Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  94


Автор: Есбол Бозан

ҚОҚЫСШЫ МЕН ТАЗАЛАУШЫ

Баласы: «Əке, əне қоқысшы» — дейді. Сонда əкесі:
«Жоқ, балам қоқысшы — бізбіз, ол — тазалаушы» деген екен.
Қасиет қой тазалық адамға тəн,
Оны дұрыс түсінбей надан жатар.
Тастамаңыз көшеге қоқыстарды,
Отаныңа өзіңнің алаңдасаң.
Ескертемін мен бұны саған қатаң,
Балауыздай жағылсын санаңда шам.
Даналықты ұғарсың жүрекпенен,
Тазалықты күн сайын бағамдасаң.
Тазалықсыз бағымыз жанбас алда,
Одан бөлек басқа жол таңдасаңда.
Жоғалмасын бойыңнан ұқыптылық,
Дүниенің қай жерін шарласаңда.
Саулығыңды тоздырма,
Алға, самға!
Гималайдың шыңына бармасаң да.
Тазалықты білмейтін адамдарды,
Көріп қалам көшеден анда-санда!
Жарнамалар нəпсіні қоздыруда,
Табиғатты осылай тоздыру да.
Ішімдікті саудалап дүкендерге,
Адамдарды өмірден оздыру да.
 
Осы күні ойларды буландырып,
Көксандықтың ішінен туған бүлік.
Кейбіреулер саудалап темекіні,
Табиғатты жатыр ғой уландырып.
Біз бұны қылмыс деп бағалаймыз,
Табиғаттың тозғанын қаламаймыз.
Бойымызға Жаратқан қуат берсе,
Айналаны қоқыстан тазалаймыз.
Тазалыққа болған соң санаң айғыз,
Біз бұған көз жұмып қарамаймыз.
Біз деген тазалаушы отрядпыз,
Жердің жүзін сондықтан аралаймыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу