Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  116


Автор: Есбол Бозан

ЕСЕПТЕСУ

«Қияметте бір адам сауап дəптерінде жасамаған ғибадаттарын көреді. Бұлар сені ғайбаттаған адамдардың сауаптары» — делінеді.
(хадис)
 
Біреу мені қаласа өсектесін,
Қажет болса тас алып кесектесін.
Алайда, Алла алдына барған кезде,
Қанша сауап береді...
Есептесін..!
Біреу мені тілдесін, жамандасын,
Сабыр керек, ар керек адамға шын.
Сен менің сыртымнан ғайбат қылсаң,
Маған сауап жинайсың, замандасым!
Сөз айтып сүйектен өтердей кім,
Қайбір адам жеңіске жетер дейсің?
Елдер мені қаласа табаласын,
Мен олардың күнəсін көтермеймін!
Көбісінен жоғалып дархан айбын,
Ойланбастан пендеге артады-ай мін.
Ғайбатшыға ғайбатпен жауап берсем,
Менде оның күнəсін арқалаймын.
Ар-ожданын таптама еш пенденің,
Келсе егер иманмен төске өрлегің.
Қияметте əр сөздің есебі бар,
Мен осыны сіздерге ескертемін!
Зұлымдық қай жанды биіктетер?
Керісінше күнəні үйіп кетер.
Беттен алып сыбасам «даттағанды»
Барлық жиған сауабым күйіп кетер
Тарқамаса жүректен кейіс бүгін,
Қадірі жоқ нəрсемен жиысты құн.
Жеткім келсе бақытқа, адамдарды
Бір жола кешіруге тиістімін!
 
Қалдырмайын ақылдан өзімді ұмыт,
Көрші-көлем түсінер сөзімді ұғып.
Қандай сынақ келсе де, ең бастысы,
Алла берсін бойыма — төзімділік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу