01.02.2023
  172


Автор: Шынар Әбілда

Өзіңді тірілту

Тірі болу деген үнемі өзгелер үшін идеал болу емес. Әйелдердің мықты болғанын қалаймын. Қап арқалау үшін емес. Жоқ... Көңіліне жақпаған адамның алдында есікті сарт еткізіп жаба білу үшін. Өзін ешкім ренжітпес үшін. Болмысы бүтін болу үшін. Өзіне деген құрметі зор болу үшін. Жалғыздықтан қорықпау үшін. Ешкім ешқашан кемсітпейтіндей өзін қатты жақсы көру үшін. Сырт әлпетін күтіп, жан дүниесі күн өткен сайын байи түсу үшін. Жауапсыз махаббатты – ең ауыр жаза деп есептемеу үшін. Мақсаты тек күйеуге шығу болмау үшін. Өзінің рухани күшін сезіну үшін. Түйсігін тыңдау үшін. Өзіне өтірік айтуды доғару үшін. Қалағанынан да азға қанағат тұтпау үшін. Болмысы бүтін, сыңғырлап тұру үшін. Оп-оңай сипаттай салатындай болмау үшін. Әркім өз ыңғайына бейімдейтіндей болмау үшін. Жай ғана тыныстау үшін. Кеуде кере дем алу үшін. Жай тыныста. Кей ауыр жағдайды өзіңе өзің тартып алатыныңды түсіну үшін. Өзіңді тамұқтың жеті шеңберінен өткізіп, ақиқатты танитын жерге жеткенше қиналатыныңды білу үшін. Күллі тәжірибең мен өткен өміріңнің құндылығын сонда сезінесің. Өзіңді бөліп-жармай қабылдайсың. Қайтадан жүріп, тыңдап, сезініп, ойлап үйренесің. Бәрін басынан бастап. Тамақты да жаңадан жеп үйренесің. Басқаша. Сапасы басқа. Шын ризалықпен. Басыңа күн туғанына риза қалыппен. Әр сәт сайын өзгеріп тұратын өзіңді жақсы көре бастайсың.

Жай ғана дем алып, дем шығарғаныңа қуанасың. Өн бойыңдағы өмір ырғағын сезініп қуанасың. Шынайы бола алғаның үшін қуанасың. Өзіңді өзің жасап, өзіңді өзің жаңадан қалап шығасың. Өмір әнінің осынша нәзік болатынын сезінесің. Жарық пен көлеңкенің бүтіндігіне алғыс айтасың. Осынша өзгерген өзің үшін алғыс айтасың. Ризамын!

Алексaндpa Бpигидa

Аударған Шынар Әбілда



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу