Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  240


Автор: Есбол Бозан

АДАСУ

Талай тілек айтылып,
Талай думан өтті көп.
Айта алмаймын сол кезде,
Төбем көкке жетті деп.
Шырқалса да жарқын əн,
Ашылмады бар тұман.
Сенделіппіз көз жұмып,
Сағымдардың артынан.
Сөз ұсынса алғаш кім,
Микрофонға жармастым.
«Ойын-сауық» - өмірдің,
Қызығы деп алжастым.
Дүние деген терең сай,
Жиегінде келем жəй.
Көрінгенмен дос болып,
Қателестім мен оңбай.
Қонбағасын ойға түк,
Барған едім тойға көп.
Қиқар мінез көрсету,
Еркектік деп ойладық.
Қолын берсе күліп кім,
Соны жолдас қылыппын.
Көше кезіп таң бойы,
Білім жолын ұмыттым.
Сағат санап өтер күн,
Қате кетті менен тым.
Сатқындықты достықпен
Шатастырған екенмін.
Адасыппын демек көп,
Ақыл ойды бөлектеп.
Жігіт болу үшін де —
Шылым шегу керек деп.
Ойға еріп бейнетті,
Өн бойымнан күй кетті.
Осы істің барлығын,
«Теледидар» үйретті.
Мына тобыр қоғамда,
Ермеу үшін наданға.
Ең бірінші иманмен,
Білім керек адамға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу