Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  123


Автор: Есбол Бозан

ЖАПЫРАҚ ҒҰМЫР

Жазды күні көбелек гүлге көшкен,
Жаңбыр суын теректер шөлдеп ішкен.
Кенеттен күз келді атырапқа,
Жапырағы үзіліп жерге түскен.
Асыққандар фəниден бақ табуға,
Тұзағына сайтанның шақ қалуда.
Талайы мезгілінен ерте солып,
Армандары аяқ асты тапталуда.
Қалың тұман басқанда аймақты анық,
Бұлттар тұрды аспанда қаймақтанып.
Жапырақты самал жел жоғалтады,
Жанарыңнан жыраққа айдап салып.
Жалған өмір болмаса айдан əсем,
Сен оған көзіңді байламас ең.
Бірақта, бұл дүние көз алдымда,
Мəңгілік тұрады деп ойлама сен.
Жастық шақта жайқалып гүлдейсің де,
«Жоқ» боласың бір күні, шөлдейсің де.
Қыркүйекте бақтарды үсік шалып,
Əпсəтте солғанын көрмейсің бе?!
Бүгінге қалжырамай тұрса тəнің,
Күні ертең келері хақ бір сапарың.
Адамдардың ғұмырын – үзілгелі,
Тұрған бір жапыраққа ұқсатамын.
Мəңгі мұнда жасапты қай ағамыз?!
Біз де ертең сұр түске бояламыз.
Жапырақтар көктемде тірілсе егер,
Ал, біздер Ақыретте оянамыз.
Жапырақтың анық қой халі бізге,
Сол жапыраққа ұқсаймыз бəрімізде.
Анау тұрған қураған теректерден,
Ғұмырыңның бес күндік мəнін ізде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу