Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  291


Автор: Есбол Бозан

АУЫТҚУ

(Теледидар қарап өздерін данышпан санайтын адамдарға арнау)
Ғаламтормен уланса санаң айқын,
Надандардың ордасын паналайсың.
Қатерлі деп арақты санамайсың.
Мəдениетке бет бұрып қарамайсың.
 
Ұсақтарды «жұлдыз» деп бағалайсың.
Сақалдыны «бандит» деп қаралайсың.
«Мəңгүрт» десем өлердей долданасың,
Шындықты себебі қаламайсың.
Аянышпен қараймын саған, аға!
Темекіні үйреттің балаңа да.
Ақиқатты жалған деп бағалама.
Жалғандықпен өмірлер жаңара ма?
Ғаламтормен уланды санаң, аға!
Мен бұны ескерттім жаңа ғана.
Өкпелеме өмірге, заманға да.
Жазушы мен ақынды жамандама.
Бұл өмір сенсіз де жалғасады,
Ол үшін ешқандай алаңдама.
Тура жолға ұмтылса ақылды ұл,
Көше кезіп жүреді надан бала.
Көксандықпен уланды санаң дара,
Көксандықты қарайды күні-түні,
Ақиқаттан безінген адам ғана.
Ғалымдардың жолына бұрылмасаң,
Бағаланар ағатай құның қашан?
Табалайсың əрдайым мұсылманды,
Жол емес пе қарағым бұның нашар?
Қариялық қадірің жоғалғасын,
Қабыл алмай сөзіңді ұлың қашар.
Дəлдеп тұрып алыстан атылған оқ,
Маңдайыңды теседі, бұғынбасаң.
Қолдан келер қайран жоқ...
Амалым не,
Айтқан сөзді жүрекпен ұғынбасаң.
Адасып жүр...
Қарасаң қатарыңды.
Іргетасы əдептің қопарылды.
Қарақшы деп сен мені айыптайсың,
 
Пайғамбарша өсірсем сақалымды.
Тура жолдан айныған кемпірбеттер,
Көгерте алмас ісімен отанымды.
Кім сені аға деп құрметтейді,
Ішімдікпен былғасаң шапаныңды.
Осындай да көңілсіз өлең жазып,
Еске алам Абай мен Шəкəрімді.
Олар деген меңгерді өнерді де,
Даңғойлықпен бұл қоғам көгерді ме?
Қаншама жыл арада өтсе-дағы,
Еңбектері Пушкиннің көнерді ме?
Олар көрді тірліктің тарлығын да,
Қолшоқпары болмады жалдының да.
Жетесіздер қарсылық көрсетсе де.
Халқын ойлап көңілін салды мұңға.
Сақал болған cолардың барлығын да!
Ал сенше?
Адасып қара бастың.
Даналықтан тоныңды ала қаштың.
Шамаң жетпес нəрсеге араластың.
Салауатты өмірді ұмытқасын,
Тазалықты жүрегің қаламас тым.
Арыстан мен қасқырдың арасына,
Тышқан болып неліктен жағаластың?
Ленинді атам деп дəріптейсің,
Соқырларға бет бұрып қарамаспын.
Ізгілікке халықтың жүзін бұрса,
Ол адамды «ұстаз» деп санамас кім?
Сенің басың бас емес...
Теледидар!
Ұғымды жан өсекті неге жинар?
Екі дүниеде бақытты болу үшін,
Ең бірінші пендеге керек иман!
Сенің көзің көз емес...
 
Қара шұңқыр!
Жаңалыққа иланып, нанасың құр.
Есіктегі алқашты байқамай ғап,
Мұсылманның қатесін табасың кіл.
Көңіліңе түсті ме қаяу кенет,
Сендейлерді расымен аяу керек!
Жоғалып ағалық нышаның да.
Қызың жүр əркімнің құшағын да.
Бара жатыр жөнеліп құзға басың,
Оны айтсам əрине бұлданасың.
Қайдағы бір наданды қолдағасын,
Сен қайтып ағатай шыңдаласың?!
Иегіңде сақалың болмағасын,
Алпысқа келгеніңе кім қарасын.
Жүрегіңе даналық қонбағасын,
Мұсылманды сен бəлкім қызғанасың.
Ақылда жоқ бойыңда білімде жоқ,
Тек дақпырт сайрайды тіліңде көп.
Жетіпті ғой көксандық түбіңізге,
Кетіпті ғой санаңыз тілімденіп.
Қайратың жоқ алдыға жұлқынардай,
Жанартаудай атылып бұлқынардай.
Саясатты айтқанды доғарыңыз,
Немереңнің алдында күлкі болмай.
Адалдықпен басады алға халық!
Кеудесіне жиналып қалмаса бұлт.
Керуеннің соңында қалмаймыз ба?
Тура жолмен бағымыз жанбаса анық.
Бұрынғының дені сау батырлары-ай,
Кетіп еді тарихқа таңба салып.
Саясатты газеттен ұға алмайсың,
Сенікі құр əшейін далбасалық!
Айналса адамның тасқа жаны,
Жүрегіде қарайып ластанады.
 
Тəйтіктерді аңқау жұрт үлгі тұтса,
Мəңгүрттену індеті басталады.
Адам деген қаншалық төмен болса,
Төмендерді жұлдыз деп тамсанады.
Бұның бəрін есіңе алған кезде,
Жанарыңнан мөлтілдеп жас тамады.
Теледидар арқылы адамдардың,
Саналарын осылай басқарады.
Ғаламтордан келуде қауіп бүгін,
Ақиқатты бұл жерден тауыпты кім?
Ғаламтормен санаңыз жадыланып,
Тура жолдан ағатай ауытқыдың!
Тура жолдан ағатай ауытқыдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу