Өлеңдер ✍️

  08.02.2023
  310


Автор: Аршагүл Мөшкеқызы

Өмір жыры

Өмір – алып асқар таудай кезең бе?


Толқыны – асау арындаған өзен бе?


Үрейленсең дәл батылдық қылмасаң,


Өтемін деп ешқашан да кезенбе!


 


Өмір, өмір – арайланған таңдар-ай,


Сөнбестей боп жанып тұрған шамдар-ай.


Үзілмесін үлбіреген үміттер,


Қиылмасын қилы тағдыр арман-ай!


 


Өмір, өмір – алабұртқан сезімдер,


Өмір, өмір – таусылмайтын төзімдер.


Өр толқынның жағадағы жартасқа,


Әкеліп бір соғатынын сезіңдер!


 


Өмір, өмір – алапат күш ағынға,


Қарсы жүзген табады адам бағында.


Бәрін, бәрін жүрегіңе бағындыр,


Өзге күшке ешқашанда табынба!


 


Өмір, өмір – шаттық пенен мұңдар-ай,


Көз жетпейтін биік құздай шыңдар-ай.


Қайран ғана қайта оралмас уақыт,


Өтіп жатқан сағымдай боп жылдар-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу