Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  84


Автор: Есбол Бозан

САПАЛЫ ҚАЗАҚ

Иманның дəмін таталық,
Мешітке елді апарып.
Араққа тыйым салайық,
Дені сау Қазақ атанып.
Ғылымның тілін үйреніп,
Жастарды оған сүйрелік.
Беліміз сонда жазылар,
Еліміз жарқын күйге еніп.
Саланы барлық қолға алып,
Жетейік нұрлы жолға анық.
Бүгіннен істі бастайық,
Болашақ үшін толғанып.
Надандық бізге жат анық,
Тастайтын орға апарып.
Абайдың жолын қуайық,
Сауатты Қазақ атанып.
Біліммен көкке ұш, кəні!
Табылып бойдан күш мəні.
«Кредит» деген бұл күні,
Қазақтың болды дұшпаны.
 
Мансапты жаның толғаса,
Мақсатың мүшкіл болды аса...
Көліктен қымбат, не пайда?
Миыңда ақыл болмаса.
Жолымыз Ислам аталық,
Онымен ділің қатар, ұқ!
Алладан ғана қорқайық,
Айбынды Қазақ атанып.
Шұбатпен жөндеп саулығын,
Ұрпағың болсын дəу, мығым.
Ал қыздарымыз үстінен,
Тастамай жүрсін жаулығын.
Ұсынар елге табысты ой,
Ұлдарың болсын намысқой.
Қазіргі кейбір жастардың,
Жағдайы бізге таныс қой.
Қазағым менің нұр қуған,
Шоқандай асыл ұл туған.
Жүз жерден əнші болсаң да,
Біліммен өрлер бұл қоғам.
Ұмтылмай жолға ап-анық,
Жатпасын үйде, «жə, халық!»
Адалдан кəсіп ашайық,
Сапалы Қазақ атанып.
Мұратың болсын бір биік,
Спортқа жұртты үндейік.
Азып-тозып көше де,
Темекі тартып жүрмейік.
 
Қазағым оян, ісіңмен.
Қай елден сенің күшің кем?
Қалғыма енді, көзіңді аш,
Ғалымдар шықсын ішіңнен.
Өз тілін білмеу, ол айып!
Тексіздік елде молайып.
Иманды, күшті, білімді,
Сапалы Қазақ болайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу