Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  84


Автор: Есбол Бозан

КӨЗ АЛДЫМДА

Соқырлығын көріп алып халықтың,
Көңілімде булығады анық мұң.
Өмірден күдер үзген жандардың,
Өтірік күлкісінен жалықтым.
Жерімізге арақ-шарап енгелі,
Елімізде сауатсыздық кернеді.
Кейбір адам ішімдікке салынып,
Болашағын тұңғиыққа жерледі.
Осы күні табу қиын арлыны,
Ұлттық рух оянбады, қалғыды...
Спорт деген түсінікті ұмытып,
Есірткіні кəсіп қылды барлығы.
Қызыл тілмен сұр жебені оқтаған,
Дарақы көп əр адамды боқтаған.
Кальян шегіп азып-тозып жүруді,
Мəдениет деп түсінеді көп надан.
 
Көз алдымда зинақорлар қаптаған,
Көше қаңғып, түні бойы жатпаған.
Қатын сынды жігіттерді көргенде,
Ақылымнан алжасуға шақ қалам.
Осы күні тектілікті кім ұққан?
Əйелдер бар темекіге құныққан.
Анаға тəн қасиетін жоғалтып,
Тазалықтың не екенін ұмытқан.
Бұны ойлап жүрегіме қайғы алам,
Алқаштарға толып кетті айналам.
Саламыз жемқорлықтан көз ашпай,
Баламыз өзге тілде сайраған!
Көргенімді қалың елге шырқайын,
Туындамай отан үшін бір пайым,
Аңқау халық өз тарихын ұмытып,
Мəңгүрттеніп бара жатыр күн сайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу