Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  205


Автор: Есбол Бозан

ЖАДЫЛАНҒАНДАР

Қазіргі кезде əлемде үшінші дүниежүзілік соғыс болып жатыр. Бірақ мылтықпен емес. Əр түрлі қоғамда қалыптасқан теріс пікірлер сананың əрмен қарай жетілуіне кедергі жасауда. Оны таратушы орталықтың бірі ретінде «телевизияны» мысалға келтіруге болады. Бұдан басқа халықты улауды көздейтін идеялогиялардың санында шек жоқ. Керісінше сағат санап өсуде. Расында, адамдардың санасын жаппай жадыландыру процесі жасырын түрде жүріп жатырғаны анық. Алайда халықтың бұдан хабары жоқ.
Білесің бе, келгенін қайдан бүлік,
Отауыңның ортасын ойран қылып.
Виртуалды бір əлем адамдарды,
Роботқа жатқандай айналдырып.
Саналардың сиқы жоқ гүлденер түк,
Смартфонды қостық та төрге кеттік...
Шыны бізді сиқырлап тастағасын,
Бірімізді көрмейтін халге жеттік.
Тəулік бойы ішінен шыға алмайсың,
Тəуірсініп өзіңді көп алдайсың.
Шыны ішіне күн сайын үңілем деп,
Шын өмірдің мəнісін ұға алмайсың.
Дəрмен өшіп барады бойдан жүдə,
Басымызды бір індет айналдыра.
Талайдың милары жадыланды,
Əлеуметтік желіге байланды да...
 
Білмеген соң айырып күмəнді рас,
Қоғам деген шайқалды содан біраз.
Ақылымыз шөкті де тұңғиыққа,
Айласына арамның уланды бас.
Хикая мен фильмдер халық тосқан,
Сау ақылға сыймайтын анық дастан.
Кейіпкерлер сондағы бүлдіршіннің
Санасында «батыр» боп қалыптасқан.
Экранға байланып жатпасын ер,
Жиналып бүтіндей отбасымен.
Бұның бəрі саясат екендігін,
Əрдайым жадында сақтасын ел.
Теріс пікір туылып аңғалдықтан,
Аңқау жұрт рас деп жалғанды ұққан.
Мұсылманды даттаудан шаршамаймыз,
Саясаттан хабарсыз болғандықтан.
Мəнін ұқпай ғұмырдың бал дарыған,
Көп тайқыды талайы жолдарынан.
Нашарлады тұрмысы адамдардың,
Наша мен темекінің салдарынан.
Сорлы қылды осылай күйіңді ақыр,
Бір шөкімдей қалмады миыңда ақыл.
Мына жақта балаңның санасына,
Неше түрлі бəлені құйып жатыр.
Қызың жүр сұлудың нышанын да,
Тербеліп əркімнің құшағын да.
«Жастық шақты көңілді өткізем» - деп
Пəктігіне өзінің пышақ ұрған.
 
Бағасы жоқ нəрсеге таласамыз,
Күн сайын əн тыңдап адасамыз.
Халықтар жадыланып бара жатыр,
Зер салып, мұқият қарасаңыз.
Гүл атқанын қаласаң жүректен бір,
Бағытыңды тезірек түнектен бұр.
Одан кейін санаңды жуып шайып,
Иман деген азықпен қоректендір.
Тұла бойың тұрса да таланып-ақ,
Бүлінбесін ешқашан сана бірақ.
Адамға дененің тозғанынан,
Ақылдың азғаны жаманырақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу