Өлеңдер ✍️

  01.02.2023
  98


Автор: Олжас Қасым

Әкем менің!!!

Сағынышым үдеген,


Кейде саған тарлық етер бұл әлем.


Алматыға бармағаны – бір өлең,


Ал Семейде қалмағаны – бір өлең.


Шалғайдағы жақыным ғой ол менің,


Ғұмыр бойы түйсігімде түнеген.


 


 


Басып қойып жүректегі дауылын,


Ол аяйды қайрылмаған дәуірін.


Мен әкемнің ессіз ғашық халімін,


Бәлкім оның найзағайлы шағымын.


Шежірелі өмірі – ұлы тағылым.


Тезге салып түзетіп жүр бауырын,


Күзетіп жүр Төлеужанның ауылын.


 


 


Қастерлім-ау, арда жүрек, айбарлы.


Әкем менің намысым ғой қайраулы.


Тауып берген өлең дейтін қайнарды,


Үйрететін тұғырымнан таймауды.


Кейде асқақ жыр оқиды сілкініп.


Сағындым деп Әбубәкір Қайранды.


 


 


Оған жолдас ескі ауылдың белесі.


Оған демеу отты жылдар елесі.


Сағынамын, сағынғанда жыр жазам,


Саған бастап апаратын жол осы.


Жүрегіме қадаласың сәт сайын,


Сағыныштың қозы жауырын жебесі.


Алай- дүлей әлеміңе ене алмай,


Ту сыртыңда тұратыным неге осы?


 


 


О, Әкетай!


Иір-қиыр жол жүрген,


Жүрме дейсің сүрлеуменен мен жүрген.


Күні-түні көкірегімді кемірген.


Сағыныштан жарылатын болдым мен.


Қара түнде қараөлеңге ұластың.


Қарашығым - қара жолға телмірген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу