Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  111


Автор: Есбол Бозан

МҰНАРАДАҒЫ ОЙ

Қараңғы түн. Қала іші қарбалыс,
Алып ұшқан көліктер де жоқ тыным.
Сол көліктен «бақи» деген жолға алыс,
Сапар шегіп кеткендер де көп бүгін.
Қағанағы қарық болып – байлыққа,
Талай жанның атақ-даңқы айға ұшты.
Ақырында сол адамның өзі де —
Қара жердің қойнауына жайғасты.
«Күлкі-думан» белгісі емес бақыттың,
Ғибадаттан құралмаса ғұмыры.
Масайғандар көк ақшаның буына,
Уақыттың қайдан білсін қадірін.
Аңсағанмен алтындатқан тақ басын,
Ақиқаттың ауласынан ығып кеп.
Ұжмақтың көре аламыз бақшасын,
Иман деген асқар тауға шығып тек.
Мұнарада өтіп жатыр түндерім,
Аяз ұлып қабырғадан сыздауық.
Күлкі баққан алданышқа ерем деп,
Құлшылықтан алыстаған тым қауіп.
Ақ теңіздің жағасын да дем алып,
Апта сайын айналсаң да жат елді.
Ақылыма жүгінем деп өзімнің,
Ақыретті ұмытқаның қатерлі.
Бағытым басқа арнаға ауды ма,
Шабытым соқпай отыр еш бүгін.
Күні кеше жұмыстағы ағамның,
Өмірден қайтқандығын естідім.
Суық хабар кімнің бойын жылытар,
Уақыт деген арыстанды кім ұтар?!
Адам деген арман қуып кетсе егер,
Ажалының келетінін ұмытар.
Жайған едім жер бетіне менде өркен,
Алдымда емтихан бар енді үлкен.
Жалғыз Алла, иман еткен құлдарын,
Жəннатына кіргізеді ең көркем.
Көңілімнің кемеріне келді күз,
Ислам болып қалса екен мендік із.
Екі ел бар: Жəннат жəне жəһаннам!
Қайсына баратыным белгісіз.
Бірақта үміт етем жəннатты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу