Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  688


Автор: Есбол Бозан

ЕРКЕКТІЛІК

Көрсеткенмен өзіңді қайсар қылып,
Бойыңнан жоғалған жайсаң қылық.
Еркекті ер қылатын көркі емес,
Еркекті ер қылатын – байсалдылық!
Бойыңдағы жиналған пасықтылық,
Тозаққа шақырады асықтырып.
Ойын-сауық, той-думан, арзан күлкі,
Рухыңды баптайды жасық қылып.
 
Алмаған соң ілімді қажет қылып,
Бере алмайсың ұлыңа өзекті үгіт.
Еркекті ер қылатын ақшасы емес,
Еркекті ер қылатын – өжеттілік!
Отбасыңды жүрмесең бақылап түк,
Төге қоймас нұрланып шаңырақ құт.
Еркектің еркектігін, қай кезде де
Тұлғасымен есептеу – ақымақтық!
Көрсеткенмен өзіңді батыр қылып,
Əр басқан ізіңде жатыр бүлік.
Еркекті ер қылатын атағы емес,
Еркекті ер қылатын – ақылдылық!
Саған тисе нəпсінің зардабы шын,
Оған төтеп беретін бар ма күшің?
Нағыз еркек өзінің пайдасынан,
Əрдайым биік қояр ар-намысын.
Жанына қатынды жиған жігіт,
Өтірікті айтады иландырып.
Еркекті ер қылатын шапаны емес,
Еркекті ер қылатын имандылық!
Қайғы түссе арақты сағынатын,
Еркектердің өмірде бəрі қатын.
Еркек керек біздерге, тығырықта
Өз жұртының қасынан табылатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу