Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  112


Автор: Есбол Бозан

ФƏНИ

Көзімде қалғып көмес мұң,
Жүректе қалды жалын қай?!
Көзімді ашсам жоқ ешкім,
Замандар өтті сағымдай.
Жауһарды жиып алғаннан,
Иманым өспес тап менің.
Бес күндік мына жалғаннан,
Бұйыратыны түбі ақ кебін.
Ғұмырлар өшіп қасқағым,
Келмеске кетті ол – анық.
Кешегі менің достарым,
Көзімнен жатыр жоғалып.
Фəниден сөзсіз кетемін,
Қара жер мені жұтқасын.
Көздерге тұрып төте мұң,
Артымда қалып отбасым.
Бес күндік ғұмыр бақиға,
Тартылған ұзын жол екен.
Аллаға тағзым етпесең,
Өмірдің мəні жоқ екен.
Жаратқан өзі сақтасын,
Өмірде бейқам жүруден.
Жүректі қара тот басып,
Шайтанға құлақ түруден.
Сарайды біздер десек «тар»,
Қайтатын жерді «көр» дейді.
Өлген соң саған есеп бар,
Он жерден патша бол, мейлі.
Ойымыз болып тек айла,
Сауықты жүрсек ұмытпай.
Өлгеннен кейін не пайда?
Өмірден кетсек түк ұқпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу