Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  88


Автор: Есбол Бозан

АҚЫН

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бишарасы.
Абай



Армысың өнерге жақын жолдас,
Ар-намысты таптауға дəтім бармас.
Өз жаратқан Құдайын танымаса,
Ол адам түбінде ақын болмас.
Арам мен адалды танып алмай,
Жазылған еңбектің мəні қандай?
Адам деген даналықты ұға алмайды,
Құран мен сүннетті қабыл алмай.
Беделің мен құрметің елден алған,
Оны сені сынауы үшін берген Аллам!
Пенделікке бой алдырып, көпшіліктің
Алдында өзіңді көрме маржан.
Бар əлі алынбаған асу қанша,
Дүниелік ермектен қашуды аңса...
Ақын ақын бола ма, адамдардың
Сыны мен пікіріне ашуланса...
 
Имандылық жүрекке от береді,
Ол болмай жеңісте жоқ себебі.
Не пайда қаптаған жазушыдан,
Мансап болса өмірде көксегені.
Ақын болсаң қолына қалам алған,
Үлгі ал, иманды бабалардан.
Əр сөзің шариғатпен шектелмесе,
Біз үшін орның бос, бағаң арзан.
Жинамасаң бойыңа ар азығын,
Үймелейді көзіңе қара шыбын.
Қайбір адам халқынан мадақ күтсе,
Мен оны ақын деуге наразымын.
Болса-дағы ішіңде сан арманың,
Тек қана шындықпен жанар бағың.
Бүгін мен қанша кітап оқысам да,
Лайықты ақынды таба алмадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу