Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  102


Автор: Есбол Бозан

БӨЛІНБЕЙІК

Кіші жүз, орта жүз, ұлы жүз деп,
Бөлінбейік ағайын, бүлік іздеп.
Жаратқанның алдына барған кезде,
Ислам менен өлшенер кұнымыз тек.
Бойымызда татулық қалмаса түк,
Қайтеміз бекерге алға шатып.
Бəріміз де Қазақпыз ағайындар,
Бір ру екінші рудан болмас артық.
Жұртыңа əрдайым бол ықпалды,
Тіліңмен сыбамай жолыққанды.
Өзінің қандасын сыйламаған,
Отанын да сүймейді толыққанды.
 
Біреу шабар алдыға «Абылайлап!»
Біреу қашар өзінің қамын ойлап.
Сегіз қырлы бір сырлы азаматтың,
Елі үшін жатады жаны қайнап.
Оңбасын елін сатып досын атқан,
Біз мұқият болайық осы баптан.
Бұрынғылар өз жұртының қамын ойлап,
Шаршаған, торыққан, басы қатқан.
Бұл Қазақтың даласын бал дарыған,
Уа, Жаратқан, сақтай гөр, жалбарынам!
Жер бетінен көп халық құрып тынды,
Жік-жікке бөлінудің салдарынан.
Ағайынға көтерсе қылышты кім,
Ол үшін тумасын ырысты күн.
Отауының ішінен ту тіккендер,
Өз елінің қаламас тыныштығын.
Ұялатып достықты көңілге шын,
Бұл Қазағым руға бөлінбесін.
Бұдан былай руға бөлінгендер,
Біржола көзіме көрінбесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу