет, Қанат Әренович! Бәрі де жақсы. Қазір ең аяғы шаршап-шалдығуды да ұмытып кеттік,–деп дәрігер жігіттің пейіліне ризашылығымды білдірдім.


–Мұның жақсы екен, інім! Біздің жердің ауасының өзі кез келген дертке шипа ғой. Әсіресе, мына кешкі самалды айтсайшы,–деп Қанат ашық тұрған терезе алдына таяп келді.


Таудың кешкі самалы кең әрі жинақы бөлме ішін еркін билеп, жаныңды рахат бір күйге бөлеп, тыныштандырып, желпіндірді. Алыстан сан мыңдаған шамдардың сәулесі кешкі Алматының әсемдігін мына дүние әлемге көрсеткісі келгендей жарқырап, нұрға малынып тұр. Ешкімге бас ұрмас, ырыққа көнбес тау өзені ғана баянды да ажарлы кештің тыныштығына ұйымай, арқыраған ағынмен асығыс ағып барады.


Қанат екеуміздің әңгімемізге манадан бері көңіл бөлместен креслода үнсіз отырған қарт ауыр күрсіне дем алып, орнынан тұрды да жайлап басып терезе алдына жақындады.


–Міне, табиғат дегенің осы,–деп сүйінішін білдірді де бейтаныс қарт өз орнына қайрадан келіп отырды.


–Андрей Алексеевич, сіздің палаталас серігіңіз міне, мына жігіт болады. Ербол Есенович сізге қал-қадірінше қызмет етуге әзір. Алматымен, Алатаудың көрікті жерлерімен таныстырады. Сізге жүріп-тұру қиын болмасын деп осы жігітке өзіңізді тапсырып отырмыз,–деп дәрігер “неге шақыртқанымды ұқтың ба” дегендей маған қарады.


 


–Рахмет, балам, мен әскери адаммын ғой, яғни бұл менің адютантым болды емес пе,–деп Андрей Алексеевич масайрап қалды.


–Манағы дәрігер айтқандай мен саған көп масыл бола қоймаспын, балам. Сен деген қылшылдап тұрсың, қыдыруың керек қой. Маған көп қарайлай берме,– деп Андрей Алексеевич алғашқы күннен еркіндік те беріп қойды. Бірақ та осы бір жинақы әрі сымбатты қарт полковникке аз күнде мүлдем үйренісіп алғаным соншалық, тіпті одан ажырасқым келмейді. Таң ертесі дәл белгіленген уақытында тұрады да ертеңгілік жаттығу жасайды. Жуынып, сүртінгеннен кейін бақ ішіне барып аз-кем серуендеп қайтады. Қарттың ерте тұрып алып мазалайтынына алғашында риза болмасам да кейіннен бұған да көндігіп кеттім.


–Ертеңгілік жаттығу дегенің ұлым, әрі денсаулық, әрі жастық, әрі сымбаттылық қой,–деп Андрей Алексеевич бір күні таңертеңгілік серуеннен қайтқан соң төсекте ояу жатқан менің жаныма келіп отырды.–Ал сен жылы орныңда керіліп әлі жатырсың. Жас жігіт дегенің ұйқыдан оянысымен атып тұрып, жаттығу жасап, таңғы ауамен тыныстап, жүгірмес пе!


Ажарлы жүзінде қан ойнап, екі көзі мейірімге шүпілдеп тұрған қарттың дәл осы бір мейірбан кескін-келбеті жаныңды елжіретеді. Ол орнынан тұрып өзімен бірге әкелген жап-жас әйелдің стол үстіндегі суретін алып, таза орамалмен оның шаңын сүртіп күндегі дағдылы ісіне кірісті. Көзі мөлдір, кірпігі ұзын, екі беті балбырап тұрған уыздай осы бір сұлу әйелдің әдемі үлкейтілген суретін Андрей Алексеевичтің келген күні-ақ жол чемоданынан алып, стол үстіне қойғандығын байқаған едім. Сол суретке терең ойға беріліп, ұзақ қарап отыратын сәттері де бар оның. Ұйқыдан оянған соң кешкілік жатар алдында да немесе ұзақ қыдырып келгенінде де Андрей Алексеевич осы суретті қолына алып, алақанымен бір сипап қайрадан орнына қоятын.


Соңғы күндері Андрей Алексеевичтің демалысынан да түрлі кездесулерге баруы жиілеп кетті. Революциялық даңқы мол Ленинград қаласының құрметті азаматы, отставкадағы полковник Андрей Алексеевич Рогатин азамат соғысына қатысып, Ұлы Отан соғысын да бастан кешірген, көпті көрген көнекөз қария еді. Міне, демалыс үйінің тынығушылары осыны біліп алған соң Андрей Алексеевичтің әңгімесін тыңдауға құмар бола бастады. Алғашында кездесу ұйымдастырайық, көрген-білгеніңізді ортаға салыңыз деген демалыс үйі әкімшілігінің өтінішіне қарт көне қоймаған-ды. Аулаға шығып дем алуға отыра қалса болды, төңірегіне тынығушылар біртіндеп ақырын басып жинала бастайтын-ды. Қарт шешіле қоймаған соң өздері де әрнені айтып, қайрадан біртіндеп тарайтын еді. Көпшілік қайра-қайра қолқа салып маза бермеген соң Андрей Алексеевич енді міне кезегімен әр корпуста тынығушылармен болатын кездесуге бара бастады. Мұндай кездесулерде қарт әдеттегідей әскери киімдерімен барады. Мен кительдерін кигізіп, төсіндегі ордендерін, медальдарын, түрлі белгілерін қадасып, полковникті қолтықтап, кездесуге апарамын, алып қайтамын.


***


–Ал,   ұлым,   мен    ертең    қайтатын    болдым.   Дәрігер   келісімін    берді. Ленинградымды сағындым, кетемін енді,–деп Андрей Алексеевич серуендеп


 


кеш қайтқан мені жайсыз хабармен қарсы алды. Қарт полковниктің қалжың айтып, тәлкек сөйлейтіні жоқ еді. Сонда да сенбедім.


–Андрей Алексеевич, бұл не дегеніңіз?! Демалысыңыздың мерзімі әлі біткен жоқ қой,–деп қарт полковниктің жанына келдім.


Отыршы ұлым!


Қуаныштан ба, әлде біраздан бері жайлы тыныққан қарттың өңі ажарлы еді. Мейірбанды жүзіне қона қалған күлкі табы көңілімдегі қимас сезімнің қылын шерткендей, осы қартпен айырылысу оңай болмайтындығын енді ұққандай едім.


–Отыршы, ұлым,–деді ол тағы да, орындықты нұсқап.


–Сен асықпай дем ал. Мына қаусаған шалдай емес сендерге денсаулық әлі-ақ керек. Ал, енді бар ғой күнде таңертеңгілік жаттығу жасауды ауылыңа барған соң ұмытып кетіп жүрме. Қане, осыған келісейікші,–деп Андрей Алексеевич арқамнан қақты.


–Кетуім керек, ұлым! Таяуда Натальяның туған күні. Сол үшін де үйде болғаным жөн,–деп қарт орнынан баяу көтеріліп, стол үстіндегі әйелдің суретін алды.–Міне, -Натальямның туған күні де жақын.


Жансыз болса да іңкәрлік сезіммен қарап тұрған әйелдің осы суретіне ұзақ сүйсінген Андрей Алексеевич жанындағы мені де ұмытқандай, аса бір сезімділікпен күбірлеп сөйлеп отыр.


–Наталья, жаным менің. Туған күніңде әрине үйде боламын,–деген қарт жүрегінен шыққан нәзік те лағыл үнін анық естідім. Қарт суретті стол үстіне қойды да шалқасынан жатып ауық-ауық күрсінді.


–Бұл кіміңіз, қызыңыз емес пе?–дедім Андрей Алексеевичтің көңіл толқуы басылды-ау деген сәтте. Көптен бері сұрай алмай жүрген жайдың реті енді келгеніне қуансам да бекер-ақ сұраппын деген екінші бір ой көңілімді тырналап жатты.


–Жоқ, ұлым, қызым емес, бұл Натальям ғой менің,–деп қарт кінәмшіл дауыспен үн қатты.


–Тағдыр маған қатал болды, ұлым. Отан үшін көппен көргенімді айтпаймын. Ол міндетімді бір кісідей атқарып адам бақыты үшін шыбын жанымды да аяған жоқпын,–деп қарт осы бір сөзді аса бір жігерлі сезіммен айтты да, тағы да ауыр күрсініп ойға беріліп кетті.


–Ұлым, бұл Натальям менің,–деп қарт әңгімесін қайтадан жалғастырып, суретті қолына алды.–Әйелім менің. Мына суретке жиырма беске толғанда түсіп еді. Отыз бес жыл бойы осы сурет қана менің серігім болып келеді. Натальямның бұл дүниеден мәңгілік жоғалғанына да отыз бес жыл.


Қарт полковник одан әрі мына хикаяны ауыр күрсініп, көзіне жас ала отырып баяндап берді:


–Әскери училищені аяқтап, Ленинград қаласына қызметке келдім. Отыздарға жаңа толған біздер енді өзіміздің де командир болғанымызға масаттансақ, қол бос сәтте реті келсе би кештеріне барып, қыздармен танысуға асығатынбыз. Әлі есімде Натальямен де жастар кешінде танысып едім. Бір-бірімізді тез ұғысып, көп ұзамай үйлендік. Тату-тәтті болып, жарлық өміріміздің басталғанына көп ұзамай-ақ соғыс басталды. Мен соғыс басталған түні әскери кезекшілікте едім.


 


Натальямен таңертең телефон арқылы хабарластым да тығыз шаруамен ұзаққа кетіп бара жатқанымды айттым. Әбдісін ұшырмайын деп соғыс жөнінде ләм- мим деген жоқпын.


Соғыстың алғашқы күндері мен айлары өте ауыр болды ғой. Жау әскерлері күн сайын небір зұлымдықтар жасап, ішке бойлап еніп жатты. Міне Ленинград қаласының басына да күн туғанын естіп жатырмыз. Натальяға бір-екі рет хат жазуға мүмкіншілігім болды. Жау Ленинградты темір құрсаудай қоршауға алып, қаланы ашаршылық жайлады. Волхов майданының алдыңғы шебіндегі бір айқаста ауыр жараланып, есімді госпитальда бір-ақ жинадым. Бірер апта емделгеннен кейін комиссияның шешімі бойынша үш күнге үйге демалысқа барып келуіме рұқсат берді. Келетін күнімді айтып Натальяға хат жазып жібердім. Өзіме берілетін нанның дәл жартысын жемей, кептіріп Натальяма апару үшін жинап жүрдім.


Наталья сол күні мені қарсы алу үшін вокзалға келіпті. Поезд келіп тоқтап жолаушылар ағыл-тегіл түсіп, бірі мініп, ығы-жығы болып жатқан сәтте әуе дабылы қағылды. Әлгіндей болған жау самолеттері бомбалай бастады. Мен жүгіріп бара жатып: “Андрей, Андрюша” деген өзіме таныс жылы әрі сағынған Натальяның дауысын естіп қалт тұра қалдым. Темір жол вокзалынан шығып мені көріп ашық алаңға қарай жүгіріп келе жатқан Натальяны көріп “Наталья, қайт кейін, қайт деймін” деп жаным ышқына бар дауыспен айғай салдым. Естісе де, бар қатерді сезе тұра тура маған жүгіріп келе жатқан Натальямның бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда, жүрегімнен өшер емес. Төңірек айғай-шу, ызыңға толып кетті. Мен де Натальяға қарсы жүгіріп келе жатқанымда жақын маңда жарылыс болып, бомба жарықшағы көз алдымда Натальяны аспанға бірақ көтерді. Натальяға деп үнемдеп жинаған жарты бөлке наным шашылып, мен есеңгіреп барып құладым.


–Міне, ұлым, Натальямнан мен осылай айрылып қалдым,–деп қарт полковник көзін сүртті.–Содан бері Натальямның осы суреті қайда барсам да жанымда. Жыл сайын жолдас-жораларымыз жиналып еске түсіреміз, менің асығуымның себебі де осы,–деп қарт полковник төсегіне жайлап жатуға ыңғайланды. Стол үстіндегі Натальяның жансыз суреті маған тірі адамдай әсер етті. Сол түні кірпік қақпай шықтым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу