05.02.2023
  816


Автор: Алғыс айту күні

Алғысым шексіз...

Бір ауыз сөздің ішінде адамның шын жүректен рахметін айтып, ризалығын білдіріп жатқанын, ол адамның көңіл-күйінің қандай екенін сезіне аламыз. Ол әрине «Алғысым шексіз»  сөзі болып табылады.  Мұқтаж адамдарға көмек берген кездегі ол адамдардың алғыстарын білдіруі сені бір керемет сезімге бөлейтіні анық. Сондай-ақ қоғамдық көлікте қариялар мен балалы аналарға,  не болмаса мүмкіндігі шектеулі жандарға орын беріп олардың алғыстарын алу бір ғанибет деп білемін.  Бұл жағдайлар күнделікті қоғамда орын алып жататын дүниелер емес  пе,  менің айтпағым жылына бір рет келетін 1-ші наурызда аталып өтілетін «алғыс айту»  күні жайлы.  Негізі алғыс айтып,  рахметіңді білдіру үшін дәл осы күнді күтіп жүрудің қажеті жоқ екені сөзсіз.  Сонда бұл Алғыс айту күні несімен ерекшеленеді?!  Міне осыған тоқталсақ... 
      1 наурыз,  көктемнің ең алғашқы күні,  табиғат ақ киімінен бірте-бірте арылып,  жылы өңірлерде талдар оянып,  бүршік шығара бастайтын кез. Сонда біз бірінші алғысты Жаратқанға айтамыз,  яғни  «Қыстан аман-есен шығарып,  гүл көктемге басымыз аман, бауырымыз бүтін қалпында жеткізгенің үшін»  деп,  шүкіршілік етіп,  алғысымызды жаудырамыз. 
       Екінші,  дәл осы күні байқаусызда ренжітіп алған адамдарымыз болса,  білместікпен жасаған қателіктеріміз болса,  байқаусыз жасаған күнәләріміз болса Алладан кешірім сұрап,  араз болған жандармен татуласуымыз қажет,  яғни алғыс айту күнінде татуласу, жалпы сыйласып жүрген адамдармен  сыйластықты арттыру үшін ең қолайлы күн болып табылады. 
      Үшінші,  дәл осы күні адамдарға шын жүректен алғыс білдіру жақын араласып жүрген адамдар арасындағы сенімділік пен достастықты арттырып,  көңілдерге керемет күй сыйлайды.  Міне алғыс айтудың қыр-сырының мәні осында жатыр деп ойлаймын.  Жалпы қасыңда жүрген адамдардың титтей де болсын жасаған көмегі мен жақсылықтарына өз уақытында рахмет айтып,  алғыс білдіріп жүру адамдар арасындағы түсінушілік пен сыйластықты арттырары анық.  Сондықтан бір-бірімізден рахметімізді аямай,  алғысымызды еселеп айта жүрейік дегім келеді. 

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу