Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  156


Автор: Есбол Бозан

«КӨЗІҢДІ, АШ!»

Кей адамның дамымай саналары,
Қажетсіз деп білімді бағалады.
Қажетсіз деп білімді бағаласақ,
Енді қайтіп еліміз оңалады?!
Ғылым деген санадан ұмыт қалды,
Тастаңдар пайдасыз ғұрыптарды.
Жойыңдар арақты тамырымен,
Қойыңдар мансапқа құныққанды.
 
Дүниемен мақтану өнер ме еді?
Оныменен ақылың көгермеді.
Ғылым жолын игермей ықыласпен,
Ешбір адам бақытқа бөленбеді.
Шүберекті надан жұрт ырымдайды,
Мəдениетке сондықтан бұрылмайды.
Молаларын тұрғызып мəрмəр тастан,
Қаражатын шашады, шығындайды.
Бұл күні дүмшенің бағы асып жүр,
Сауқатына əркімнің таласып жүр.
Ақиқатты ұқпайтын аңғал халық,
Қабірлерге табынып, адасып жүр.
Мына жұрт неліктен қалықтайды,
Дүниемен мақтану анық қайғы.
Жатып ішер, бойкүйез жандар ғана,
Əндетуден ешқашан жалықпайды.
Болған соң жаны жүдеу, еті семіз,
Құмарлықты жүрекке бекітеміз.
Техника тілдерін меңгермесек,
Той тойлап неліктен жетісеміз?
Ажыратсаң білімнің ақ-қарасын,
Беттерінен өмірдің бақ табасың.
Ақауланды талғамы адамдардың,
Мақауларды бұл қоғам жақтағасын.
Уақыт барда, ақылдың нəрін ізде,
Надандықтың танысқой халі бізге.
Рухымыз біліммен нұрланбаса,
Тірі жүрген өлікпіз бəріміз де!
 
Көзіңді аш,
Санаңа салып өрнек,
Ұйықтама жолдардан сағым іздеп.
Мағынасыз байлыққа алданғанша,
Жоғарыға дамысын халық өрлеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу