Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  84


Автор: Есбол Бозан

ӨТЕ ШЫҒАР

Туа бермес тосыннан əр күн ыңғай,
Өмірдің заңы жоқ бəлкім, ондай.
Замандар көз алдыңнан өте шығар,
Жарқ еткен найзағай жалтылындай.
Қуанасың, күлесің, шаттанасың,
Ойнап жүріп от кешіп, бақ табасың.
Өмір деген уақытша аялдама,
Көлігің келген сəтте аттанасың.
Сағат санап ажалдың тоспай түбін,
Жолға асық, бақытқа бастайтұғын.
Себебі, білмейсің көлігіңнің,
Қай жерге апарып тастайтынын.
Жастық кезде жайлауда шалқаясың,
Мезгіл өтіп түбінде қартаясың.
Ғұмырлық кітабың жабылған соң,
Фəниден жөніңмен қайқаясың.
Ынтықпын деп талайы өмірге мен,
Мансап қуу жолында ерінбеген.
Бірақ та, бес күндік өмір бізге,
Ойнап-күліп қалсын деп берілмеген.
Алса егер көзіңді байлап елес,
Сауап жинап ышқыну ойға келмес.
Мына жақта жинаған атақ даңқың,
Ана жақта ешқандай пайда бермес.
Сылатқандай кекілін кербестінің,
Бұл дүние жаныңа бермес тыным.
Ақылды адам, ақыретке дайындалады,
Ажалы алқымына келмес бұрын.
 
Қарттық жеңіп өткенді толғасаңыз,
Бұндай адам жұртына болмас абыз.
Тоқсан жасқа жеткенің мақтан емес,
Құдайыңа құлшылық қылмасаңыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу