Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  302


Автор: Есбол Бозан

АТЕЙСТТЕРГЕ АРНАУ

«Қарсы келіп, аяттарымызды өтірікке шығарғандар, міне солар тозақ иелері. Олар онда мəңгі қалады. Ол неткен жаман орын еді».
«Тағабун сүресі», 10-шы аят
Бір сөз айтам «өтірік» деме маған,
Құдай жоқ деп боласың неге надан.
Жүрек деген расымен соқыр болса,
Аңызға да иланып сенеді адам.
Ақиқаттан бұрғандар басын əрі,
Өтірікті алдыңа ұсынады.
Көп кешікпей түбінде келер ажал,
Сол кезде көздерің ашылады.
Шүкіршілік етпесең барыңа сан,
Ендеше адамдық халің осал.
Қияметте жағдайың не болады,
Жаратқан Раббыңды танымасаң.
 Жер үстінде болғанмен қазір денең,
Сол денеңіз кетеді қабірге ертең.
Жалғыз Алла паңсыңған құлдарына,
Жəһаннамның алауын əзірлеген.
Көз алдыңа көрінсе сағым балдай,
Жүгіресің соңынан жаның қалмай.
Ғафілетте жүрсеңіз қара басып,
Ақыретте болады халің қандай?!
Ілескендер имансыз надандарға,
Жұрт алдында қарғалып, жамандалған.
Қасиетті Құранға қарсы келсең,
Сенен асқан бейшара адам барма?!
Күпірлікке былғанып шөккен төбең,
Ақиқатты жасырып бүккен кілең.
Иманы жоқ адамның дəрежесі,
Өз құсығын асайтын иттен төмен.
Құдай жоқ деп көкитін топқа кеңес,
Керек саған тозақтан сақтану тез.
Бір Аллаға иман ету өзің үшін,
Раббың еш нəрсеге мұқтаж емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу