Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  90


Автор: Есбол Бозан

ЕЙ ҚАЗАҒЫМ!

Ей, Қазағым, ұйқың əлі қанбады ма?!
Елеңдеп қараймайсың жан-жағыңа.
Құмарлыққа салынды ұрпақтарың,
Өмірінен жоғалып мəн мағына.
Келгенімен мен сені мақтағым-ақ,
Жүрегімнен бір күйік ақтарылад.
Алтындатқан астаудан ас ішсең де,
Айта алмайсың шүкірлік Хаққа бірақ.
Ақша келсе көңілді жаз қыласың,
Қайғы келсе өмірді жазғырасың.
Балаң намаз оқыса – тұлданасың,
Қызың қысқа киінсе мəз боласың.
Шындықтың түбіне бойламайсың,
Дүниенің қызығына ой қадайсың.
Өз тарихын ұмытып бара жатқан,
Ұрпағыңның жағдайын ойламайсың.
Қайда кетті ар-намыс бойда қалған,
Керісінше қыңырлық пайда болған.
«Бақытты боп кетпейсің» асыр салып,
Күн сайын мереке тойлағаннан.
Зекет бермей Құдайдың жолында бір,
Талай адам ақшаның соңында жүр.
Қаз-қаз басқан маңғаздай кең далаң да,
Тоз-тоз болып Қазағым халің жатыр.
Апта сайын əн шырқап көп күлесің,
Сол «өмірдің қызығы» деп білесің.
Абай мен Шəкəрімді мақтағанмен,
Сақалды мұсылманды жек көресің.
 
Құлқынына болмаса пенде берік,
Əр нəрсенің артынан сенделер ұқ.
Сатып ала саласың дипломды,
Парақордың қолына теңге беріп.
Ақиқатты көрмесе жанарың түк.
Қу жаның дүниеге болар ынтық.
Жаулықтағы əйелді сөккеніңмен,
Өз қызың не істеп жүр, хабарың жоқ!
Жауап берші сауалыма жарықтым-ай,
Жұрағатың үлгі тұтты халықты қай?!
Жеті атасын танытып балағаттау,
Қазақ үшін бұл күні қалыпты жəй.
Дастарқанға шарапты ап келеміз,
Шошқа етін пышақпен қақ бөлеміз.
Шырылдаған ақынды жат көреміз.
Əншілерге «жұлдыз» деп ат береміз.
Ғылымға болса-дағы жоқ санамыз,
Мақтанған да алаулап от боламыз.
Алған кезде атылған оқ боламыз,
Берген кезде сытылып жоқ боламыз.
Дəріс алса мешітке балаң барып,
Одырайып сол үшін алаңдадық.
Жауапқа тартылмайды ауқаттылар,
Көлікпен жүрсе де адам қағып.
Бала-шаға сериалға құныққасын,
Жаман əдет бастады жұлып қасын.
Болашақта ұрпағың не болады?!
Өзінің мəдениетін ұмытқасын.
 
Құрды дұшпан жолыңа қақпанды мың,
Сондықтан да сен одан сақтан бүгін.
Қайдан білсін бұл Қазақ жер бетінде
Қарусыз соғыс болып жатқандығын.
Көгілдір экраннан жетпек бүлік,
Сондайдан туындайды көкбет қылық.
Соғыссыз жаулау да елімізді,
Шетелдің саясаты ептеп кіріп.
Осының барлығына салып бұғау,
Əділдікке жетсе екен халық мынау.
Құдай берген қазынаға шүкіршілік,
Етпесек оңбаймыз жарықтым-ау!
Ей, Қазағым, төріңде шіркін айран,
Оны есіңнен шығарма бір күн ойдан.
Жалбарынып дұға ет, жұртың үшін,
Жайнамазға жығыл да бір Құдайдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу