Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  133


Автор: Есбол Бозан

САХНА САЙҚЫМАЗАҚТАРЫ

Біз «аспанға қарап, жұлдызды санап» жүргенде, басқа елдер əне, ғылым жолын игеріп, техниканы меңгеру үстінде. Жыл сайын жаңалық ашуда. Ал, біз болсақ əрбір төмен адамды жұлдызға теңеп, көштің соңында қалып жүрміз. Бұлай жалғаса берсе, біз қашан өркениетті ел болмақпыз ағайындар?! Көзсіздіктің де шегі бар шығар. Еліміздің қарықтап дамуы үшін, бізге ғалымдар мен жазушылар қажет емес пе? Олар халықтың көзін ашып, сауатын көтеруге себеп болады. Ал халық сауатты болса, надандардың жұлдызы жамбайтыны анық...
Өнер деген – өшпейтін шұғыла анық,
Ал кейбірі бұны қате ұғып алып.
Ауыздарына келгенін оттай берер,
Сахнаның төріне шығып алып.
Санасызға тəрбие көрмеген тым,
Құлағыңды бір жола түрмеген жөн.
Таланты жоқ адамды бағалаймыз,
Өнердің қадірін білмеген соң.
Шатылғанын сезбестен қалай жаны,
Жұлдыз қылды тобырды талайлары.
Өкінішті жағдай халқым үшін,
Жазушымен ақынның азайғаны.
Шын өнерді жүрекпен ұғынбайтын,
Тексіздер түсіреді құныңды айқын.
Соқыр болды жастардың көпшілігі,
Əдебиетке көңілі бұрылмайтын.
 
Есті халық мұндайды қаламас дəл,
Алға мақсат қоймаса балаң асқар.
Көгілдірлер мақталып апта сайын,
Сахнада көбейді жалаңаштар.
Ақ-қараны айыратын шамаң барда,
Тосқауыл қой, бөгет бол надандарға.
Бұл күні қошеметке бөленіп жүр,
Ішімдікке салынған адамдарда...
Əншілер, ысқақшылар қаптап жатыр,
Ұлт мүддесін аяққа таптап жатыр.
Абай мен Шəкəрімді былай қойып,
Аңқау халық соларды мақтап жатыр.
Сауаттылар болса ғой елде еселі,
Аңқау халық оларға ермес еді.
Жеңілтек пен жасықтың, сахнаға
Шығуына мүмкіндік бермес еді.
Айбынды сөз ұсынар арлы ойынан,
Мөлдір бұлақ төгіліп таңдайынан.
Ал кейбірі жоғарыға өңмеңдейді,
Тері шығып үлгермей маңдайынан.
Шындық үшін күресер батыр анық,
Алға қойған мақсаты сатыланып.
Бақа-шаян жұлдыздар ендігəрі,
Тереңірек демалсын жатып алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу