01.02.2023
  556


Автор: Шынар Әбілда

Билет

Дереу Мәскеуге ұшуым керек еді. (Режиссерлық курста қабылдау емтиханы басталған). Авиакассада бүгінге билет жоқ деді.

Мен мосфильмдік куәлігімді көрсеттім, маңызды съемкаға баруым керек деп өтірік айттым, әлгілер өкініш білдіріп, қолдарын жайды, билет жоқ деп шығарып салды.

Содан апайым — Верико Анджапаридзеге бардым. Верико бірден грузин авиациясының министріне қоңырау шалды. Авиация министрі әлемдегі ең ұлы актрисаның інісіне билет қалайда табылады деді.

Он бес минуттан кейін министр қайта қоңырау шалып, кешірім сұрап, бүгін ерекше күн, билет жоқ дегенді естіртті. Ертеңге билет бар, кез келген рейске деді.

Содан мен ОК хабарластым, Дэви Стуруаға.

Дэви билет деген сөз емес деді. Верико министрмен сөйлескенін ескерттім. Министрдің өзі бүгін ерекше күн, билет жоғын айтты деген ем.

— Министр деген министр, ал ОК – ол ОК.

Он минуттан соң Дэви бүгінге шынында да билет жоғын айтты. Ерекше күн.

Салым суға кетіп, қонақүйге беттедім.

Жол-жөнекей «Лагидзе суларына» бас сұқтым. Өзім жақсы көретін тәтті газировка ішейін деген ем. Сол жерде Вова Мартыновты жолықтырып қалдым. Вова Мартынов — тбилисидің «туған баласы», ол бәрін, бәрі оны танитын. Ол гүржі тілінде:

— Неге көңілсіз келесің? – деп сұрады.

Орыс Вова менімен тек гүржі тілінде сөйлесетін. Маған тіл ұстарту керек деп ойлайтын.

Билет таппағанымды айтып бердім.

— Э! Бір жағдай боп қалды екен десем! Жүр билет әперейін!

— Бүгінге билет жоқ.

— Біз үшін, Гия, билет табылады! Жүр!

Кассаға кезекте тұрған адамда есеп жоқ. Ығы-жығы. Терезесіне жете алар емеспіз. Вова сұңғақ бойлы, жауырына қақпақтай жігіт, басындағы кепкасын шешіп, кепкасы бар қолын жоғары көтеріп, бұлғады. Өзі аяғының ұшына тұрды. Бүкіл залға естірте айқай салды:

— Нана, бұл мен, Вова! Бері қарашы! Менің кепкамды көріп тұрсың ба?!

— Кепкаңды көріп тұрмын, Вова! Не керек?

Тбилисиде екі джинсы кепка бар еді. Бірі Вованікі. Бірі атақты футболист, КСРО құрамасының форварды – Давид Кипианидікі.

— Сағат бір он бестегі Мәскеу рейсіне бір билет! — деп айқайлады Вова.

— Паспортыңды бер!

Вова менен паспортты алды да, кассаға беріп жіберіңдерші деді.

— Тоқта! Ақша ше! Ақшасын ал! — дедім мен.

— Мен оған ақшасын өзім берем, уайымдама, — деді Вова. (Ол менен ақша алмады. Мен «болмайды, ақшасын ал» деп нығырлап ем, бетіме бажырая қарады да, «әбден орыс боп кетіпсің» деді).

Мен ұшаққа үлгердім. Ұшып келе жатып:

«Министр деген министр, ОК деген ОК, ал Вова — ол Вова!» деп ойладым.

©Георгий Данелия

Аударған Шынар Әбілда



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу