Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  101


Автор: Есбол Бозан

ЗАМАНАУИ ЖАБАЙЫЛАР

Қыдырғанмен шетелде бір күн жайлы,
Құлдыраған рухты кім толғайды?
Көпшілігі қымбат көлік мінгенімен,
Қырды асып білімге ұмтылмайды.
Бұдан кейін қалайша жан тоңбайды,
Мəңгүрт болып күн кешу бəлкім қайғы.
Жасөспірім кітапты шетке қойып,
Азаннан кешке дейін əн тыңдайды.
Көтерсеңде сауықпен көңілді əр күн,
Жетістікке жете алмадың небір жарқын.
Шылым шегіп, арақ ішіп азып тозбай,
Сақтайық салауатты өмір салтын.
Санамызға бір қате ие сенім,
Газеттің естіген соң жиі өсегін.
Көпшілігі курортта шомылғанмен,
Тазалықтың білмейді не екенін.
Алмаған соң тəртіпті қажет қылып,
Сөйлеген сөзімізде жоқ ептілік.
Сауатты адам болып жарытпаймыз,
Бойымыздан жоғалса əдептілік.
Надандықты жаныңнан қылмай жырақ,
Ғұмырың да шуақты болмайды нақ.
Көпшілігі мұздай болып киінгенімен,
Адамдық қасиеттен жұрдай бірақ.
Жалаңбұттар қаптады елде еселі,
Сəнқойлықтан жоқ сірə өзге есебі.
Əлемде ондайлардың тең жарымы,
Африка құрлығында кездеседі.
 
Іс емес сау ақыл растайтын бұл,
Сəн қуып, əуретіңді ашпайтын бол.
Ертерек ес біліп етек жаппау,
Шүбəсіз азғындыққа бастайтын жол.
Мінез болса адамда көркемірек,
Өз орнын түсініпті ол кеңірек.
Қай елде болмасын, сəулеттеніп
Ғылымменен дамиды өркениет.
Жүргеніңмен төбеңе айды асынып,
Қу дүниенің өзіндік айласы көп.
Əр қимылың біліммен ұштаспаса,
Соңғы үлгіде киінгеніңнің пайдасы жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу