Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  110


Автор: Есбол Бозан

МОЙЫНДАУ

Даналықтан болған соң аз хабарым,
Өз қатемді айтуға жасқанамын.
Жетпесе екен түбіме қиқарлығым!
Кетпесе екен, айналып тасқа жаным.
Пенде болсам арман жоқ,
Хаққа жақын...
Амалымен шынайы бақ табатын.
Мен бір жүрген адаммын қарапайым,
Ештеңем жоқ өмірде мақтанатын.
Жүрегімді сайтанға бақылаттым,
Күйзеледі қу жаным, қаңырап тым.
Жазушыға бағытым ұқсағанмен,
Шын өмірде наданмын, ақымақпын!
Осы болмақ досыңның күйі нетем?
Сабырлыға Тəңірдің сыйы бекем.
Қанша жерден ғылымға берілсең де,
Ақиқатты мойындау қиын екен.
Шашпаған соң нұрланып,
Жанар жалын...
«Нəпсі» болды іштегі шабарманым.
Сөздерімнен даналық байқалса да,
Əрбір істің байыбын таба алмадым.
 
Иə рас, бұл менің жаңсақтығым,
Шын бақытты келемін аңсап бүгін.
Минут сайын жанымды күйдіреді,
Ақыреттік білімнен алшақтығым.
Кең далада онысыз, шөлдемекпін.
Мен қашан қыр асып, өрге жеттім?
Өз нəпсімнен ұтылып жүрген кезде,
Өзгелерді қалайша жөндемекпін?!
Замандасың бермеді бұрыс хабар,
Ақылды адам өзімен жұмыстанар.
Құдай мені бастасын тура жолға,
Тура жолмен барлығы дұрысталар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу