01.02.2023
  587


Автор: Шынар Әбілда

Өмірді сақтап қалған фильм

Эльдар Рязановтың өмірінде айтайын деп айта алмай кеткен әдемі бір хикаясы болған еді. Алматыдан келген хаттың хикаясы. Мен сұқбат алып отырған кезде осы хаттың жайын сөз етті. Рязанов ең сәтті фильмдері адам өмірін құтқаруға септескенін айтты.

Сомен, Рязановтың әңгімесінен:

«Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» фильмін бірінші рет көрсеткен сәттен бастап маған алғашқы телеграммаларды әкеле бастады. Телеграммаларда бұл фильмнің қаншама адамның өмірін өзгерткені айтылған. Бірінің үміті оянады, біреу өмірде ғажайып мүмкін екеніне қайта сенді дегендей. Өмірмен қоштасқысы келген әйелдің хаты болды. Ол дәрісін дайындап, қоштасу хатын жазып қояды. Бірақ экранда «Тағдыр тәлкегі» боп жатады. Теледидарды өшірмек боп тұрып, бірнеше секунд назарын салады. Содан ақыр аяғына дейін көріп шығады да, өлімнен бас тартады. Осындай ауыр қадамға бара жаздағаны үшін кешірім сұрап, маған хат жазады. Оны бұл қадамнан «Тағдыр тәлкегі» құтқарған екен.

Бірде Алматыдан хат келіпті. Мұнда да алғыс айтылған. Бейтаныс әйел, Татьяна Григорьевна, былай деп жазады: «Аса құрметті Эльдар Рязанов, сіздің фильм менің ұлымның өмірін сақтап қалды...» Сөйтіп өзінің хикаясын бастан-аяқ баяндапты.

— Жиырма жыл бұрын не істерімді білмедім. Менің бес жасар баламның жүрегіне ота керек еді. Ал институт Новосібір қаласында. Өзім баламмен Алматыда тұрамын. Институтқа қалай хабарласып, ақпар аларымды білмедім. Ол кезде интернет жоқ. Электронды пошта жоқ. Алдымен менің баламның науқасына ота жасайтын дәрігердің аты-жөнін білуім керек еді, сосын оған кезекке жазылуым қажет. Есім шықты. Балам ажал аузында. Содан хат жазатын идеяны «Тағдыр тәлкегін» көргенде таптым. Осы фильмді көріп отырғанда санама сарт етті: әр қалада бар мекенжайларға хат жіберсем қайтеді деп ойладым.

Татьяна Григорьевна үш хат жазыпты. Бірін Ленин көшесіне, келесісін Мир көшесіне, үшіншісін Правда көшесіне. «Тағдыр тәлкегінде» айтылатын басты мағынаны жетекке алған. Советтік қалалардың бәрінде болатын көшелерге хат жазған. Ленин көшесінен жауап келеді. Мұнда соғыс ардагерлері Евтюхиндер тұрады екен.

СоданТатьяны Григорьевна мен ұлы Павлик бөтен қаладан аялдайтын үй табады. Павликке жаңа ота керек кезде осы кісілерге кеп тұрады. Жиырма жыл ішінде Павлик үш ота жасатқан екен.

Эльдар Pязанов әйеліне сол хатты алып келші деді. Мен хатты ұзақ іздеп қалар деп ойлап ем, олай болмай шықты. Шыны керек оған көрермендер өте көп жазатын. Қап-қап хат келетінін бәрі айтатын. Эмма Валериановна бір минуттан соң қайта оралды. Эльдар Рязанов бұл хатты ең қымбат жәдігердей сақтап кепті.

— Мен түсірген фильм дәл осы отбасына көмектескені – ғажайып қой. Осындай хаттарды оқығанда фәниге текке келмегенімді, өнерде бекер жүрмегенімді түсінемін.

Хатта сол отбасының мекенжайы тұр. Бір күні болмаса, бір күні барып, осы отбасы туралы репортаж жасаймын деп ойладым. Бұл ғажайып туралы репортаж болар еді. Интернеттен телефондарын тауып, Рождество кезінде ұшып бардым. Павел мен анасы Татьяна Григорьевна жақсы қарсы алды. Тіпті шампан ашты. Қайткенде де Жаңа жыл ғой! Мен телефонда Эльдар Рязановты тердім. Баласының өмірін сақтап қалуға көмектескен адаммен телефон арқылы болса да сөйлессін дедім.

Татьяна Григорьевна телефон тұтқасын ұстап тұрып бір жылап алды:

— Алдымен сіздің, сосын киноңыздың арқасында балам жиырма жылдан бері аман-сау. Жаңа жыл басталарда міндетті түрде «Тағдыр тәлкегін» көреміз. Көрген сайын сізге шын жүректен алғыс айтамын. Әр қалада осындай көшелердің болғаны қандай жақсы еді!

Сасып қалған Эльдар Александрович оған жауап қатты: «Менің түк қатысым жоқ, өзіңіз алғыр әрі тапқыр көрермен боп тұрсыз ғой».

Александр Казакевич

Аударған Шынар Әбілда



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу