Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  144


Автор: Есбол Бозан

МАСКҮНЕМ

Ғұмырынан жоғалтып мағынаны,
Кейбір бейбақ араққа салынады.
Біреудің тосыннан бағы жанса,
Қызғаныштан жүрегі қабынады.
Не айтуға болады олар жайлы,
Қолтығынан арағы жоғалмайды.
Өзінде өзгеріс болмаған соң,
Өзгенің бақытын көре алмайды.
Ақырында қайтеді, күйінеді...
Көшедегі əркімге шүйіледі.
Араққа салынған адамдардың,
Тағдыры не деген қиын еді.
Ішімдікпен улайды ол денесін,
Басқалары биікке өрлегесін.
Күндейді, даттайды амалсыздан,
Қолынан еш нəрсе келмегесін.
Арақ деген адамды аздырады,
Ертерек көріңді қаздырады.
Өзінің қатесін білмегендер,
Əрдайым қоғамды жазғырады.
Бұл індетке қай адам кезігеді,
Отбасынан, шаттықтан безінеді.
Өмірде мұратсыз жандар ғана,
Өздерін бақытсыз сезінеді.
Ішкілікке жасамай қарсы қадам,
Қасіретке батады əлсіз адам.
Осы бір індеттен құтылу үшін,
Иман керек нəпсіні қамшылаған.
Қу арақты жаныңа етіп сыңар,
Жүрегіңе шайтанды бекіттің, ал.
Бұл істі тап қазір қоймасаңыз,
Бір күні түбіңе жетіп тынар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу