01.02.2023
  237


Автор: Шынар Әбілда

Тапқыр әке


Бала күнімде беймаза болдым. Сұрақтарым таусылмаушы еді. Әкемнің қасынан шықпайтынмын. Ол мені әр нәрсеге баулитын. Әкем үнемі үйдің тірлігіне «Мынаны көрсетейін бе?» немесе «Сен мұндайды көріп пе ең?» деген сөздермен еліттіретін.

Есімде қалғаны, ауланы жинастыру қажет еді, әкем қасыма келді де: «Сен судың күн астында буға айналғанын көріп пе ең? Көрмедің бе? Жүр, көрсетем!» деді.

Аулаға шықтық. Әкем шелектегі суды аулаға сыздықтатып сеуіп шықты. «Бірнеше минут күтейік, қазір бәрі кеуіп кетеді» деді.

«Ал, күткенше тек тұрмай сыпырып тастайық, ә? Сен оң жақтан баста, мен сол жақтан. Кім жақсы сыпыратынын байқайық».

Мен ауланы сыпыруға алданамын. Әкемнен артық сыпырсам деп барымды салам. Сыпырып болғанда әкем: «Көрдің бе, су жоқ боп кетті, аула кеуіпті» деді. Айналама қарасам, расында аула кеуіп қапты.

Бірде әкем әпкем екеуміздің қасымызға келді. «Аналарыңның саңырауқұлақты тіс щеткасымен тазалағанын көрдіңдер ме?» Біз басымызды шайқадық. Әп-сәтте «Ал, сендер қалай тазалайтындарыңды көріп жіберелік?» деген әкемнің бастамасынан соң жарыса жұмысқа жегілдік. Дастарханда тау болып үйіліп жатқан саңырауқұлақты үшеулеп лезде тазалап тастадық.

«Арамшөптің тамыры қандай ұзын болатынын көргің келе ме?» дейтін де, жұла бастайтын, «Міне, қара!» Сәлден соң «Жоқ, олай жұлмайды, былай істе!» деп ақылын айтып отыратын. Содан мен жанталасып, білек сыбана кірісемін. Бақшаның арамшөбін тегіс жұлып тастағанымды байқамай қалам.

Есейген кезде әкемнің бұл айлакерлігін 10 жасымда түсініп қойғанымды айтып, бір күліп алған ек. Уақыт зымырап өтіп жатты. Кейін 20 жасымда әкем мені басқаша алдайтын болды. «Ал, сен өміріңде қызы әкесіне дүкеннен барып квас әкелгенін көрдің бе?» деп әзілдейтін. «Көрдім, әке, бара жатырмын» дейтінмін, бала күнімді еске алып...

MissLoyality

Аударған Шынар Әбілда



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу