Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  186


Автор: Есбол Бозан

ИМАН ЕТТІМ АЛЛАҒА

Оқушы кезімде ғарышқа қарап терең бір ойға батушы едім. Мына ғаламат ғарыш кеңістігі қалай жаратылған деген ойлар өн бойымды баурап алған еді. Оның шегі қайда екен дегендей толғаныс тудырған ойларыма ғылым жауап бере алмады. Шамама қарамай ғарышкер болғым келді. Сарсаңға салған сұрақтарыма жауап іздегім келді. Мен түгілі бүкіл адамзат жабылып ғарыштың шегіне жетуге ғұмыры мен қоса шамасы жетпейтіндігін түсіндім. Бұған ешқандай күдігім жоқ. Бір дəрменсіз құл екенімді түсіндім. Əрбір ғаламшар өз орбитасымен бір қалыпты үйлесімде айналып тұр. Біріне-бірі соқтықпайды. Күннен қаншама мың есе үлкен алып жұлдыздар бар. Сол жұлдыздарды   жерден тұрып қарасаңыз аспанда кішкентай болып көрініп тұрады. Осының бəрі өздігінен пайда болды деу, ол ақымақ адамның сөзі. Осының барлығын жасауға тек Ұлы жаратушы Аллаһ Тағаланың құдіреті жетеді. Сол кезден бастап Алланың бар екеніне сендім! Одан басқа құдай жоқ екеніне сендім! Аллаһ Тағала Құранда былай дейдi: — «Ол сондай Аллаһ, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан. Рахманның жаратқанынан ешқандай ақау көре алмайсың». Мүлік сүресі, 3-ші аят.
Иман еттім Аллаға,
Мен оқушы кезімде.
Көріп шексіз ғаламды,
Шілденің сұлу кешінде.
Аспанға қарап ойландым,
Тұрғанда көгім анық боп.
Ғарышқа іліп қойған кім,
Ай мен күнді жарық қып.
Мен өзімнен сұрап ем,
Топшыладым сəл ойша.
Пайда болды бұл əлем,
Өздігінен қалайша?!
- деген ойлар үздіксіз,
Қиялымды қопарды.
Осы ойлар Алланы,
Мойындауға апарды.
Одан кейін ащы арман,
Ғайып болды қарағым.
Жол бетінде тас жарған,
Өсімдікке қарадым.
 
Бұл не деген керемет,
Таң қалдырған халықты.
Қылдан нəзік өсімдік,
Тастың бетін жарыпты.
Мына ғалам, лағыл тас
Безендірген ішін мың.
Рахманның мейірімі
Екендігін түсіндім!
Іздеп жүрген жауабым,
Құраннан табылды-ақ.
Иман еттім Аллаға,
Ислам дінін қабылдап.
Үлгі тұтпай жолды өзге,
Жат көрінді бүкіл дін.
Сталиннің сол кезде,
Кітабына түкірдім.
Атейсттік қоғамның,
Өсегіне сенбедім.
Құдіретті Аллаға,
Иман еткен пенде едім.
Бар ішіңде бір кеміс,
Болса егер жүрек тар.
Жер бетінде білсеңіз,
Көрінбейтін бөгет бар.
Ол бөгетің қапсырып,
Жердің жүзін торлайды.
Күннен келген зиянды,
Сəулелерден қорғайды.
 
Əлің жетсе көр кісім,
Керек десең айдан ас.
Жаратқанның белгісін,
Соқыр ғана байқамас.
Жауап берші сен маған,
Ғалым болсаң əйгілі.
Мына шексіз кең ғалам,
Пайда болды қай жылы?!
Жүректерің тастан ба?!
Жылуы жоқ бір құнды.
Алла жоқ деп аспанда,
Келтірмеші күлкімді.
Иман еттім Аллаға,
Мен оқушы сəтімде.
Соқыр болып ермедім,
Көшедегі əркімге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу